Елбасы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

323

0

  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтемемен.

«Құрметті отандастар! Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл шынайы жалпыхалықтық мереке отаншылдығымыздың, туған жерге деген сүйіспеншілігіміз бен адалдығымыздың жарқын символы болып саналады. Бірлік пен келісімнің арқасында біз тәуелсіз мемлекет қалыптастырып, зор жетістіктерге жеттік. Әлемге танылып, биік беделге ие болдық» делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Елбасы құттықтауында бірлік пен келісімнің маңыздылығын толық ұғыну – еліміздің үйлесімді әрі орнықты дамуының негізгі факторы екендігін атап өтті.

«Бірлік, достық және өзара сыйластық болған кезде ғана біздің кең байтақ ортақ отанымыз – Қазақстан Республикасы мол байлық пен бақ-берекеге кенеледі. Осы маңызды құндылықтар қоғамымыздың дүниетанымын анықтап, оның одан әрі біріге және жұмыла түсуінің айқын бағдары болады» деп жазылған хабарламада.

Сөз соңында ҚР Президенті Мемлекет өмірінің барлық саласындағы ауқымды жаңару жаңа белестерді бағындырып, жеңіске жету жолында бірлігіміз бен тұрақтылығымызды нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<