«MEN QAZAQPYN» халықаралық телевизиялық мега жобасының ІІ кезеңі басталды

314

0

Атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз дәстүрлі ән-күй, термелерді одан әрі дамытып, бүгінгі күн талабына сай түрлендіре отырып, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен, «QAZAQSTAN РТРК» АҚ-мен бірлесіп «MEN QAZAQPYN» халықаралық телевизиялық мега жобасының ІІ кезеңін өткізуді бастады.
«MEN QAZAQPYN» мега жобасы арқылы тәрбиелік мәні зор ұлттық рухани мұрамыз – ән мен күйді, терме, толғауларды орындаушы жастардың шеберлігін шыңдап, көпшілікке таныстыру, сондай-ақ қазақтың әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу көзделіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «QYZYLORDA» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала айтты.
Байқауға Қазақстан Республикасында тұратын және алыс-жақын шетелдегі қандас бауырлардың 18 бен 40 жас аралығындағы, қазақ композиторларының және халық әндерін домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын өнерпаздар қатыса алады.
Қазір біздің облыста жобаға іріктеудің аудандық кезеңі басталды. 11-12 мамырда Арал, Қазалы аудандарында өтті. Қорытындысы бойынша 5 өнерпаз облыстық кезеңге жолдама алды.
Енді 18 мамырда сүлейлер мекені –Қармақшыда;
19 мамырда- Жалағаш ауданында;
20 мамырда- Сырдария ауданында
25 мамырда- шежірелі Шиеліде,
26 мамырда- Жаңақорғанда
27 мамырда- Қызылорда қаласында өтеді.
Аудандық, қалалық кезеңнен өткен өнерпаздар облыстық турда бағын сынайды. Оған білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалау жасайды. Дәстүрлі ән, күй, терме жанры бойынша үш жеңімпаз республикалық халықаралық кезеңде облыс намысын қорғайды. Ол тамыз-қараша айлары аралығында Астана қаласында өткізіледі. «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасынан беріледі.
Жеңімпаз болған дәстүрлі әнші, термеші, күйші жеке-жеке марапатталады.
Асқан шеберлік танытқан үздік орындаушыға «Жылдың үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың үздік термешісі», «Жылдың үздік күйшісі» Бас жүлде және лауреат атағы беріледі.
Көрермендердің дауыс беруі арқылы «Көрермен көзайымы 2018» аталымының иегері анықталып, бағалы сыйлықпен марапатталады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<