Соңғы қоңырау күні мектеп қолданысқа берілді

316

0

Қызылорда облысында екі білім ошағының құрылысы аяқталып, соңғы қоңырау шарасы аясында пайдалануға берілді. Оның бірі – Қармақшы ауданының Жосалы кентінде салынған 300 орындық мектеп, – деп хабарлады «24 kz» телеарнасының тілшісі Нұрлан Жақыпбеков.  
Өткен жылдың маусым айында іргетасы қаланған Жосалыдағы №183 мектептің жаңа ғимараты бүгін пайдалануға берілді. Әсіресе оқу ошағының ұстаздары мен оқушылары көңілді. Өйткені олар  ұзақ жылдардан бері 1966 жылы салынған ескі мектепте оқып, оның зардабын тартып келген болатын. Бұл оқу орнында 60 педагог 340 оқушыға білім береді. Жаңа ғимаратта қажеттінің бәрі бар. Спорт, акт залы, лингафон, мультимедиа, химия, физика, биология кабинеттері жаңа үлгіде жабдықталған. Бүгін бұл мектептен 21 түлек қанат қақты. Жалпы облыс бойынша 7113 оқушы мектеп бітірді. Оларды алда үлкен сынақ күтіп тұр. 
Сырбойылық түлектердің биыл 5 мыңға жуығы ұлттық біріңғай тестілеуге қатысады. Барлығы дерлік бұған дейін сабақтан тыс уақытта аралық сынақ, әзірлік шараларына қатысқан. Ал «Алтын белгіге» үміткерлер саны 338-ді құрап отыр. Арманы асқақ жастың бірі – Мөлдір Төлегенова. Ол болашақта ақпараттық технология саласын дамытуға үлес қосуға ниетті. 
– Алдағы уақытта ақпараттық технологиялар саласындағы мамандығын таңдап отырмын. Себебі қазіргі таңда еліміздің экономикалық саяси дамуына осы мамандықтың тигізер пайдасы зор. Алдағы уақытта алдымыздағы ҰБТ-дан жоғары бал алып, ұстаздарымыздың үмітін ақтап, мектебіміздің сенімінен шығу жас түлектердің басты мақсаты, – дейді ол. 
Сондай-ақ бүгін Қармақшы ауданының Иіркөл ауылдық округінен бой көтерген 50 орынды балабақша есігін айқара ашты. Мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде бұған дейін балабақша тапшылығы айтарлықтай сезілетін. Уақыт талабына сай келетін жаңа бөбекжай айтулы мәселені шешіп қана қоймай, ауылдықтарды жұмыспен қамтыды. 
Айта кетейік, облыста соңғы 3 жылдан бері 3 ауысымдағы мектептер мүлдем жоқ. Ал 3 пен 6 жас аралығындағы балалар толықтай балабақшамен қамтылған.
24.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<