ҚР Парламенті Сенатының кезекті пленарлық отырысында Сенат депутаты Руслан Рүстемов әріптесі Наурызбай Байқадамовпен бірге ҚР Премьер-министрінің атына Арал, Қазалы аудандарының бірқатар елді мекендерін сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөнінде депутаттық сауал жолдады. Оның мәтіні ұсынылып отыр.
«Құрметті Олжас Абайұлы!
Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз ету туралы тапсырма берілген болатын.
Осы орайда, Қызылорда облысында халықты ауызсумен қамту мәселесінде түйіні тарқатылмай тұрған бірқатар өзекті мәселені және ауызсуға зәру елді мекендердің жағдайын назарыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Облыс аумағында 4 қала және 223 ауылдық елді мекен бар. Өңірдегі барлық қалалар 100 пайыз ауызсумен қамтылған. Алайда 6 мыңға жуық халық қоныстанған 23 ауылдық елді мекен күні бүгінге дейін орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылмаған.
Елді мекендерді 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауызсумен қамту мақсатында облыс әкімдігімен арнайы жол картасы әзірленіп, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. Жол картасы аясында 5 елді мекенді топтық су құбырына қосу, 2 елді мекенге су тұшытқышын орнату, 4 елді мекенде ішкі су жүйесінің құрылысын жүргізу, 12 елді мекенді қазіргі жағдайда қалдыру жоспарланған.
Қазіргі уақытта Арал ауданының Ақбасты, Тоқабай, Абай ауылдық елді мекендерін «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына қосу жобалары Су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы жүзеге асырылуда. Алайда бұл жобалардың құрылысы 2021 жылы басталғанымен әлі күнге дейін аяқталмай, ұзаққа созылып келеді.
Тоқабай, Абай елді мекендерін топтық су құбырына қосу жобасының келісім-шарт бойынша құны 8,1 млрд теңге. Алайда бүгінге дейін бөлінген 2,4 млрд теңге қаржы жобаны аяқтау үшін мүлде жеткіліксіз. Жобаға сәйкес түрлі диаметрдегі 138 шақырым су құбырлары, 2 дана сорғы станциясы және 4 дана су қоймасы салынуы тиіс болса, бүгінде тек 23 шақырым су құбыры ғана жүргізілген.
Ақбасты елді мекенін топтық су құбырына қосу жобасында қаралған су құбырлары толық жүргізілгенімен, жоба құны бойынша қаражаттың толық көлемде бөлінбеуі салдарынан сорғы станциялары мен су қоймаларының құрылысы әлі де аяқталмауда.
Аталған жобаларды жүргізу барысында осындай күрделі жағдайлардың қалыптасып, құрылыс қарқынының баяулауы себебінен 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту бойынша Мемлекет басшысы тапсырмасының мерзімінде орындалмау қаупі туындап отыр.
Бұдан бөлек, облыс аумағындағы 3 мыңға жуық тұрғындар қоныстанған 6 елді мекенді, атап айтқанда, Арал ауданындағы Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендерін топтық су құбырына қосу жобаларын және Қазалы ауданындағы Шәкен, Шилі, Шитүбек, Сарбұлақ елді мекендерінде ішкі су жүйелерін жүргізіп, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлуді қажет етеді. Қиын түйіннің шешімі табылғанша аталған ауылдардың тұрғындары тасымал және шахталық құдықтар арқылы су тұтынуға мәжбүр болып, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін жиі көтеріп келеді.
Сол себепті, аталған мәселені шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоба-сметалық құжаттамалар әзірленіп, жобаларға республикалық бюджеттен 787 млн теңге қаржы қаралды. Дегенмен, бөлінген қаржы жобаларды толық аяқтауға жеткіліксіз.
Құрметті Олжас Абайұлы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс тұрғындарын 2025 жылдың соңына дейін сапалы, таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджетті нақтылау шаралары аясында Арал ауданының Ақбасты, Тоқабай, Абай елді мекендерін ауызсумен қамту жұмыстарын аяқтау үшін және осы ауданның Ерімбетжаға, Тастүбек, Қазалы ауданының Шәкен, Шилі, Шитүбек, Сарбұлақ елді мекендерін ауызсумен қамту жобаларына барлығы 8,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлуге ықпал жасауыңызды сұраймыз.
Аталған жобаларды жүзеге асыру құла дүздегі, құлқын шөлдегі экологиялық қолайсыз аймақ саналатын Арал және Қазалы аудандары тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беріп, халықтың денсаулығына оң әсерін тигізетіні сөзсіз».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<