Президенттің хаты Қасым-Жомартқа жетті

694

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай еліміз бойынша «Тәуелсіздік күні» дүниеге келген 2 мыңнан аса сәбиге «Сүйінші» сыйқорабы табысталуда.


Қорапта бөбектерге қажетті заттардан басқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың тууы туралы куәлігі салынған.

Мереке күні туылған сәбилерге арналған сыйқорапты Жаңақорған ауданының тумасы Қасым-Жомарт та алды. Ата-анасы Жасұлан Мадалиев пен Балнұр Базарбек желтоқсан айының 16-сы күні туылған бөбекке мемлекет басшысының есімін қойған.

– Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін! – деп жазылған Президенттің құттықтауында.

Нәрестеге «Сүйінші» сыйқорабын Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Нұрболат Ибраев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының PR менеджері Әлібек Жаппасбаев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жаңақорған ауданы бойынша филиалының директоры Сермахан Оразгелдиев салтанатпен табыс етті. Ал, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», айтыскер ақын Әбілқайыр Сыздықов бөбекке бесік арба сыйға тартты.

Айта кетейік, «Сүйінші» сыйқораптары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен бірге және ҚР Ұлттық банк, Центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ қатысуымен ұйымдастырылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<