Сол жағалау: Құрылыс сапасы қатаң бақылауда

268

0

 Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бейсенбі күні Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қала құрылысымен танысып, сапа мәселесі қатаң бақылауда болатынын ескертті. 

Бүгінде мұнда қуаттылығы 32 мВт болатын жабық трансформаторлық қосалқы станция салынып бітті. Бұл сол жағалаудағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарды электр қуатымен қамтуға жеткілікті. Құрылыс барысында экологиялық таза әрі құрғақ трансформаторлардың қолданылуы нысанды өрт қаупінен қорғайды. Себебі, олардың құрамында май жоқ әрі артық кернеуге төзімді. Нысан цифрлық технологияның көмегімен басқарылады.

– Қосалқы станция -40, +40 градус температурада да жұмыс істейді. Бұл Қызылорданың ауа райында өте маңызды. Мұнда диспетчерлік басқару, байланыс каналдары арқылы телеақпарат жіберу, электр қуатын тұтыну есебі сияқты жағдайлар қарастырылған, –  дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.

Одан кейін облыс әкімі сол жағалауда салынып жатқан «Болашақ» университетінің студенттер қалашығына барды. Құрылыс іргетасы былтыр,   қыркүйек айында қаланған болатын. «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақберген Досманбетов аумағы 10,8 гектарды алып жатқан қалашықта 12 қабатты әкімшілік ғимараты, оқу корпустары, студенттер сарайы, клиникалық құралдармен жабдықталған медициналық, «Болашақ» колледждерінің ғимараты, балабақша, дендросаябақ пен мегаорталық орналасатынын айтты.

Аталған құрылыс объектілерінің жұмысымен танысқаннан кейін аймақ басшысы Сырдарияның сол жағалауын игеру жөніндегі штабтың көшпелі отырысын өткізді. Бүгінде жоба аясында жұмыс қарқын алды. Атшаптырым аумақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында игеріліп жатыр.

– Өткен күзде аймаққа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қызылорда қаласының Астана үлгісімен қарқынды дамып келе жатқанына куә болған еді. Осында салынып жатқан, салына бастаған нысандардың құрылысын белгіленген уақытта аяқтау үшін бәріміз біркісідей жұмылуымыз қажет. Әрине, бұл бағытта шешімін күткен мәселелер әлі де бар. Алайда, жаңа қала құрылысында ештеңеге қарамастан, кідіріс болмауы керек, – деді облыс әкімі.

Сырдарияның бос жатқан бөлігін игеруге үлес қосушылардың бірі – «Трэйд Роуд» ЖШС. Серіктестік өкілінің айтуынша, кұрылыс компаниясы сол жағалауда 4 жобаны қолға алды. Олардың қатарында 2 сауда кешені, төрт жұлдызды қонақүй мен автосалон бар. Бүгінде сауда кешендері орналасатын жер телімдері анықталды. Қалған нысандардың қайда салынатыны тиісті шаралардан кейін белгілі болмақ.

Штаб жиынында облыс әкімінің кеңесшісі Нажмадин Шамұратов жобаны іске асыру барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Мысалы, 1,6 шақырым жерге асфальт төселгеннен кейін ғана коммуникациялық инфрақұрылым желілерін жүргізу қажеттілігі туындаған. Ал бұл тегістелген жолды қайтадан бұзуға, бүлдіруге әкеп тірейді.

– Осылайша қаншама еңбек рәсуа болып, бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалады. Мұндай кемшіліктер соңында проблемаға айналуы мүмкін. Сондықтан құрылыс талаптары түгел орындалуы тиіс, – деп атап өтті Нажмадин Шамұратов.

Сол жағалауда көп ұзамай республикалық бюджет есебінен тағы да біршама тұрғын үй салына бастайды. Көшпелі жиын қорытындысында аймақ басшысы бірегей жобаға Елбасы ерекше мән беріп отырғанын айта келе, жауапты сала басшыларына жаңа қала салу ісіне барлық мүмкіндікті, күш-жігерді жұмылдыруды тапсырды.

 

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<