МЖӘ: Көп күрмеудің кілті

64

0

Форумда «жасыл» экономиканы дамытудағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолданудың жаңа мүмкіндіктері талқыланған секциялық отырыс өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов,  «Қазақстандық мемлекеттік – жекеменшік әріптестік орталығының» басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев және  шет елдерден келген өкілдер қатысты.
Шарада облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы бас­шы­сының орынбасары Әлия Жа­қыпбае­ва сөз алып, өңірде МЖӘ не­гізінде жү­зе­ге асырылып жатқан жоба­лар жайын баян етті. Бүгінде облыста экономиканың бар­лық салаларында мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік аясында  75 жо­ба жүзеге асырылуда. Оның ішінде ден­сау­лық сақтау саласында – 30, дене­шы­нықтыру және спорт саласын­да – 12, тұрғын үй-коммуналдық саласында – 10, білім саласында – 7, цифрландыру бойынша – 6, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында – 5, мәдениетте – 2, әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық тәртіп жә­не экология салаларында 1 жобадан бар. Бұл жобалар 34 млрд теңге қар­жыны құраса, қазіргі күні 9,6 млрд теңге болатын МЖӘ негізінде 27 жо­баға келісім-шарт жасалған. Атап айт­сақ, 12 дәрігерлік амбулатория, 4 денешынықтыру-сауықтыру кешені, об­лыс орталығында 400 келушіге арнал­ған емхана, Жалағаш ауданы Таң ауыл­дық округінде балабақша, Қазалы ауда­ны Әйтеке би кентінде инклюзивті балабақша, арнаулы әлеуметтік қыз­мет­терді көрсететін шағын үй, облыс ор­талығындағы №101 мектептің бу қазандығын қайта жаңғырту, облыс мектептерін компьютерлендіру, об­лыстық медицина орталығы мен Қазалы аудандық ауруханасына ангиограф орнату, Шиелі ауданындағы индустриалдық аймаққа электр желісін тарту жобалары жүзеге аспақ. Сондай-ақ, 9 жобаға жеке әріптестікті анықтау үшін байқау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Арал ауданындағы әлеуметтік нысандарды газдандыру бойынша 2 жоба, Ақсай полиция бөлімінің құрылысы, 3-і көшелерді күтіп ұстау, ағымдағы жөндеу жобасы,   «Қызылорда су жүйесін» се­німді басқаруға беру, облыстық медицина орталығында интеграцияланған операциялық жүйе орнату және облыс орталығында 600 орынды  колледж бен 200 орынды жатақхананың құрылысын жүргізу жобалары бар.
– Жыл соңына дейін осы мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудан­дарында спорт кешендерін жалға беру туралы 5 келісім-шартқа қол қою жос­парлануда. Ал, алдағы жылы 20 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газ жылытуға беру үшін қосымша 10 жоба қолға алынбақ. МЖӘ жобаларын іске асыруда «ПРООН» және «Даму» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктердің проценттік ставкаларын суб­сидиялау механизмі қолданылады, – деді Ә.Жақыпбаева.
Мұнан кейін «Қазақстандық МЖӘ орталығы» АҚ вице-президенті Айдос Көбетов МЖӘ жобаларын іске асырудың практикалық аспектілерін сөз етсе, Ресейдің Мурманск облысының Сауда-өнеркәсіптік палатасы одағының пре­зи­денті Сергей Плисов Ресей Феде­рациясының арктикалық аймағы­ның әлеуметтік-экономикалық дамуына МЖӘ тетіктерін енгізу және аумақ­тарды дамыту ерекшеліктеріне тоқтал­ды. Сонымен қатар жиында  БҰҰ-ның Даму бағдарламасының жобалық менеджері Александр Белый, «LED SOLUNION» ЖШС басқарушы директоры Ербол Шаймаханов, «Сараптама және  жобаларды өткізу орталығы» ЖШС директоры Ләззат Алдоңғарова да сөз алып, әріптестік аясында атқа­рылатын жұмыстар туралы ойларын ортаға салды. Ал, қазақстандық мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік тапсы­рыс берушілер қауымдастығының прези­денті Руслан Досмаханов Алматы қала­сында  тұрмыстық қалдықтарды бас­қа­рудың кешенді жүйесін енгізу тура­лы айтты.
Тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру үлкен маңызға ие. Облыста жылына 148 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылса, оған сәйкес 145 полигон жұмыс істейді. Қалдықтардың тек 3,1%-і қайта өңделеді.  Айта кету керек, бүгінгі күні өңірде МЖӘ шеңберінде жылына 60 мың тонна қуаттылықпен жұмыс жасайтын «Қызылордадағы қалдықтарды сұрыптау кешенін салу» жобасы іске асырылуда. Оған қоса келесі жылы 6 600 шам жарықдиодты шамдармен алмастырылатын болады. Ол кезде энергия 50% -ке дейін үнемделеді.
Жалпы секциялық жұмыста ұтымды ойлар айтылып, маңызды жобалар талқыланды.

Мейрамкүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз