Сейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Ресей университеттерін бітіріп келетін түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесін талқылаған жиын өтті.
Бүгінде Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей Федерациясы Үкіметінің қаражаты есебінен білім алып жатыр. Алғашқы 75 бітіруші түлек шілде айында диплом алып, елге қайтып келеді.
– Қызылорда облысы жыл сайын Ресей Үкіметінің гранттары есебінен жетекші техникалық университеттерде түлектерін оқытатын бірден-бір аймақ. 2014 жылдан бастап Мәскеу және Санкт-Петербургтің оқу орындарына облыстан 452 мектеп бітіруші оқуға түсті. Биыл олардың алғашқы легі оқуын аяқтайды. 62 студент диплом алып, Қызылордаға қайтып келеді, ал 13-і магистратураға түсіп, оқуын жалғастырмақ. Түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі де пысықталуда. Бұл балаларға үлкен үміт артып отырмыз, өйткені олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын өзгертіп, қазіргі заманның талабына сай бәсекеге қабілетті маман болады, – деді аймақ басшысы.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Сабанбаевтың айтуынша, Ресейдегі студенттердің сабақ үлгерімі, әлеуметтік жағдайы күнделікті бақылауда. Уатсапп мессенджерінде арнайы чат ашылып, онда проблемалар мен олардың шешілу жолдары талқыланады. Өткен жазда суденттер облыс әкімімен кездесуде сырбойылық жастардың қауымдастығын құру туралы ұсыныс айтқан еді. Қазір «Орда» қауымдастығы құрылып, жастардың өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға, Ресейдегі ҚР елшілігімен қарым-қатынас орнатуға, түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға кірісті. Жоғары курстар оқуға енді түскен жастардың қала өміріне бейімделуіне, түрлі кедергілерді жеңуіне көмек көрсетіп келеді.
Бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесімен айналысатын жұмысшы топ жастар үшін облыс кәсіпорындарына экскурсиялар, жұмыс берушілермен бейресми кездесулер ұйымдастырды. Негізі Мәскеу болат және қорытпалар институты ҰЗТУ (МИСиС) мен Санкт-Петербург өсімдік полимерлері мемлекеттік технологиялық университетінің түлектері «Нанотехнология және микрожүйелі техника», «Технологиялық процестер мен өндірістерді автоматтандыру», «Материалтану және материалдар технологиясы», «Электроника мен наноэлектроника», «Металлургия», «Стандарттау және метрология», «Технологиялық машиналар мен құрал-жабдықтар», «Жылу энергетика және жылу техникасы» және т.б. мамандықтарды игерген.
Өңірдің бірқатар кәсіпорны түлектерді жұмысқа қабылдауға дайын. Олардың басшылары жиын барысында бұл ниеттерін растады. Мәселен, Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты – 4, СКристалл менеджмент» ЖШС – 1, САбзал және К» ТС – 3, «Геджуба Шиелі Цемент» ЖШС – 8, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы 3 адамды жұмысқа қабылдауға әзір. Оған қоса «Қызылорда жарығы» холдингі де мекемеге керек мамандарды жұмысқа шақыруда.
Арнайы бөлініс кестесіне қарағанда, түлектер «Фирма Балауса», «СКЗ – U», «Юлдизлар ССС холдинг», «Агрохолдинг Байқоңыр», «Абай-Дәулет», «Шалқия цинк ЛТД», «Аралтұз» сияқты кәсіпорындарында еңбек етпек. Жергілікті атқарушы органдар да креативті, заманауи білім алған жастардың потенциалын пайдаланады. Жиында «Фирма Балауса» ЖШС өкілі кестеде белгіленген 2 адамды ғана емес, одан да көп мамандарды жұмысқа қабылдауға дайын екенін айтты. Шыны зауыты өкілінің айтуынша, 20 адамды жұмысқа қабылдап, болашақта қосымша оқытуды, өндіріске қажетті мамандықтарға бейімдеуді жоспарлаған. Облыс әкімі бітіруші түлектерге қойылатын қосымша талаптарды осы бастан хабарлап, олардың тіл үйрену курстарын бітіруіне, қызметтік міндеттерін атқару үшін керекті машықтарын қалыптастыруға мүмкіндік беру керектігін айтты. Сондай-ақ өндіріске, аудандарға барған жас мамандардың баспана мәселесін де шешіп беруді тапсырды.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевтің айтуынша, жыл соңына дейін аймақта ірі кәсіпорындар – шыны, молибден және цемент зауыты мен балық өндеу цехы іске қосылады. Бұл кәсіпорындар «Химия», «Энергетика», «Стандарттау», «Материалтану», «Автоматтандыру», «Құрылғы операторы» мамандықтарын қажет етеді. Шиелідегі цемент зауыты 200 адамды жұмыспен қамтуы тиіс. Жылдың басында Шиелі индустриялық аграрлық колледжіне 100 бала оқуға түсіп, олардың 46-сы сынақ тапсырды. Қазір олар Қытайда білім жетілдіруде.
Клаус Швабтың «Төртінші өнеркәсіптік революция» еңбегінде алдағы 7-10 жылда жасанды интеллектпен қатар адамның қоғамдағы ой еңбегі де жоғары сұранысқа ие болатыны көрсетілген. Ғылыми-техникалық прогрестен туындаған болашақ мамандықтар инновациялық, жасанды интеллект, ІТ саласымен байланысты болғандықтан, маман даярлауда осы алғышарттарды ескеру маңызды.
Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдарға студенттерді өңірдің өндірістік компаниялардағы бос жұмыс орындары туралы уақытылы хабардар етуді тапсырып, жастарды жұмысқа орналастыру бойынша жеке жауапкершілік жүктелгенін ескертті.
– Біз алдымызға өркениетті елдердің қатарына қосылуды мақсат етіп қойып отырған елміз. Сондықтан экономикамызбен қатар кадрларымыз да бәсекеге сай болуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Қазір сырбойылық жастар Мәскеу болат және қорытпалар институты, Санкт-Петербург өсімдік полимерлері мемлекеттік технологиялық университетінде ғана емес, К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті мен И.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде аймаққа қажетті мамандықтар бойынша білім алуда. Одан бөлек, сырбойылық жастарды Қазан қаласындағы «Иннополис» университетінде оқыту туралы келісім жасалды, «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарлануда. Биылдан бастап қызылордалық жастар үшін «Киберқауіпсіздік» және «Математикалық процестерді модельдеу» мамандықтары бойынша М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына 20 грант бөлінетін болады. Жыл сайын ауылдан, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан түлектерге облыс әкімінің 100-ге жуық гранты бөлініп келеді. Қазір грант иелерінің саны 700-ге жуықтады. Биыл грант саны 200-ге жеткізіліп, оның 70 процент ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бағытталатын болады.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<