БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

945

0

 Елбасы  «Жаңа онжылдық  – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 2020 жылы елімізде бұқаралық спортпен шұғылданушыларды 30 процентке  жеткізуді жүктеген болатын. Осы ретте облыстық мәслихат жанынан құрылған уақытша комиссия барлық аудандарды аралап, Мемлекет басшысы міндеттеген мәселенің дамуымен танысты.

Комиссия отырысы әуелі облыс орталығында өтті. Қызыл­орда қаласында спортпен шұғыл­данушылардың саны артып келеді. Бұл туралы уақытша комис­сия отырысында қала әкімі­нің орынбасары Ш.Байманов хабарлады.

Оның айтуынша, 2016 жылы бұқаралық спортпен айна­лысатындар қатары 5208 адамға артып, 74652 адамды құраған. 2017 жылы бұл көрсеткіш 6313 адамға көбейгендігін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептерде 361 спорт үйірмесі бар, оған 25287 оқушы қатысады.

Бұқаралық спортты дамыту­дың алғы шарттарының бірі спорттық ғимараттарға қол­жетімділік. Бұл тұрғыда қалада 610 спорттық нысан бар. Оның ішінде, 3 стадион, 7 спорттық кешен, 108 спорт залы, 6 бассейн, 1 хоккей корты, 2 ату тирі, 8 теннис корты, 85 қосымша салынған және лайықтандырылған ғи­ма­раттар, 388 қарапайым спорт алаңы, бір жеңіл атлетикалық манеж жұмыс жасайды.

Хабарламадан соң уақытша комис­сия төрағасы К.Үйреков пен облыстық мәслихат хат­шы­сы Н.Байқадамов бастаған комис­сия мүшелері және жиын­ға қа­тысушылар бірқатар сауал­дар жол­дады. Қаланың шет аймақ­тарын­дағы балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау, халқы көп Белкөл мен Тасбөгет кентіне спорт алаңдарын салу, ол үшін арнайы ма­мандар мәселесін шешуге ұсыныс білдірді.

Қармақшы ауданында спорт­пен шұғылданушылар саны 2016 жылы 26 процентті құраса, 2017 жылы 27,1 процентті көрсетіп отыр. Арнайы білім ошақтары мен спорт мектептерінде бар­лығы 137 спорт алаңы жұмыс жасайды. №15 аудандағы оли­м­пиа­далық резервтің ма­ман­дан­дырылған балалар-жас­өс­пі­рімдер мектебінде 862 оқушы спорттың 13 түрімен, №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 542 оқушы спорттың 5 түрімен, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің “Спорт клубында” 208 спортшы спорттың 4 түрімен айналысады. Биыл Жосалы кентінің тапсырысымен демалыс саябақтарына 2 жиынтық көше тренажерлы құрылғылар салынады деп күтілуде. Ауданда өткен жиында осындай мәлімет айтылды. Десе де, аталған салада шешімін табуға тиіс мәселелер де жоқ емес. Бұл тұрғыда облыс­тық мәслихат депутаты Ш.Әбдікәрімов бұқаралық спортты жас ерекшелігіне қарай дамытуды, депутат А.Дәуленбаев қоғамды байланыстыру мақсатында спорт алаңдарын көбейту мен Ақтөбе ауылына спорт алаңының салыну қажеттігін баса айтты. Сонымен бірге тұрғындар тарапынан №30 мектеп жанынан заманға сай жаңа спорт алаңының салу және Тұрмағанбет ауылындағы құ­рылысы аяқсыз қалған спорт кешенінің толық аяқталуына қаржы бөлуге ұсыныс білдірілді.

Дәл осындай жиын Сырдария ауданында да өтті. Онда аудан әкімінің орынбасары Б. Лекеров аталған бағыттағы жұмыстардың мән-жайын баяндап берді. Мем­лекеттік – әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Елбасы Жолдауынан туындайтын бұқаралық спортты дамыту үшін өңірге облыстық бюджеттен осы жылы 11,1 млн теңге бөлінген. Жоба аясында Тереңөзек кенті мен 13 ауылдық елді мекенде 26 спорт нұсқаушысы 4000-ға жуық аудан тұрғындарын спортпен шұғылдандыруда. Бүгінгі сәтте 128 спорт нысаны жұмыс жасайды. Соңғы үш жылда 3 спорт нысаны пайдалануға берілсе, қазіргі уақытта Ақжарма ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Тұрғындардың кө­шедегі спорттық нысандарға қолжетімділігін ар­тыру мақса­тында орталық демалыс паркінен воркаут алаңы және спорт кешені жанынан 2 стритбол алаңы салынатын болады.

Арал ауданында 87 дене шынықтыру ұйымы жұмыс жүр­гізеді. Оның ішінде 50 жалпы білім беретін мектептер, 2 бала­лар мен жасөспірімдер спорт мек­тебі, 2 колледж,  32 мекеме мен кәсіпорын және бір денешы­нықтыру-сауықтыру клубы бар. Арал ауданы тұрғындарына бұқаралық спортты насихаттауда 2009 жылдан бері аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің “Спорт клубы” МКМ қызмет көрсетеді. Клубта ролик, скейтборд, футбол алаңы, тұрғындар үшін стандартқа сай емес ашық спорт алаңдары, балаларға арналған ойын алаңы, мұз айдыны жұмыс жасайды.

Спорт ғимараттарына мүм­кіндігі шектеулі азаматтарға кіруге жағдай толық қарас­тырылған.

Бұқаралық спортты дамытуға байланысты комиссия отырысы Жаңақорғанда да өтті. Өткен жылы мұнда 3 стритбол алаңы, балалар ойын алаңы бой көтерген. Білім беру мекемелерінде 226 спорт ғимараты жұмыс жасайды. 9936 оқушы спорттың 11 түрімен айналысып отыр. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік негізінде 3 спорт кешені пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы 2017 жыл аудан халқының 27 проценті спортпен шұғылданған. Дегенмен, тозығы жетіп, жөн­деуді қажет ететін алаңдар да жетерлік. Мәселен, ауданның елді мекендерінде орналасқан 46 жасанды жамылғысы бар спорт алаңдарының  5-і ғана пайдалануға жарамды болса, 33-і күрделі жөндеуді, 8-і ор­таша ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Апатты деп та­ныл­ған орталық стадион бү­гін­де бұзылып, нәтижесінде бел­гіленген спорттық жарыстар өткізілмей отырған көрінеді. Жиын соңында баяндамашы, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Рахымжановқа сұрақ­тар қойылып, қатысушылар тарапынан комиссия мүшелеріне орталық стадионның қайта бой көтеруіне қаржы бөлінсе деген ұсыныстары айтылды.

Жалағаш кентінде 1500 орын­дық стадион жұмыс жасайды. Ауылдық жерлерде 6 футбол алаңы, 27 әмбебап кіші футбол алаңы бар. Білім саласы бойынша 23 спорт залы тіркелген. Биылғы жылы “Рухани жаңғыру” бағдар­ламасы аясында  “КАМ” мұнай компаниясының директоры Б.Несіп­­баевтың қолдауымен кент орталығына түрлі тренажер­лар­мен жабдықталған спорт алаңын салу көзделуде. Мұндай жақсы жаңалық Таң ауылында да орын алуда. Облыстық мәслихат де­пу­таты И.Шағыртаевтың кө­­ме­­гі­мен спорт кешені ауыл тұр­ғындарына пай­да­лану­­ға бе­рілді. Қазіргі таңда мем­ле­кет­­тік-жекеменшік әріп­тестік ая­сында аудандық ескі автобаза ғимараты мен Еңбек ауы­лындағы ескі аурухана ғима­раты күрделі жөндеуден өтіп, спорт кешеніне ыңғайластыру жұмыс­тары жүргізілуде. Қарапайым аулалық снарядтар мен трена­жерлерді бақтар мен демалыс орындарына салу жұмыстары да жоспарлануда.

Шиелі ауданында да спорт­тық инфрақұрылымды дамы­туға ерек­ше көңіл бөлінуде. Заманға сай алаңдар, стадион мен дене шы­нықтыру және сауықтыру алаң­дары жыл сайын салынып, халық игілігіне беріліп отыр. Мәсе­лен, өткен жылы мемлекеттік- же­кешелік әріптестік аясында Ақмай ауылында 60 млн, Алғабас елді мекенінде жобалық құны 42 млн теңге болатын спорт кешендері салынған. Биыл да бұл жұмыс өз жалғасын тауып Еңбекші ауы­лында жаңа спорт нысаны пай­далануға берілді. Оған қоса Жөлек, Бестам, Төңкеріс, Нартай ауылдық округтерінде спорт кешенінің  құрылысы жүруде. Сонымен қатар, аудан орталығы мен Гигант ауылдық округінде жабық бассейн салынып жатыр.  Аталған нысандар жыл соңына дейін беріледі деп күтілуде. Жалпы ауданда  спортпен шұғылданамын деген тұрғындарға барлық жағдай жасалғандығын аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Н.Сапарбайдың баянда­масынан байқауға болады.

Қазалы ауданында  бұқаралық спортпен айналысушылар саны 27,2 процентті құрайды. Аудан бойынша 30 спорттық жасанды алаң бар. Оның 27-сі 2011-2013 жылдары елді мекендерде әмбебап жасанды жасыл алаң салу бағдарламасына сәйкес салынған. Ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында Бекарыс­тан би ауылында №18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қазақ күресінің бөлім­шесі жұмыс жасауда. Жеке­шелік әріптестік негізінде Әйтеке би кентіне жаттығу залы мен бас­сейн салу жоспарлануда.

Жалпы уақытша комиссия­ның бастамасымен қолға алынған бұ­қаралық спортты дамытуға бай­ланысты мәселелер облыстық мәслихаттың сессиясында қарала­тын болады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

 “Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<