Тігінші Қайраттың қайсарлығы

428

0

Қол қусырып қарап отыруды намыс санайтын Қайрат Мұсабаевтың жеке шеберханасын ашқанына көп уақыт болған жоқ. Десе де отандық өнімді қолдайтындар оның қолынан шыққан дүниелерін арнайы тапсырыспен алдырады. Ерлерге арналған сырт киімдер мен шалбардың түр-түрін заманауи үлгіде тігеді. Сонымен бірге, сыртқы киімдерді тігумен және қайта өңдеумен де айналысады. Сапасы жағынан қара базардағы қытай мен қырғыздың өнімінен әлдеқайда артық.

Осыдан жиырма жыл бұрын жазатайым жағдайға ұшырап, денсаулығына зақым келеді. Алайда, қиындыққа мойымай 2-ші топ мүгедегі болғанына қарамастан, 2005 жылдан бері үйде отырып тігін тігумен айналыса бастайды. Қайрат Мектепбайұлы өткен жылдың күзінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,5 млн теңге көлемінде несие алды. Ол бүгінде мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде. Соның арқасында тігін цехын жабдықтап, кәсібін жандандырып отыр.

– Маған тігіншілік қасиет нағашыларымнан берілсе керек-ті. Ер азамат болсам да ісмерлік өнерді жаным қалап тұрады. Қарап отырсаңыз, үстіміздегі киімнің бәрі сырт елдікі. Неліктен отандық өнімді өзіміз шығармасқа? Қолымнан келетін дүниені жасап көруге бел будым. Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында өткен жылы «Өзіңе сене баста!» атты ІІ көрме-конкурсына қатысып, 1 орынды иелендім. 1 млн теңге көлеміндегі қаржылай сертификатымен марапатталдым. Бұл көрмеге «Ерлерге арналған киім тігу» жобасын ұсынған болатынмын. Берілген сертификатқа Алматыдан маталар мен керек құрал-жабдықтарды алып, жұмысымды жалғастырудамын,– дейді ол.
Кәсіпкер «Алина» деп аталатын шеберханасын немересінің құрметіне қойған.  Аса төзімділікті, жоғары талғамды, әдемі үйлесімділікті қажет ететін бұл өнер түрін кез-келген адам алып кете алмайды. Қанмен берілген қасиетті жауапкершілікпен алып жүру де оңай емес. Дәл қазіргі кезде пайдаға шаш етектен кенелмесе де, алдағы уақытта тапсырыстар саны артып, өнімінің үлкен сұранысқа ие болатынына сенімі мол Қайрат ағамызға күш қуат тіледік. Елуді еңсерген ел ағасының қолынан шыққан ерлер киімі қолдауға тұрарлық дүние.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<