ТАРИХҚА ҚАЛАМ ТЕРБЕГЕН

155

0

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Арал, Қазалы аудандарының құрметті азаматы, жазушы, тарих зерттеушісі Бегімбай Ұзақбаевтың  70 жылдық мерейтойына арналған «Тарихқа қалам тербеген» атты кездесу кеші өтті. А.С.Пушкин атындағы орталық қалалық кітапхана ұжымы ұйымдастырған кеште «Болашақ» университетінің студенттері болды. 

Шара қонақтары  белгілі қаламгер – Айжарық Сәдібекұлы,  Өтеген Жаппархан, Жұматәлі Әбдіраман жазушының Тұранның тұғырлы тұлғасы жайындағы «Жалаңтөс баһадүр», абыз-әулие жайлы «Қарабура»,  «Марал баба», батыр бабамызды бейнелеген «Сартай батыр»,  «Тағдыр», «Қилы-қилы заман-ай», «Алдаспандар рухы», «Шығар күннің шуағы», «Өнегесімен өркенін жайған» басқа да прозалық шығармаларының оқырман жан дүниесіне шуақ  құяр, ұлттық рухани  байлығымызға  айналған  құнды дүниелер екендігін айтып, кеңінен  әңгіме қозғады. Ақын Толыбай Абылаев    арнау  жыр  оқыса,  қоғам қайраткері Ержан Уәйіс замандас ретінде жазушының  өмірінен естеліктер айтып, Сыр өлкесінің тарихын терең толғаған  қаламгер екендігін атап өтті. Жазушы оқырмандар сұрақтарына жауап беріп, шығармашылық лабораториясы жайлы әңгімеледі.

 М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжді ІІ курс студенті Нұрдәулет Елдес Сартай батыр бейнесін  сомдап шығармадан үзінді келтірсе,  өнерпаз жастар  күмбірлете күй тартты.

«Болашақ» университетінің ректоры Ө.Үмбетов, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары А.Айеке  құттықтау сөз сөйлеп, сый-сияпат жасады.  Жазушымен кездесу ғибратты әңгімеге толы болып, оқырмандарға терең ойлар тастады.

Н.САҒАТҰЛЫ.