Ақылды технология: алғашқы адымдар

461

0

Инвестициялық форум аясында «Цифрландыру. Smart city» тақырыбында секция жұмысы өтіп, «ақылды қаланы» қалыптастыру, дамыту мәселелері талқыланды. Жиынның модераторы Сергей Становкин негізгі салаларды цифрландыру аймақтың ғана емес, тұтас ел тұрғындарының өмірін жақсартатынын атап өтті.
Секцияда облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен «Smart city» тұжырымдамасы аясында облыста іске асырылып жатқан жобалар туралы баян етті.
Бүгінде аймақта білім беру, ден­саулық сақтау, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, көлік жә­не қауіпсіздік, бизнес салала­рында жалпы құны 4,4 млрд теңге болатын 40 жоба жүзеге асырылуда. Білім беру саласы бойынша 293 мектепте «Күнделік» электронды журналы іске қо­сылған. Ал, денсаулық сақтау сала­сында «Damumed» мобильді қо­сымшасының пайдаланылуы ме­дицина қызметкерлері мен па­циенттердің уақыт үнемдеуіне, жыл­дам ақпарат алуына мүмкіндік береді. Саланы цифрландыру емде­лушінің электронды түрде дәрі­герге алдын ала жазылып, элек­т­ронды денсаулық құжатының жасалуын қамтамасыз етті.
Алдағы уақытта қауіпсіздік са­ласын цифрландыру аясында 5 жоба жүзеге асырылмақшы. 2020 жылдың соңына дейін 1400 бейнекамера орнатып, облыс орталығында жол қозғалыс ережелері бұзушылықтарын тір­кей­тін 31 жүйені іске қосу жос­пар­лануда. Сондай-ақ, пило­ттық режимде 112 бірыңғай диспет­черлік қызметі іске қосылып, ол жедел жәрдем, полиция, төтенше жағдайлар, өрт сөндіру, газбен қамту, анықтама қызметін бірік­тіреді.
Евгений Кимнің айтуынша, өнеркәсіп саласын цифрландыру шеңберінде «Қазгермұнай» БК» ЖШС мұнай өндіруді 1-2 процентке дейін ұлғайтуға, жөндеуаралық кезеңді 700 күнге дейін ұзартуға, операциялық шығындарды 10 процентке дейін қысқартуға және басқарушылық шешімдердің тиім­ділігін 20 процентке дейін артты­руға мүмкіндік беретін «Ақылды кен орны» технологиясын енгізу бойынша жұмыстар басталды.
Жиында АҚШ-тан келген «4Kz Inc» турагенттігінің өкілі Кореи Дикинсон туризм саласындағы цифрландыру жұмыстары турасында хабарлама жасады. Оның айтуынша, Қазақстанда туризм саласын дамыту мүмкіндігі мол. Ел мәдениеті, табиғи ландшафтары мен өзен, көлдері, ұлттық асханасы туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Алайда, аймақтарда турагенттіктер жұмысының жа­ңа технологиямен қамтамасыз етілуі жоғары деңгейде емес. Сон­дықтан жұмыс барысымен ғана сапарлайтын туристерден гө­рі елге ішкі қызығушылығымен ке­летін шетелдіктер санын арттыру мақсатында аймақ туралы ақпаратты бірнеше тілде ұсынып, ақпараттық сайт жұмыстарын жан­­дандыру қажет. Аймақтың тар­­тымдылығын арттыру үшін брен­­дингке мән беру керектігін де ба­са айтты.
Ал «Цифрлық өн­діріс» DF/PD де­партаментінің «Sie­mens» ЖШС дирек­торы Роман Му­хортов қаладағы және индустриядағы цифрландыру жұ­мыстары туралы сөз қозғады.  Қазіргі уақытта «Siemens» ком­паниясы әртүр­лі салаларда цифрландыру жұмыс­та­рын жүргізуге мүмкіндік беретін құрал-жаб­дықтарға ие.
Жиында Тракия универси­тетінің про­фессоры, PhD док­торы Эмиля Ди­мово «ақылды қала» жобасы бойын­ша Болгарияда жүзеге асырылған жұмыстармен таныс­тырды.
 Жалпы «ақылды қала» болып саналатын София қаласында ел компаниялары шетелдік компаниялармен бірлесіп, сала бойынша үлкен деректерді қорғаудың бірнеше аспектілерін және көлік пен жол қатынасына бағытталған бірнеше бағдарламаларды жүзеге асыруда. Профессор бұл қалада қоғамдық көлік билеттерін смартфондағы мобильді қосым­шалар арқылы сатып алуға болатынын, автобустардың келуі туралы ақпарат алдын ала берілетінін, смартфоны жоқ тұрғындар QR коды бар қағаз билет алатынын да атап өтті.
Секция барысында мұнан өз­ге «Барс групп» ЖАҚ депар­та­мен­тінің директоры Ильгар Юсуф­заде құрылыс саласындағы цифр­ландыру, «Ақпараттық технологиялар орталығы «ДАМУ» ЖШС техникалық директоры Талғат Елеманов «Денсаулық сақтау саласында басқару жүйесінен цифрлық экожүйеге өту», «Астананың тұ­рақты даму орталығының» ЖШС жоба үйлестірушісі Виталий Пус­то­вой­тенко «Smart city» интег­ра­ция­ланған ақпараттық жүйе» тақырыбында хабарлама жасады.

Айдана Жұмадинова,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<