«Қорқыт ата күні» аталып өтуі мүмкін

326

0

Биыл аймақтағы апатты жағдайдағы екі мектеп жаңаланады. Олардың сапасының сын көтермейтіні өткен жылы анықталған болатын. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов осылай мәлімдеді.

Биыл Жалағаш ауданының М.Шәменов ауылында №34 мектеп құрылысы аяқтал­мақ. «Мектеп өткен ғасырдың 80-жылдары бой көтерген. Ауылдағы бала санын есепке алып, 140 орынға лайықтап жаңасын салу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді», – деді Р.Рүстемов. Ал екіншісі – Жаңақорған кен­тін­дегі №169 мектеп 600 орынды қамтиды. Оның құрылысы осы жылы басталмақ. Жалпы, соң­ғы 6 жылда үш ауысымдағы және апатты жағдайдағы 69 мектеп­тің оқушылары жаңа білім ошақ­тарының табалдырығын аттады.

Білім саласының жаңалығы бұл ғана емес. 2018-2019 оқу жылында 150 мектепте пәндер ағылшын тілінде оқытыла бастады. Қызылорда қаласындағы Оқушылар үйі «IT-IMAQORDA» ресурс­тық орталығы болып құрылды. Биыл облыс орталығында 600 орынға лайықталған мектеп салынып бітпек. Балабақшалар мен білім орындарында бейнебақылау жүйесі толық орнатылады.

Ана өлімінің соңғы бес жылдағы көрсеткіші тұрақсыз. Былтыр осы сияқты 2 жағдай тіркелді. Хирург, неона­то­логтардың Кореяда білімін жетілдіріп келуіне байланысты сәби өлімін 2017 жыл­мен салыстырғанда 4 есе азайту мүм­кін болды. Кейінгі 2 жылда 25 ме­ди­циналық нысан қолданысқа берілсе, елді мекендердегі бастапқы ме­ди­­ци­налық-санитарлық көмек ұйым­да­рының 63%-і жаңарды. Осы жылы тағы бір­неше аурухана, емхана салу көзделіп отыр.

Дене шынықтыру мен спортты серік еткен сырбойылықтардың саны 23,8%-ке артты. Өткен жылы 7 елді мекенде спорт кешендері, «Мұз айдынында» ашық жүзу бассейні салынды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 5 жоба жүзеге асырылды. Ал биыл жүйелі дене шынықтырушылар саны 29%-ке жетеді, «Қайсар» футбол клубы Премьер-лигада үздік төрттікке енеді, Қызылордадағы Орталық стадион қайта жаңғыртылады деген мақсат бар.

Жастар жылын тиісті деңгейде өткізу үшін кешенді іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Оған салалық құрылымдар 28 жаңа жоба ұсынды. Жалпы, қазіргі кезде облыс халқының 24%-ін аталған санаттың өкілдері құрап отыр. Соңғы бес жылда жұмыссыз жастардың деңгейі 5,1%-тен 4,2%-ке төмендеді. Ал NEET санатындағы үлесі 9,3%-тен 7,5%-ке азайды.

Р.Рүстемов Сыр елінің мәдени бренді – Қорқыт ата мұраларының БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық мәдени мұралары тізіміне енуін мәдениет саласының ең басты жетістігі ретінде атап өтті. «Осы орайда қызылордалықтар қолдап жатса, 27 қарашаны «Қорқыт ата күні» ретінде белгілеуді ойластырып отырмыз», – деді спикер.

2018 жылы бірқатар ауылдық клуб, облыстық мемлекеттік архив ғимарат­тары пайдалануға берілді. Архив қыз­мет­керлері қазіргі уақытта бүкіл құжат­ты электронды нұсқаға көшіруге күш жұмсап жатыр. Ақпан айында өтетін республикалық жас ақындар айтысы осы жылдың еншісіндегі айтулы шаралар қатарында. Ол Әйтеке бидің 375 жылдығына байланысты ұйым­дастырылады. Ал түркітілдес елдер өкіл­де­рінің қатысуымен Босния-Герцеговинада болатын классикалық камералық оркестрлер фестиваліне облыстық филар­монияның камералық оркестрі қатыспақ.

Жыр сүлейлері шыққан киелі аймақ жас өнерпаздарды қолдауға ниетті. Осы орайда Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің базасында өнер академиясын ашу көзделіп отыр. «Ол шамамен 250 студентті қамтиды. Балалар колледж, бакалавр, магистратура деңгейінде өнер-білімді игеріп шығады», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Назерке Саниязова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<