ЛЕГО-КІРПІШ енді өзімізде шығарылады

433

0

 Жеке кәсіпкер Жомарт Шәуеновтің ізденісі мен іскерлігіне тәнті боласыз. Осыдан үш-төрт жыл бұрын өңірімізде қолданыла бермейтін құрылыс заттарын шығарып, тұтынушыларының құрметіне бөленген жас жігіт биылғы жылы да жаңа бастамасымен танылды. Ол бұрындары брусчатка аталынатын төсеніш плиталардың неше түрлісін шығарып келсе, онысын дамытып, енді еуропалық стандартқа сай лего-кірпіш өндіруді қолға алды.

– Бұл жаңа технологиямен шыға­рылатын барынша берік әрі сәнді лего-кірпіш деп аталады. Осы жобамен танысқан соң, оны ауданда шығаруды ойластырдым. Бастамамды аудандық кәсіпкерлер палатасы бірден қолдады.  Қызылорда облысы мен Түркістан аймағында жоқ екендігін қаперге алған кәсіпкерлік палатасы бизнес-жоба жа­сау­ға көмектесіп, қаржыландыруға да тетік тапты. Осы мекеменің үйлес­тіруімен Өңірлік инвестициялық орта­лығынан 2 млн теңге қаржы алудың сәті түсті. Содан өзім іссапарға шығып, жеңілдетілген қаржыға Ресейден ле­го-кірпіш пен шлакоблок құятын аппарат, еуроқұрылғы, миксер секілді жабдықтарды сатып алып келдім. Мына тұрған жаңа жабдықтар сондағы қол жеткізген жетістігіміз. Жаңа тех­нологияны таныса жүріп, игеріп алдық, – дейді кәсіпкер жігіт. 

Кең аулада шығарылған өнімдермен өзіміз де таныса бастадық. Қатар-қатар жиылып тұрған көзтартар әсем заттар әлгі – лего кірпіштер. Мұның бұрынғы қолданылып жүрген кірпіштерден артықшылығы – өте төзімді. Өйткені, кірпіш ойық және дөңбек бедерлерімен шығарылады. Яғни, оларды бір-біріне киістіру арқылы мығымдылығы артады деген сөз. Еуропада сыналып, отандық өнім қатарынан берік орын алуға лайықты лего-кірпіштің шикізаты да жергілікті жерден табылады.

Лего-кірпіш арнайы станокта құйы­лу барысында 15 тонналық гидрав­ликалық қысыммен нығыздаудан өте­ді. Сонан соң арнайы орында бумен кептіріледі. Құрамына таудың ірі құ­мы, «Шалқияның» жуылған май қиыршағы және белгілі мөлшерде цемент пен арнайы қоспалар қосылады. Басты ерекшелігінің бірі ретінде тұз­данбайтындығын айтуға болады. Демек, сапасы өте жоғары әрі сәулетті. Тапсырыс берушінің талғамына сай кез келген түске боялады. Мәселен, Түркістан қаласынан келген тұтынушы қызғылт-сұр түсті қалапты. 30 мың данасына тапсырыс берген. Қазір жұмысшылар сол тапсырысты орындауға жұмылып жатыр.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<