БАТЫРХАН ШӨКЕНОВТІҢ БҰҒАН ДЕЙІН ОРЫНДАЛМАҒАН ӘНДЕРІ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАДЫ

297

0

«В нас вселяют любовь» атты Батырхан Шөкеновтің еш жерде орындалмаған 11 әні енген альбом 20 мамыр күні жарыққа шығады. Бұл жайында Б.Шөкенов атындағы «Отан – Ана» атты ІІ республикалық әншілер конкурсы алдында өткен баспасөз конференциясында қор директоры Олжас Байқанов мәлімдеді.

 Естеріңізге сала кетсек, конкурс Қызылорда қаласында өтуде. «Отан – Ана» конкурсына арналған баспасөз конференциясына Дильназ Ахмадиева, Ринат Гайсин, Рүстем Нұржігіт, Сағынай Абдулин және Ержан Әбдрахманов қатысты.

– Соңғы жылы біз Батырдың жаңа альбомы бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Бұл жинаққа бұрын-соңды ешкім естімеген 11 жаңа әуен енеді. Ал, 20 мамыр күні Мәскеуден әндер жинақталған диск жеткізіледі. Бұл жинаққа Қазақстан ғана емес, көптеген елдердің мамандары бірлескен үлкен топ жұмыс жасады, – деді Олжас Байканов.

Сонымен қатар, Батырхан Шөкеновпен тығыз әріптестік жұмыс жасаған композитор Ринат Гайсин әншінің тағы да бірнеше әнін өңдеп, жаңартып шығаратынын жеткізді.

– Біз ұзақ уақыт бірлесіп жұмыс жасадық. Мен Батырға арнап бірнеше ән шығардым. Мәселен, бүгінгі конкурста оған арнап жазған «Астана» әні орындалады. Конкурс аяқталған соң, мен Прагаға барып, студия архивінде сақтаулы Батырдың бірнеше әнін жаңартып, қайтадан өңдеймін. Қандай ән екенін әзірге айтпаймын, құпия болып қала берсін, – деді Ринат Гайсин.

Естеріңізге сала кетсек, Қызылордада 16-18 мамыр күндері облыс әкімдігінің қолдауымен Б.Шүкенов атындағы «Отан – Ана» атты ІІ республикалық әншілер конкурсы өтуде.

Оған еліміздің барлық өңірлерінен және Өзбекстан мемлекетінен 25 орындаушы қатысуда.

Конкурс талабы бойынша, қатысушылар 2 ән орындайды, оның бірі Батырхан Шөкеновтің репертуарынан болуы керек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<