Қазақстанда күріш алқабы қысқармақ – министрлік жағдайды түсіндірді

200

0

Елімізде егіске берілетін судың 28 пайызын күріш алқабы алып жатыр. 2030 жылға дейін Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында күріш алқаптарын 29 мың гектарға азайтып, нәтижесінде жыл сайын 1 шақырым текше метр судың үнемдеу көзделіп отыр. Осы мәселе бойынша ҚазАқпарат тілшісінің сауалына Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов жауап берді.


«Бүгінгі таңда 3 облыстағы күріш егісінің жалпы ауданы 104 мың га құрайды. Нақтырақ айтсақ, Қызылорда облысында – 90 мың га, Алматы облысында – 10 мың га, Түркістан облысында – 4 мың га алқапқа күріш егіледі. Осы 104 мың гектар алқапты суаруға жыл сайын 3,8 км3 су жұмсалады. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін 3 млн. га дейін жеткізуді тапсырған.


«Жүргізілген талдау бойынша күріш алқаптарының 7% -ы судың жалпы көлемінің 28%-ын тұтынады. Олардың ауданын аз ылғал сіңіретін дақылдармен алмастыру арқылы оңтайландырған жөн», – делінген вице-министрдің жауабында.


Ведомствоның дерегіне сүйенсек, 2020 жылы 1,5 млн. га алқапты суару үшін 13,3 км3 су шығындалған. Қазіргі су тұтыну балансын өзгертпесек, 2030 жылы 3,0 млн га алқапты бусандыру үшін 26,7 млрд. м3су қажет болады.


«Ауыл шаруашылығы үшін ағымдағы қажеттілік 15 км3 болса, 2030 жылы оның үстіне тағы 11,7 км3 су керек болады. Мұндай көлем біздің өзендердің суару қабілеттілігінен асып түседі. Осыған байланысты су тапшылығын қысқартуға бағытталған шаралар қажет. Біздің өзендердің егістіктерді сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі 19,8 текше шақырымнан аспайды. Осыған байланысты, келешекте 3 млн гектарды сумен қамтамасыз ету үшін күріш егісін қысқарту қажет», – дейді Серік Қожаниязов.


Ведомстводағылардың айтуынша, бұл шаралар Сырдария және Іле өзендерінен су алу балансын үнемдірек режимге көшіреді. Яғни, 1 га алқапқа жұмсалатын судың көлемін қазірге 8,8 мың м3-тен 6,6 мың м3-ке қысқартуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз