«КОРОНАВИРУС»: қорғанудың жолы қайсы?

611

0

Дүйім дүниені дүрліктіріп, дүрбелеңге салып, үрей туғызып тұрған соңғы кездердегі оқиға – «Коронавирус». Коронавирус сөзі «табиғат апаты», «қаржы дағдарысы», «терроризм», «зілзала», «цунами» және т.б. қорқынышты сөздерден де қатерлі болып әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселеге айналып барады. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, мәселенің байыбына барып, зерттей бастағандағы білгеніміз мынау. Ауру қоздырғышы – вирус. Табиғатта ауру тудыратын микроорганизмдер өте көп: бактериялар, коккалар, бациллалар, рикетсиялар, хламидиялар, саңырауқұлақтар, микоплазмалар, вирустар деп тізбектеліп кете береді. Бұлардың ішіндегі ең күрделілерінің біріне вирустар жатады. Вирустар басқа микробтарға қарағанда ең ұсақтары, егер басқа микробтарды микроскоппен ғана көретін болсақ, ал вирустардың ұсақтығы соншалықты оларды тек электронды микроскоппен ғана көруге болады.

Вирустардың басқа микроорганизмдерден ерекшілігі сол, олар бактериялар өтпейтін арнаулы сүзгілерден өтіп кетеді, зертханаларда қолдан жасалған жасанды қоректік орталарда өсіп-дамымайды, тек тірі торшаларда ғана тіршілік етеді, тірі немесе структурасы алдын ала бұзылып, ұнтақталған ұлпаларда, тауық жұмыртқасының эмбрионында ғана өсіп-өне алды. Вирустарды 1842 жылы Д.Ивановский  ашқан болатын. Алғашқыда оларды вирустар, яғни «у» деп атады. Қазір олардың түрі 200-ден асып кетті.

Вирустарды зерттейтін ғылым­ды вирусология деп атайды. Құрамындағы қышқыл түріне байланысты Рибонуклеинді (РНҚ) және дезаксириболнуклеинді (ДНҚ) деп екі топқа бөледі. Вирустарда өз кезегінде ортапоксвирус, герпесвирустар, аденовирустар, парвовирустар, реовирустар, парамиксовирустар, ортомиксовирустар, коронавирустар және т.б. болып бөлініп кете береді.

Вирустар микроор­ганизмдер­дің басқа түрлеріне қара­ған­да өте күрделілігімен, зардап­ты­лығымен және тез жұқ­қыш­ты­ғымен ерекшеленеді. Адамзат тарихындағы жүздеген, мың­да­ған емес, тіпті миллиондаған адамды өлімге ұшыратқан эпи­демиялық, пандемиялық жағ­дайлар осы вирустардың әсе­рінен болған. Егер ауру бір ел­дің едәуір бөлігін қамтыса, оны «эпидемия» дейді де, егер бұл құбылыс бірнеше елді қам­титын континенттік деңгейге дейін жетсе – «пандемия» деп аталады. Жануарлар арасындағы мұндай жағдайды сәйкесінше «эпизоотия» немесе «панзоотия» дейді.

Әріге бармай-ақ, соңғы жүз жылдан бергі ғылыми деректерде вирустар миллиондаған адамдардың көзін жойғандығын көрсетеді. Өткен ғасырдың 18-19 жылдарында болған «Испанка» пандемиясының негізгі себебі тұмау ауруының (H1N1) штаммы  болып, соның салдарынан ауруға шалдыққан 550 миллион адамның 50 миллионы өлімге ұшырады. Кейбір деректерде 100 миллион деп айтылады. Ауру Еуропа, Азия асып, тіпті Америкаға дейін жетті. 1957-1958 жылдардағы Азия тұмауынан (H2N5) – 70 мың, 1968-1969 жылдардағы Гонконг тұмауынан (H3N2) – 37 мың, 2003-2009 жылдардағы құс тұмауынан (H5N1) – 360 адам, 2009-2010 жылдардағы шошқа тұмауынан (H1 N1) 2600 адам өмірімен қош айтысты.

Дәл қазіргі дүниені дүрлікті­ріп жүрген коронавирустар өте аз зерттелген вирустарға жатады. Ашыл­­ғанына да көп бола қойған жоқ, 1968 жылы ғана жеке топ ре­тін­де бөлінді. Коронавирус дей­тін себебі ауру қоздырғышын элект­ронды микроскоппен қара­ғанда вирустың антигендік құ­рылымы (нуклео­капсид) орта­сы дөң­гелектеніп келіп шет жақта­­рынан жан-жаққа қарай бұтақ тәрізді өсінділер тарайтын­дық­тан, оны коронаға (қазақша тәж­ге) ұқсатып коронавирустар деп атап кеткен.

Коронавируспен адамдар, ірі қара, түйе, шошқа, ит, мы­сық және т.б. жануарлар ауы­рады. Негізінен ты­ныс алу, ас қорыту, жүйке жүйесін көп зақымдайды. Ауру көп жағдайда жеңіл өткенімен, олардың кей­бір штаммдарынан күрделі ас­қынулар пайда болады. Мута­цияға өте бейім келеді, бір түр­ден екінші бір түрге жылдам өзгеріп, алғашқыда жануарларда, соңынан адамдарда, белгілі бір уақыттан кейін қайтадан жан­уарларда ауру тудырады.

«2019-nCoV Ухань коронавирусы» деп аталатын жаңа коронавирус алғаш рет 2019 жылы бөлінді. Бірінші рет онымен ба­лық базарына барған адамдар ауырды, адамдар ауруды жа­нуар­лардан жұқтырды деген болжам бар. Бірақ қандай жан­уар екені айтылмады. Ақпарат құралдарының деректері бо­йынша айтылған базарда теңіз сүтқоректілерінен басқа, жарқа­нат, тауық, қоян, жылан және т.б. жануарлардың басқа да түрлері сатылған. Осы жануарлардың бірі ауру ошағы болуы мүмкін, вирус зооноз ретінде жануарлар мен адамдар арасындағы байланыстан немесе көптеген микробтар тәрізді ауалы-тамшылы жолдар арқылы тараған. 2020 жылы дәрігерлер вирустың адамнан адамға жұғатынын дәлелдеді.

Негізгі жұғу жолы ауалы-тамшылы, яғни адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде жұға­ды. Сирек жағдайларда болса да жұғудың контактілі түрі де кездеседі. Тыныс алу, ас қорыту және жүйке жүйесінің ішіндегі ең көп зақымдалатыны – тыныс алу жүйесі.

Аурудың белгілері өкпе қа­бы­нуының және жедел рес­пи­ра­торлық синдромның ауыр тү­рінің белгілеріне ұқсас келеді. Ауырған адамда құрғақ жөтел пайда болады мұрыннан су ағады, тамағы жыбырлайды, тем­пература 380С және одан да жоғары болады. Тыныс алу қиындап, ауа жетпей қалады, адамның көкірек тұсы қатты ауырады, басы ауырады, еттерде ауырсыну белгілері пайда болады (миалгия), әлсіздік белең алып, өкпе ұлпаларының прогрессивті бұзылуы салдарынан адам естен танып, өліп кетуі де мүмкін.

Коронавирустар тұқымдасы 40 түрлі вирустан тұрады. Өткен ғасырда тіркелген коронавирустар жедел респираторлық-вирустық инфекциялардың қоз­дырғышы ғана болып, аса қауіп тудыра қоймаған. 2003 жылы коронавирустың ТОРС-СоV деген түрі әлемнің 33 елінде пневмонияның (өкпе қабынуының), кәдімгі пнев­мо­нияға тән емес түрін тара­тып, одан 623 адам көз жұмды. Ғалымдар Уханьдағы 2019-nCoV коронавирусы мен өкпе қа­бынуының өте ауыр түрін қоз­дыратын ТОРС-СоV коро­навирусының бір-біріне 70 процент ұқсас екендігін анықтап отыр. Ко­ронавирустар тарататын пневмония бактериялар тарататын пневмонияға қарағанда өте күрделі әрі жылдам өтеді. Мұндай жағдай ауруға жылдам диагноз қойып, емдік шаралар жүргізуді қиындатады.

Коронавирустың МЕРС- СоV деген түрі 2012 жылы Сауд Арабиясында індеттің өте ауыр респираторлы синдромын тудырып, одан 416 адам өлімге душар болды. Бұл көрсеткіш ауруға шалдыққан адамдардың 35 проценті болатын. Адамдар ауруды түйеден жұқтырған. Қазіргі жаңа коронавирусты  ға­лымдар 2002 жылы Қытайда өкпе қабынуының өте ауыр, кәдімгі өкпе қабынуына ұқса­майтын түрінен эпидемия ту­дырған SARS коронавирусына ұқсатып отыр. 2020 жылдың 9 ақпанындағы мәлімет бойын­ша Қытайда 40171 адам коро­навирусқа шалдығып, одан өл­гендердің саны 908 адамға жет­кен. Сонымен бірге аталған індет Қытайдан басқа Гонконг, Макао, Тайвань, Австралия, Вьетнам, Канада, Малайзия, Непал, Сингапур, АҚШ, Тайланд, Оңтүстік Корея, Жапония, Шри-Ланка, Алмания, Франция және басқа да елдерге  тарап үлгерді.

Аурудың біліне қоймайтын инкубация кезеңі өте қысқа 6-14 күн аралығында, ал ауру адамнан адамға жұғатын болса, тіптен қысқа болып, 5-6 күннен әрі аспайды. Мұндай қысқа мерзімде аурудың белгілері толық пайда болып үл­гер­мей­тіндіктен, аталған ін­детті балау (диагноз қою) өте көп қиындықтар туды­рады. Балау уақытылы қойыл­маған­дықтан, емдеу шаралары кеш бас­талып, көп жағдайда нәтижесіз аяқталады. Коронавирусты індеттің клиникалық белгілері жедел респираторлық-вирусты аурулардың белгілеріне өте ұқсас келетіндіктен дұрыс балау қоюға мүмкіндік бере бермейді.

Иммунодиагностикалық зерт­­­теу әдіс­тері арқылы нәти­желі ба­лауды ауруды жұқтыр­ғаннан кейін 21 күннен соң ғана қоюға болады. Иммуно­фер­ментті талдау (ИФА) ар­қы­лы балауды ауру пайда бол­ған­нан кейінгі 10 күннің ішінде қою­ға мүмкіншілік туа­ды. Ең нәтижелі әрі жылдам қойы­латын балау әдісіне мо­лекулярлық-генетикалық құ­бы­лысқа негізделген полимера­зды тізбекті реакцияны (ПЦР) жат­қызамыз. Оған сы­нама ретінде қанды, сілекейді және басқа да физиоло­гиялық сұйықтықтарды қолданады. Бұл әдіс арқылы балау қорытындысын 4-5 сағат, әрі кеткенде 1 күннің ішін­де алады. Аталған әдіс ДНК фрагменттерінің ең аз мөлше­рінің өзін көбейтуге мүмкіншілік туғызады. Бірақ, бұл әдіс арқылы балау қою қымбатқа түседі.

Емдеу әдістеріне келетін бол­сақ, жаңа коронавирусқа тікелей қарсы әсер ететін препарат әлі алынған жоқ. Бүкіләлемдік Ден­саулық сақтау ұйымының (ВОЗ) протоколы бойынша науқас толық оқшауланады да, аурудың ауыр-жеңілдігіне, індетті құбы­лыстың өту ерекшелігіне байланысты жалпы вирусқа қарсы емдік шаралары жүргізіледі. Кейбір мәліметтерге қарағанда вирусқа қарсы әсер ететін «Ри­бавирин», «Интерферон», «Ин­тер­­феронның» индукторларын бере­ді. Аурудың симптомдарын жою үшін симптоматикалық емдеу әдістері қолданылады.

Індеттен қорғанудың қара­па­йым әдістеріне мыналар жатады: қолды сабындап жуу, соңынан спиртпен сүрту, жө­тел­генде не­месе түшкіргенде ауыз бен мұрынды орамалмен жауып тұру, тұмау және суық тию белгісі бар адамдармен көп араласа бермеу жолдарын қарастыру, жұмыртқа және ет өнімдерін қайнатқаннан кейін қолдану, үй жануарлары мен жабайы аңдарға көп жақындамау.

Қазіргі таңда коронавирус індетінің алдын алу үшін қол­да­нылатын вакцина жоқ. Қытай ға­лымдары вакцина алу жолдарын қарастырып жатқан көрінеді. Олар індет қоздыр­ғышын бөліп алғанмен, вакцина жасауға қажетті штаммды әлі толық анықтай алмай отыр. Бұл өте ауқымды ғылыми-зерт­теу жұмыстарын жүргізуді қа­жет етеді. Алған күннің өзінде жаңа препаратты клиникалық сы­нақтан өткізуге кем дегенде 2-3 жыл кетуі мүмкін.

Ендігі бір деректерде Қытай ғалымдары вакцина әзірлеп қойғанын және оны сынақтан өткізуді 16 аптадан кейін бастайтыны айтылады. Сан саққа бір жүгіртіп, шынайы ақпарат беруден жалтара беретін сияқты. Дегенмен, Қытай билігі мәселенің өзекті екенін ескере отырып, коронавируспен күресуге Хубэй провинциясының өзіне 144 млн  доллар бөлген. Кейін белгілі болғандай, аталған індеттің жаңа штаммының таралып кетуін болдырмау мақсатында тағы да қосымша 60,33 млрд юань немесе 8,74 млрд АҚШ долларын бөлген. Сонымен қатар эпидемияның эпицентрі Ухань қаласында мың орындық емхана құрылысын бастап, оны небәрі 10 күн ішінде бітіруді қолға алып отыр.

Бірқатар ақпарат таратушы­лар аталған жағдайдың саяси, экономикалық, әлеуметтік, коммерциялық, тіптен биотер­рористік астары барын тілге тиек етеді. Кейбіреулері бұл эпидемияны Ухань вирусологиялық ғылыми-зерттеу институты «био­логиялық қару» ретінде әдейі қолдан жасаған десе, енді біреулері институт қызмет­кер­лерінің тәжірибесіз­дігінен абай­сызда сыртқа тарап кеткен дейді. Институт зертханасының био­логиялық қауіпсіздігі өте жоғары – 4 деңгейлі, (мұндай деңгейдегі зертханалар әлемде өте аз) Қытайда осы біреу ғана. Ашылғанына небәрі екі-ақ жыл болған бұл институт «Эбола вирусы» сияқты зардабы өте жоғары вирустармен тәжірибе жүргізуге жылан, жарқанат және т.б. жануарлар пайдаланған.

Ақпарат таратушылардың ен­дігі бір тобы Қытайдағы ірі ком­паниялар акциясының қо­мақты бөлігі еуропалықтар мен америкалықтардың қолында екен­дігін, елдегі коронавирус эпидемиясына байланысты олар өз акциясын өте төменгі бағаға сатып кетіп жатқандығын, соның салдарынан Қытай экономикасына санаулы бірнеше күннің ішінде кем дегенде 20 млрд АҚШ  доллары мөлшерінде қомақты қаражат құйылғанын айтады.

Қытаймен көршілес, шекаралас болғандықтан біздің елімізде де алдын алу шараларын жүргізуге тура келеді.

Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың тиісті ми­нистр­­ліктер мен ведомство­ларға ко­­ронавирустың Қазақстан­ға өтіп кетпеуі жө­ніндегі тапсырмасына сәй­кес, Үкімет басшысы А.Мамин тұрғындарды аталған індеттен қорғау жөнінде кеңес өткізді. Онда еліміздің Қы­таймен шекаралас шекара бе­кет­терінде, сонымен бірге ав­то­мобиль, теміржол және әуе жолдары объектілерінде сани­тар­лық-эпидемиологиялық және миграциялық бақылауды кү­шей­ту, Қытайдан келген жо­лау­шыларға медициналық бақы­лау орнату, эпидемия бола қалған жағдайда медици­налық меке­мелердің дайынды­ғын қам­та­масыз ету, елімізден Қытай Ха­лық Республикасына іссапарға шығушыларға шектеу қою, екі ел арасындағы 72 сағаттық визасыз рәсімді уақытша тоқта­ту, шекара бекеттеріндегі жұ­мыс­тарды уақытша шектеу, қа­жет бола қалған жағдайда Қы­тай­дағы отан­дастарымызды эва­куа­циялау жұмыстарын қам­тамасыз ету, екі ел арасында ве­домствоаралық  комиссия құ­рып онда коронавирустың Қа­зақстанға таралып кетпеуіне арналған жоспар әзірлеу және осы жағдайға бай­ланысты басқа да маңызды мә­селелер қаралды. Айтылған ша­­ра­ларды орындауға 1,5 млрд тең­ге қаржы қарастырылды.

Жаңа вирустың адамнан, әртүрлі жануарлардан, құс­тар­дан, жыландардан және олардың өнімдерінен адамға жұғатынын ескеріп, ко­ронавирустың елі­мізге өтіп, таралып кетпеуіне бағыт­талған барлық шаралар медицина және ветеринария мамандарының ке­шенді түрдегі бірлестігінің негі­зінде атқарылуы тиіс. Жоғарыда ай­тылғандар­дың көпшілігі коро­на­вирустың елімізге еніп кет­пеуіне, ене қой­ған жағдайда жаппай таралып кетпеуіне ғана бағытталған шаралар.

Негізінде жұғымталдылығы өте жоғары коронавирус тәрізді індетті  аурулармен күресудегі ең негізгі шара – аурудың алдын алу үшін организмді вакциналық препараттардың  көмегімен им­мундау. Қазақ «Ауырып ем із­дегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған ғой.

Аурудың ерекшелігі, қалай дамиды, қалай таралады, диаг­ноз қою, емдеу, аурудың алдын алу үшін вакцина әзірлеу жолдарын қарастыру тыңғылықты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Мұндай жұмыстар шетелдерде басталып кеткенімен, нәтижелілігі жоғары вакцина әлі алына қойған жоқ.

Зардабы өте жоғары, әлі толық зерттеле қоймаған, біздің елімізде бұрын-соңды тіркелмеген коронавирус тә­різді экзотикалық аурулар бо­йынша ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын биологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары болатын зерт­ханалық орталықтар мен институттар ға­на жүргізе алады. Мұндай мүмкіншілігі бар кәсіпорын Қазақстанда екеу-ақ. Бірі – Отардағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары бо­йынша ғылыми-зерттеу институты және екіншісі – Алматыдағы орталық референттік зертхана.

Орталық референттік зертхана осындай мүмкіншіліктерге ие. Қазақстан Үкіметі мен Аме­рика Құрама Штаттары ара­сындағы үкіметаралық келісім­мен салынып, пайдалануға бе­ріл­ген аталған зертханада ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын М.Айқымбаев атын­дағы «Аса қауіпті, індетті ­ау­ру­лар бойынша ұлттық орта­лығы» ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарайтын «Ұлт­тық биотехнология орталығы­ның» Алматы филиалы және ҚР Ауыл шаруашылығы министр­лігіне қарайтын «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының» Алматы филиалы орналасқан.

Орталық референттік зертхана биологиялық қауіпсіздігі II-III деңгейге сай келетін заманауи қондырғыларымен жаб­дықталғандықтан, патогенділігі II-IV топқа жататын аса қауіп­ті індетті аурулардың қоздыр­ғыштарымен ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын жүргізе алады. Зертхана ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 08.09.2017 жыл­ғы №684 санитарлық ереже­лері мен нормалары бойынша бұйрығының және Бүкіләлем­дік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық деңгейдегі талаптарына сай келеді. Сонымен қа­тар, Орталық Референттік зерт­хана ИСО 9001 стандарты бойынша халықаралық дең­гейдегі акредитациядан өткен және иммуноферметті талдау, полимеразды тізбекті реакция, атомды-абсорбционды спектрометр және басқа да заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген. Келтірілгендердің бар­лығы аталған орталықты тек Қазақстанда ғана емес,  Орта  Азия мемлекеттеріне оқу-әдіс­темелік, ақпараттық-талдау, экспресс-диагностикалық, рефе­ренттік ғы­лыми-зерттеу жұмыстары бо­йынша консуль­та­тивтік меке­ме ретінде қалып­тастыруға мүм­кіндік береді.

Ал күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге орталық референттік зертхананың мүм­кіншілігі мол. Бір ғимаратта 3 министрліктің ғалымдары жұ­мыс жасайтындықтан, ғылы­ми-зерттеу проблемаларын бір­лесе, кешенді түрде шешуге толық негіз бар. Әкелінген сы­намалар жан-жаққа тасымал­данбай, бір ғимарат ішінде жүр­гізілетіндіктен, олардың сыртқы ортаға таралып кетуіне жол бермейді.

Көптеген жұқпалы аурулар адам мен жануарларға ортақ, мысалы – коронавирус. Мұндай жағдайда оның медицинаға қа­тысты жағын Денсаулық сақ­тау министрлігіне қарайтын кә­сіпорын мамандары, вете­ринарияға қатысты жағын Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын кәсіпорын мамандары,  ал молекулярлы-генетикалық жә­не басқа да күрделілігі жоғары ғылыми жақтарын Білім және ғылым министрлігіне қарайтын мамандар жүргізуге болады. Сонымен бірге көп жылдарға созылатын, аса өзекті ғылыми жобаларды 3 министрлік ғалымдары интеграцияланып, бірлесе шешуге жол ашады.

Бір айта кететін жайт – «Ветеринария бойынша ұлттық ре­ференттік орталығы» Алматы филиалының Жарғыда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылдануға болады деген пункттің жоқтығы. Бұл мәселені шешу аса қиын емес, әрі кеткенде 10-15 күннің ішін­де орындалатын шаруа. Сонымен бірге орталықты ғылыми дәрежесі мен атағы бар кадрлармен толық­тыру қажет. Елі­мізде аудандық, об­лыс­тық, республикалық дең­­гейлерін қо­са есептегенде 200-ге жуық ве­теринариялық зертхана бар. Атал­ған орталық осы зерт­ха­наларға өзінің ре­ферент­тік (қазылық) қызметін өз дәре­жесіне сәйкес атқаруы үшін ғылым мен білімнің соңғы же­тістіктерін зерттеп, оны өз қыз­метіне пайдалана алатын ғы­лыми-практикалық әлеуеті жо­ғары орталық болуы тиіс. Мұндай орталықтағы ғылыми жұмыс тек коронавирус ғана емес, басқа да экзотикалық ­ау­ру­­­лардың таралуын алдын ала болжау (мониторинг), жедел диагноз қою, иммундау үшін қол­данылатын вакциналық препараттарды жетілдіру және емдеу үшін қолданылатын дәрілік препараттарды жетілдіру бағы­тында болуы керек.

Коронавируспен күресуде оқу-ағарту, ақпараттандыру жұ­­мыстарын жүргізу, плакат­тар, бро­шюрлар шығару, радио-теледидар, газет-журнал­дар ар­­қылы  аталған індет туралы та­нымдық-тағылымдық мақа­ла­лар жариялау, медицина және ветеринария саласы мамандары бірлестікте аурудың таралып кету қауіптілігі жоғары шека­ралас аудандарда дәрістер оқып, презентациялар көрсетіп, онда індет туралы толыққанды мағлұматтар берілуі тиіс.

Қорыта айтқанда, корона­ви­рус және басқа да экзо­тика­лық және эмерджентті ауру­лар­мен күресу кешенді, жедел және жан-жақты, ең бастысы, ғы­лыми-зерттеу жұмыс­тары­­на негізделген болса, ауру тез ­ау­ыз­­дықталып, еліміздің био­­ло­гиялық және осыған негіз­делген басқа да қауіп­сіздігі толық қамтамасыз етілетін­дігі сөзсіз.

Батырбек АЙТЖАНОВ,

ҚазҰАУ профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы, ҚР ҰЖҒА академигі.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<