МӘСЕЛЕЛЕР РЕТІМЕН ШЕШІЛУДЕ

453

0

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ мүшелерінің отырысы өтті. Онда қалалық білім бөліміне және облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүргізілген сыртқы талдау нәтижесінде берілген ұсыныстардың орындалуы талқыланды.
Отырыста Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Нұғман Жахудаев қалалық білім бөлімінде орын алған олқылықтар жайын сөз етті. Оның айтуынша, тәртіптік тәжірибені талдау барысында қызметкерлерге қатысты тәртіптік жазалар жиі қолданылған. Алайда, мерзімінен бұрын алынып тасталған. Мәселен, 2016 жылдың 1-наурызында 39 мектеп директорына тәртіптік жаза көрілген. Дегенмен, жаза 4 күн өткен соң, яғни 5 наурызда алынып тасталады. ҚР Еңбек кодексінің 66-бабының 2-тармағына сәйкес тәртіптік жаза қызметкер теріс қылық жасаған күннен бастап алты ай өткеннен кейін күшін жояды. Мұнымен қоса бөлім басшысының бұйрығымен есеп бөлімінің маманына 3 жыл бұрынғы теріс қылығы үшін “сөгіс” түріндегі жаза заңсыз қолданылған. Осылайша, бөлім басшысы тарапынан ҚР Еңбек кодексінің талаптары өрескел бұзылған.
– Мұның барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыртқы талдау жұмыстары нәтижесінде анықталды. Бұдан бөлек бұл салада заңға сәйкес білім беру мемлекеттік ұйымдарының басшылары 3 жылда бір рет аттестаттаудан өтуі керек. Бірақ 54 мектептің басшысының аттестаттаудан өтпегендігі де белгілі болды. Сондай-ақ, бала асырап алғысы келетін адамдарды тіркеуде артық құжаттар талап етіп отырған, – дейді бас маман.
Қазіргі кезде Қазақстанда білім беру жүйесі критерийлік бағалауға көшкені белгілі. Елімізде жыл сайын «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер саны 5 мыңға жетіп, оны қорғап шығушылар 53 процентті құрайды. Бұрын осы белгі білім беру ұйымдарының ұсынысы негізінде беріліп келсе, 2017 жылдан бастап белгі иесін анықтау құзыреттілігі мектеп басшысына көшті. Баяндамашы осыдан кейін «Алтын белгі» алушылардың саны күрт өскендігін айтты.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Ақарыс Нұрсейітов анықталған кемшіліктерді жою бағытындағы жұмыстарды айтып өтті.
– Бүгінгі күні заңға сәйкес аттестаттаудан 40 мектеп директоры өтті. Қалған 14-і белгілі себептерге байланысты босатылды. Олар директорлық лауазымға отырғанына алты ай толмағандар, зейнеткерлік жасына келген, біліктілік курсынан өткен директорлар. Есепші маманға берілген жаза да өткен жылдың желтоқсан айында алынды. Талдау жұмыстары көрсеткен барлық мәселелердің орындалуы тікелей бақылауда, – деді А.Нұрсейітов.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан бөлім басшысына біршама сауалдар қойылып ұсыныстар берілді. Сұрақтардың басым бөлігі қаладағы балабақшаларға қатысты өрбіді.
Мұнан бөлек басқосуда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева, көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов, “Қазпочта” АҚ облыстық филиал директоры Аида Әбибуллаева сыртқы талдау нәтижесі кезінде орын алған мәселелерді ортаға салды. Шара соңында сұрақтар қойылып, ұсы­ныстар берілді. Сала мамандары айтылған барлық ұсыныстардың назарда болатындығын жеткізді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<