ӨЛКЕТАНУДАҒЫ ЖАҢА ЖОБА

361

0

Аймақта “Тарлан  тарих  тағы­лы­мы” атты жаңа өлкетану жобасы жүзеге аспақ. Бұл туралы өңірлік ком­муникациялар қызметінде өткен брифингте “Нұр Отан” партиясы об­лыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес хабарлады.

Оның айтуынша, жаңа жоба  ұлттық тари­­хымызды көпшілікке таныта отырып, құн­дылықтарымыздың ұрпақтан ұрпаққа жетуіне ықпал ететін болады. Оған өлке­танушылар, тарихшылар, көнекөз қариялар мен этнографтар қатыстырылады. Жоба бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншіден, өлке тарихын қалыптастырған шежірені зерделеу мақсатында дәрістер ұйымдастыру. Бұл бағытта тарихи құнды­лықтарды насихаттауға, ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерімізді дәріптеуге бағытталған ғалымдардың  бірыңғай  тақырыптық дәріс­тері өтеді. Екіншіден, тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерді, қасиетті орындарды дәріп­теу. Облыс шеңберінде қаншама мәдени ескерткіштер мен қасиетті орындардың бар екенін ескерсек, осы тұрғыда жоба үлкен маңыздылыққа ие болмақ. Үшіншіден, жоба аясында ішкі туризмді дамыту қолға алынады. Бұл – өңір экономикасының әлеуе­тін арттыруға өзіндік ықпалын тигізетін болады. Бағыт бойынша еліміздің әрбір өңірінде жергілікті тұрғындар үшін Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб, Бекет ата, Қорқыт ата, Қобыланды батыр кесенесі секілді киелі орындарға саяхат сапарлары ұйымдастырылады.

– Тарихи құнды дүниелерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз. Сондықтан жобаның өңір үшін  маңызы зор. Нақты жұмыстар жаз айында басталады. “Рухани жаңғыру” бағдарламасына үлес қосуға бағытталған партиялық жоба болғандықтан, аймақтағы “Рухани жаңғыру” орталығымен бірлесе қолға алынды, – дейді Е.Байтілес.

Ал, “Рухани жаңғыру” орталығының ди­рек­торы Нұрлыбек Мыңжас аталған жобаны қолдауға дайын екендігін жеткізді.

– Өлке тарихын жазуға, зерделеуге біздің орталықтың мүмкіншілігі жеткілікті. “Рухани жаңғыру” бағдарламасына негізделген бұл бастаманың кейінгіге берері мол. Сол себепті партия қолға алған жобаны қолдаймыз, – деді Н.Кәрібозұлы.

Айта кетсек, партия жұмысын сарап­таудың және халық тарапынан келіп түс­кен ұсыныстардың нәтижесінде 20-дан астам партиялық жоба дайындалған. Оның қатарында жұмысы жаңа сипат алған “Арда­­герлерді ардақтайық”, “Кедергісіз келе­­­шек” атты бұрынғы жобалар бар. Мұ­нан бөлек, “Балаларға арналған ІТ-сынып­­тар”, “ІТ-мамандарды даярлау”, “Геоақ­параттандырылған онлайн сервис”, “Тіл­дердің үштұғырлығына өту”, “Қазақс­танның кітапханалары” жобалары да ұйым­дастырылады.  Бұл бастамалар негізінде ІТ-технологияларды қолдану мен білім алудың қолжетімділігі, азаматтардың цифрлық сауат­тылығы артады, бизнестің мемлекеттік қызметтерін электронды форматқа ауыстыра отырып, дамыған елдердің үздік стандарттары мен тәжірибесі енгізіледі. Сондай-ақ, ағыл­шын тілінде ауызша сөйлеу дағдыларын үйрету үшін ауыл балалары мен мұғалімдеріне тіл ортасын ашу және кітапханаларды қазіргі заманғы білім орталықтарына қайта ұйымдастыру іске асырылады.

        

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<