СЫННАН ЖАЛТАРУ ЖАСҚА ЖАРАСПАЙДЫ

165

0

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Мысалы, биыл мектеп бітірген 2300-ге жуық жас ҰБТ-ға қатыспайды. Ал 860 шақты жігіт әскерге барудан жалтарып жүр. Мәжілісте аймақ басшысы осыған байланысты алаңдаушылық білдірді. 

Жиында алдымен облыстық білім бас­қармасының басшысы Майра Мелдебекова алдағы шешуші сынаққа дайындық жөнін­де айтты. Биыл түлектер қорытынды аттес­таттау мен ҰБТ тапсырады. Алғашқысы – орта білім туралы аттестат алу үшін жалпы мектеп бітірушілерге, ал екіншісі ЖОО-ға түскісі келетіндерге арналған. Қорытынды аттестаттау 9-сыныптар үшін – 28 мамыр мен 8 маусым, 11-сыныптар үшін 29 мамыр мен 8 маусым аралығына белгіленген. ҰБТ жылдағыдай 9 тестілеу пунктінде 20 маусым мен 1 шілде аралығында өткізіледі. Осы оқу жылында оған қатысуға 7113 түлектің тек 4821-і ниет танытып отыр.

– Мектеп бітірушілердің 81%-і жара­тылыстану-математика бағытындағы, 19%-і гуманитарлық пәндерді таңдады. Бұл – дұрыс шешім. Өйткені, биыл қосым­ша бөлінген 20 мың білім гран­тының басым көпшілігі техникалық ма­ман­­дықтарға бағытталған. Осы орайда оқушыларымыздың грант жеңіп алу мүм­кіндігі жоғары, – деді басқарма бас­шысы.

Биылғы түлектердің 343-і – «Алтын белгіден», 232-сі «Үздік аттестаттан» үмітті. Талапкерлер мұны мектепте өтетін мемлекеттік аттестаттау қорытындысымен дәлелдейді. ҰБТ-да 5 пәннен 140 балды құрайтын 120 сұрақ беріледі. Оның 3-і міндетті, оқу мен математикадан сауат­тылығына, тарих пәні мен таңдаған мамандығына, 2-і бейініне байланысты. ЖОО-ға түсу үшін – 50, ұлттық ЖОО-ға түсу үшін ең кемі 65 балл жинау қажет. Шекті деңгейге жете алмағандарға 2018 жылдың тамыз айында және 2019 жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Осы оқу жылының басты өзгерісі – ҰБТ-ны қазақ, орыс тілдерінде ғана емес, ағылшын тілінде де тапсыруға болады.

Сала жетекшісінің айтуынша, тестілеуге дайындық шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мектептерде жыл бойы негізгі пәндер бойынша қосымша сабақтар, бейінді пәндер бойынша тереңдетілген курстар ұйымдастырылды. Сынама тестілеу нәтижесіне сәйкес, орташа көрсеткіш 90,5 балл болып отыр. Тестілеу пункттерінің жай-күйі, қауіпсіздік шараларын, елді мекендердегі талапкерлерді тасымалдау және ас-ауқатпен, жатын орынмен қамтамасыз ету сияқты мәселелер бүгінде шешімін тапты. Биыл ата-аналар үшін ҰБТ барысын онлайн трансляция арқылы бақылауға жағдай жасалып отыр.

Облыс әкімі осыдан кейін сынама тестілеу мен түлектердің ҰБТ-ға қатысу үлесі бойынша төменгі орындардағы аудандардың басшыларына көрсеткішті әлі де жақсарту мүмкіндігі барын ескертті. 

Ал 860-қа жуық соқталдай жастың әс­кери міндетін өтеуге құлықсыздығы туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі де­пар­тамент басшысы Еркінбек Байболов мәлімдеді.

– Жыл басында мерзімді әскери қыз­метке шақыру қағазы бойынша келмеген 1300-ден астам азаматқа іздеу жарияладық. Нәтижесінде 430 шақтысы табылып, соның 30%-і әскерге шақырылды, – деді ол.

2018 жылғы көктемгі әскери қызметке шақыру қорытындысына сәйкес, тап­сы­рыстың орындалуы мен шақыру комис­сиясына шақырылушылардың толық келуін қамтамасыз етуде Қазалы, Сырдария, Арал, Жалағаш аудандары алдыңғы қа­тар­дан көрінді. Есепті мерзімде облыс бойынша тапсырыстың 65%-і орындалып отыр.

– Бұған біздің көңіліміз толмайды. Сондықтан қала және аудан әкімдіктері, басқа да жауапты құрылымдар тиісті іс-шаралар қабылдауы қажет. Әскерге бару – әрбір азаматтың Отан алдындағы борышы. Мұның екінші жағы да бар. Сөз басында айтылғандай, биыл 2300-дей бала ҰБТ-ға қатыспайды. Оған 858 адамның әскерден қашып жүргенін қосыңыз. Бұл ертеңгі күні маргинал жастардың қатарын көбейтуі мүмкін, – деген аймақ басшысы әскерге барғысы жоқ жігіттердің тізімін ақпарат құралдарына жариялауды тапсырды.

Күн тәртібіндегі кезекті мәселе – 2019 жылы өтетін халық санағына дайын­дық барысына облыстық статистика депар­таментінің басшысы Мәриям Баекеева тоқталды. Негізгі жаңашылдық – компьютерлендіруде. Яғни, арнайы интернет-портал ашылып, азаматтар соған өздері туралы мәліметті жолдай алады. Санақ кезінде мамандар планшет пайдаланады. Бұл санақты жедел жүргізуге, қателікке жол бермеуге мүмкіндік жасайды. Маңызды шараны өткізу үшін облыс бойынша 1326 адам уақытша жұмысқа тартылады. Осы орайда жасотандықтардың арасынан волонтерлар табу, жетекші жастар ұйымымен бірлесе жұмыс істеу көзделіп отыр.

Жиын қорытындысында облыс әкімі сала жетекшілеріне аталған мәселелер аясында тиісті тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы назарда болатынын жеткізді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».