Шет аймақтардың шетін мәселелері шешімін табады

57

0

Қызылорда – аумағы еселеп ұлғайып, халық саны қарқынды өсіп келе жатқан қала болғандықтан, инфрақұрылымға қатысты мәселелері де кезең-кезеңмен шешілуде. Қазірдің өзінде қалада 800-дей көше бар.

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қала­ның шет аймағындағы «Сая­хат», «Қорқыт ата көшесі» аумағының тұрғындарымен кездесіп, алдағы атқарылар жұмыстар туралы пікірлесті. Азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап, басты мәселелерге назар аударды.  

Соңғы жылдары шет аймақтағы «Әл Фараби», «Саяхат», «Сәулет» шағын аудандарындағы автобус жүретін бірқатар  үлкен кө­шелер асфальтталған еді. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен осы аудандардағы кіші көшелердің ахуалы жан-жақты зерттеліп, 322 көше анықталды. Мәселен, «Сая­хат» шағын ауданындағы 42 көшенің 2-не асфальт төселген. Қалған көшелерді жөндеудің жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, алғашқы 310 млн теңге қаражаты бөлінді. Қазір тиісті мердігер анықталып, күн жылынысымен жұмыс басталмақ.

– «Саяхатқа» қоныс теп­кенімізге 10 шақты жыл болды. Күрмеулі мәселелерімізді айтып, қала әкімдігіне бардық. Содан бері бірталай түйіндер шешілді. Үлкен көшеміз асфальтталды. Электр жар­ығының әлсіздігінен ба­лалардың сабақ оқуы, теледидар көру қиын еді. Ол қиындық та артта қалатын күн жақын. Ендігісі – жол проб­лемасы. Күн райы бұзылса, жаңбыр жауса, адам аяқ алып жүргісіз болып қалады, – дейді зейнеткер Ә.Байсалов.

Тұрғындар аталған ауданға мектеп, үлкен көшелерге қауіпсіздік үшін жаяу жүргіншілер жолы керектігін айтты. Мектеп құрылысының жобасы жасалған, қазір министрліктің қарауында. 

– Көшелердің жағдайын ең біріншіден, балалардың мектепке қатынауына, «Жедел жәрдем» мен полиция көліктері дер кезінде жететіндей етіп жасауымыз керек,  – деді облыс басшысы өз сөзінде.

Қазір 2019-2021 жылдарға арналған үшжылдық жоспар түзілген. Есеп бойынша 322 көшеге қиыршық тас төсеуге 3,8 млрд теңгедей қаражат керек. Ал асфальттауға 8,9 млрд теңгедей қаржы қажет. Үш жылдың алғашқы жылына, яғни биылға 1,5 млрд теңгедей қаражат қарастырылып, жос­пардағы  жұмыстардың 60 процентін игеруге мүмкіндік бар.   

«Қорқыт ата көшесі» аумағында да тұрғындар жол жағдайына қоса, көшелерді жарықтандыру, аяқ су әкелу мәселесін көтерді. 

– Осыған дейін қаланың  орталық, кіреберіс көшелеріне баса мән берілсе, енді ішкі жолдарды жөндеуге кірісеміз, – деді аймақ басшысы. Тұрғындар жаңа бастамаға қатысты ой-пікірлерін айтып, көшелерді көркейтуге байланысты ұсыныстарын жеткізді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз