Кәсіпкерлік: қолдау бар, құнттайтын шаруа да аз емес

328

0

Сейсенбі күні облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов бизнес өкілдерімен кездесті. Жиынға жас кәсіпкерлермен қатар салаға қатысты мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер мен бірлестіктер, қаржы ұйымдарының басшылары қатысты.

Өңірде 2018 жылдан бас­тап ауыл тұрғындарын тұрақ­ты жұмыспен қамту, жұмыс­сыздықты азайту, салық база­сын құру, жергілікті бюд­жетті нығайту мақсатында жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы жарияланғаны белгілі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 35 процентке жеткізу міндеті қойылды.

Кездесуде облыс әкімі ай­мақ­тың ірі кәсіпорындарында шығарылатын өнім көлемін ұлғайтып, сол арқылы ілеспе өндіріс орындарын құру қажеттігін айтты.

– Біздің басты мақса­ты­мыз – облыста шағын және орта бизнесті дамыту. Елбасы да, Мемлекет басшысы да шағын және орта бизнесті дамытуға аса мән беріп отыр. Осы орайда мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, көптеген жеңілдіктер жасалуда. Елімізде 12 мем­ле­кеттік бағдарлама бар, сол бағдарламалардың барлы­ғында кәсіпкерлікті дамытуға арналған арнайы бағыттар бар. Бірақ оларды тиімді пайдаланып  отырған жоқпыз. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында күрішті егіп,  сатумен ғана шектелмей, күріш лапшасын, күріш майын, күріш саба­нынан қап шығаратын ілеспе кәсіпорындар ашылуы тиіс. Елімізден экспорт­талатын күріш өнімдері қай­та өңделіп, бірнеше есе баға­да өзімізге импортталады. Бұдан бөлек, өңірімізде асылтұқымды мал өсіріп, шұ­жық және сүт өнімдерін өн­діріп, еліміздің ішкі нары­ғынан айтарлықтай орын ал­ған кәсіпорындар жетерлік. Бірақ, бұл шаруашылық аясында жүн, тері өндірістері мүлдем дамымаған. Елімізде қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдан бастап полиэтилен өнімдері қолданыстан шығарылмақ. Осыған сәйкес, оны алмастыратын өнімдер шығаратын өндіріс көзін дамыту қажет, – деді облыс әкімі.

Жиында өңірдің кәсіп­керлік саласына қатысты өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Сонымен бірге жеңіл өнеркәсіп, білім беру, медицина, цифрландыру, сауда және туризм салаларындағы проблемалар баяндалды.

Мәселен, шиелілік Айзат Әбсадықова 2018 жылы  900 мың теңге көлемінде облыс әкімінің грантын ұтып алып, кондитерлік цех ашқан. Бүгінде цех қарқынды жұмыс істеуде. Кәсіпкер енді макарон және жайма цехын ашуды мақсат етіп отырғанын, осы орайда тағы да қандай жеңіл­діктер­дің барын сұра­ды. Бұл орайда маман­дар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қай­тарымсыз грант алу конкурсына қатыса алатынын айтып, жан-жақты мәлімет алу үшін тиісті ма­­ман­дарға жолығу қажеттігін жеткізді.

Шиелілік Мөлдір Дүйсе­нова да кәсібін кеңейту үшін кеңес сұрады. Ол – «Самғау» оқу орталығының мең­геру­шісі. Мөлдір  орталығын бас­тауыш білім беретін үлкен оқу ордасына айналдырғысы келеді екен. Осы мақ­сатта жаңа ғимарат құры­лысын жүргізу үшін жер алу жөнінде қандай жеңіл­діктердің барын, заңдылығын сұрады. Ал, қызылордалық Жанар Әділова туризм саласында кәсібін жүргізіп жүр. Ол аймақта туризм саласын дамыту бағытында өз жоспары­мен бөлісіп, бірлесе жұмыс іс­теуге шақырды. Жанар өңірде әлеу­меттік туризмді, оқу­шылар туриз­мін дамытуға мүмкіндіктің мол екенін де айтады. Сондай-ақ, «Байқоңыр» ғарыш айла­ғының өзін  дұрыс пайдалана алмай жүр­ге­німізді, шетелдіктердің оған деген қызығушылығының зор екенін өз пайымдауларына арқау етті.

Кездесуді қоры­тынды­лаған облыс әкімі  өңірде кә­­сіпкерлікті дамытуға ба­сым­дық бергеннен кейін, өзге аймақтармен са­лыс­тырғанда алдыңғы қатарда болуды, ол үшін мемлекет тарапынан қо­лайлы жағдайлар жасалып отырғандығын ай­тып, алып-сатудың күні өткенін, енді өнім өн­діре­тін кездің келгенін ескертті.

– Біздің басты мін­детіміз – биз­несті жүр­гізу үшін қолайлы жағ­дай жасау. Осы орайда кәсіп­керлікті дамыту ба­ғы­тындағы жұмыстар әр­қашан жалғасын тауып, жылдан-жылға күшейетін болады. Біз әрдайым бірлескен  жұмыстар мен өзіміздің тарапымыздан бұған қатысты мәселелерді шешуге, қолдау көрсетуге, қандай да бір тың идеяларды талқылап, қолдауға дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<