Болашақтың бағдары

400

0

Робототехника – жаңа дәуірдің ең қызықты және перспективалы салаларының бірі. Бүгінде өнеркәсіп, медицина, білім беру саласында және күнделікті өмірде кеңінен қолданылып жүр. Заманауи роботтар адамның күрделі жұмысын жеңілдетіп, қауіпсіздік пен тиімділікті арттырып, инновациялық шешімдерді ұсынады.

Әсіресе, білім беру саласында робототехника балалар мен жасөспірімдердің инженерлік ойлауын дамытып, бағдарламалау, механика және электроника негіздерін меңгеруге мүмкіндік береді. Оқушылар роботтар арқылы тек теориялық білім алып қоймай, практикалық дағды қалыптастырып, болашақтың технологияларымен танысады.

Осы орайда өзім қызмет істейтін №163 орта мектебінде «SMART BALA» жобасы аясында 8-сынып оқушыларына робототехника үйірмесін жүргіземін. Оқушылардың заманауи технологияға деген ынтасы өте жоғары. Жетістіктеріміз де жоқ емес. Айтап айтар болсақ, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген аудандық «Жас өнертапқыштар» сайысында «Креативті жоба» номинациясын 8 «б» сыныбының оқушысы Тілеуберген Нұрсұлтан жеңіп алды. Жақында ғана өткізілген 2-7 сынып оқушылары арасындағы «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының аудандық кезеңінен 1-орынды Гүлімбетов Мағжан есімді оқушым қанжығасына байлады. Бұл жетістіктер басқа да оқушылардың алға қарай ұмтылуына, осы салаға деген қызығушылығы артуына оң ықпал етті.

Қазір өнеркәсіптік автоматтандыруда роботтар қауіпті, монотонды жұмыстарды орындап, адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларды болдырмай, жұмыс процесін оңтайландырып, өнімділікті арттыруда. Бұл үрдіс экономиканың дамуына, өндірістің жаңғыруына және инновацияның кеңінен таралуына септігін тигізеді.

Болашақтың технологиясы ретінде робототехника тек ғылыми-зерттеу саласымен шектелмей, күнделікті өмірімізге де еніп отыр. Қалалар мен ауылдық жерлерде роботтар инфрақұрылымды басқару, медициналық қызмет көрсету, үй шаруашылығын автоматтандыру сияқты салаларда қолданылады. Бұл технологиялар қауіпсіздікті арттырып, адам қызметін жеңілдетуге бағытталған шешімдерді ұсына отырып, өмір сүру сапасын жоғарылатады. Сонымен бірге қоғам робототехника саласындағы жаңалықтарды жан-жақты бағалап, технологияның мүмкіндіктері мен қауіптерін ескеруі қажет.

Робототехника саласындағы жетістіктер мен инновациялар болашақтың есігін аша отырып, қоғамның дамуына зор үлес қосады. Бұл технология тек өнеркәсіп пен экономикада емес, сонымен қатар білім беру мен күнделікті өмірде де жаңа мүмкіндіктердің негізін қалайды. Заманауи роботтар мен автоматтандыру жүйелері арқылы адамзат өз жұмысын жеңілдетіп, қауіпсіздік пен тиімділікті арттыра түседі, ал жас ұрпақ жаңа технологиялармен танысып, болашақтың шығармашыл мамандары ретінде қалыптасуда.

Гүлбақыт ЖАРТЫБАЕВА,

№163 орта мектебі информатика пәнінің мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<