Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сыр өңірінен білікті ұстаз, М.Шоқай атындағы №187 ІТ мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, директордың ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Сәуле Әбутәліпқызы Егізбаева Мемлекет басшысының мерекелік қабылдауында болып, «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сәуле Әбутәліпқызы ең алдымен көп жылғы еңбегін бағалап, жоғары марапатқа ұсынған барша әріптестеріне алғысын білдірді.
– Жас кезімнен өзім арман еткен ұстаздық жолға түсіп, қырық жылға таяу шәкірт тәрбиелеу ісіне атсалысып келемін. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін саланың негізгі міндеті – ұрпақ тәрбиелеу десек, әрбір ұстаз осы міндетті абыроймен атқаруға қызмет етеді. Бүгінгі заман талабына сай білім мен тәрбие беру ісінің де әдістемесі жаңарып, жауапкершілігі еселеп арта түсуде. Осыған сәйкес педагогтер де үздіксіз білімін жетілдіріп, тәжірибесін толықтырып отырады. Бұдан бөлек, жыл сайын білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып келеді.
Президент тапсырмасымен облыста да «Жайлы мектептер» салу жоспарланған болса, қазір 10 мектептің құрылысы басталып, 5 білім ошағы пайдалануға берілді. Бұл мектептер білім алушыларға барынша қолайлы жабдықталған. Мемлекеттің осындай қолдауына сай жас ұрпақтың бойына сапалы білім мен саналы тәрбиені сіңіруге ұстаздар қауымы аянбай еңбек етуі тиіс деп ойлаймын, – дейді Сәуле Әбутәліпқызы.
Білім саласында 38 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Сәуле Егізбаева шәкірт тәрбиелеу ісіндегі жемісті еңбегіне орай көптеген марапатқа қол жеткізді. Білім саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін қалалық білім бөлімінің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының, BILGEN ұлттық авторлық методика және бағалау орталығының, республикалық дәстүрлі интернет олимпиадасының «Құрмет грамотасын», ҚР Білім және Ғылым министрлігінің «Алғысын» иеленген.
ҚР БҒМ «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен ағылшын тілі пәнінен өткен республикалық «ПедСтарт» олимпиадасынан ІІІ дәрежелі диплом, «Оқу процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізуге қосқан үлесі үшін» BILIMPORTAL.KZ сайтынан «Алғыс», А.Жұмаділдаев атындағы жас математиктер халықаралық байқауын өткізу жұмыстарына қосқан үлесі үшін республикалық математик мұғалімдер қауымдастығынан «Алғыс», «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсының қалалық кезеңінде ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.
Білікті, тәжірибелі ұстаздың еңбегі бірнеше рет облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми-танымдық басылымдарда жарияланған. Ғылыми-әдістемелік құралдары жарыққа шыққан. Сонымен қатар, бірнеше біліктілік курстарында сабақ берген.
Қалалық білім бөлімі оқу-әдістемелік орталығы жанынан құрылған «Зерде» ғылыми жобалар, «Педагогикалық идеялар» конкурсының қазылар алқасы, сонымен қатар аттестаттау комиссиясының сарапшы топ құрамының мүшесі.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<