Әрдайым елмен бірге

238

0

Мәслихат жергілікті өзін-өзі басқару саласында маңызды рөлге ие. Ол – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғайтын сенімді саяси институт.

Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумында да ел Президенті биліктің маңызды тармағы ретінде олардың айрықша рөлін атап өткен болатын. Депутат халықтың өкілі десек, осы ретте өңірдегі өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысып, халықтың мүддесі үшін қызмет етіп, аймақ дамуына сүбелі үлес қосып жүрген облыстық мәслихат депутаттарының еңбегі баршылық. Олар Сыр өңірінің өркендеуі мен дамуына бағытталған шешімдерді қабылдап қана қоймай, Мемлекет басшысының Жолдауларында міндеттелген тапсырмалардың, түрлі бағдарламаның уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалап,  аймақ дамуына өз үлесін қосып келеді. Сондай белсенді халық қалаулысы, №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша облыстық мәслихатының депутаты Ерлан Қалиев жыл сайын атқарған жұмысын ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы есеп беруді жөн көреді.

Ол Байқоңыр қаласы бойынша бірнеше мәселені көтеріп, жұртшылықпен кездесіп жүр. Сондай кездесу барысында кәсіпкерлердің шешімін таппай жүрген мәселесіне назар аударып, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, денсаулық, білім беру саласы бойынша көптің сұранысын қанағаттандыруға атсалысуда.

Байқоңыр қаласында тұрғындардың жанына бататын проблемалардың бірі – ол денсаулық сақтау мекемелерінің көрсететін қызметінің сапасы. Сондықтан да сайлауалды бағдарламасында «Байқоңыр қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық базасын күшейтуге, жетіспейтін құрал-жабдықтар және қажетті мамандармен қамтамасыз етуге ықпал ету» деп өзіне міндет етіп қойған. Бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, оның шешімін табуға оң ықпал ете білген.

Бүгінгі қоғамдағы бала тәрбиесі мен білімі де Ерлан Піртазаұлын бейжай қалдырған емес. Әр қазақ баласының жағдайы жасалған заманауи оқу ордасында білім алуы қажет деп есептейді.

– Жалпы білім беру мәселесі жайлы айтсақ, бүгінгі қазақ баласына бәсекелі білім көшіне ере алу, заманауи  технологияларды  меңгеру,  бірнеше тілде сөйлей алу мүмкіндігі берілген. Олар – заманның қозғаушы күші. Дегенмен, қоғамда тәрбие мәселесінде айқын көрініп отырған кемшілік – баланың бойындағы ұлттық құндылықтың көрінбеуі. Мені осы мәселеде нақты істен гөрі қағазбастылықтың орын алуы алаңдатады, – дейді депутат.

Кез келген елде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру – саяси даму мен экономикалық өркендеуге жол ашып, тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту арқылы азаматтық қоғамның қалыптасуына оң ықпал ететін маңызды шарт. Осы ретте  Ерлан Қалиев –  қоғамдық пікірге құлақ асып, азаматтар мен өзге де ұйымдардың қажеттілігі мен сұранысын саралап, ол туралы ұсыныс енгізуге және өзге де шаралар қабылдауда белсенділік танытып жүрген депутаттың бірі.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<