SIM-карта сенімді ақтай ала ма?
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, Қазақстанда ата-аналар балаларына арнайы SIM-карта сатып алып беруге міндеттелмек. Бұл ретте елімізде кәмелет жасқа толмаған балаларға арнайы SIM-карталар әзірленеді. Ұсыныстың жүзеге асырылуын уәкілетті мемлекеттік органдар талқылап жатыр деп келтірді Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мұндағы артықшылық – SIM-карта арқылы ата-ана баласын бақылайды, оларға арналмаған контенттен қорғап, қайда жүргенін біле алады.
«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, балалар SIM-карталарын пайдалану байланыс операторларының белсенді қолдауымен және цифрлық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бастамалармен сүйемелденеді. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігін бақылау және қамтамасыз ету үшін жоғары технологияларды пайдалана алады. Ал операторлар өз ұсыныстарын отбасының қажеттіліктеріне бейімдейді. Бүгінде Қазақстанда операторлар балалардың интернеттегі қауіпсіз мінез-құлқын бақылауды қамтамасыз етпей, тек білім беру ресурстары қолжетімді болу үшін балаларға арналған арнайы тарифтер ұсынады» делінген хабарламада.
Вице-министр балаларға арналған SIM-картаның қашан енгізілетіні әзірге белгісіз екенін айтты.
Уақыт белдеуі: Шешім қолдау тапты
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, талқылауға қатысқан депутаттар қолданыстағы уақыт белдеуін сақтап қалу туралы шешімді қолдаған. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
«Amanat фракциясының отырысында Үкімет бірыңғай уақыт белдеуінің әсеріне қатысты кешенді мониторингтің қорытындысын ұсынды. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, денсаулыққа кері әсері, аурулардың көбеюі немесе оқушылар үлгерімінің төмендеуі байқалған жоқ. Депутаттар біздің шешімді қолдады» деді Е.Көшербаев.
Сондай-ақ ол қоғамда бұл мәселеге қатысты бұрын болған эмоционалдық шиеленістің басылғанын айта келіп: «Бұл мәселеде қазақстандық қоғам белгілі бір келісімге келді және көпшілік ШҚО-ның үлгісімен икемді жұмыс кестесін қабылдайды деп ойлаймын» деп қосты.
Жалпы өткен жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан аумағында бірыңғай уақыт енгізілген болатын.
Блогерлердің бір шоғыры 2,5 миллиард теңге салық төледі
Қазақстандық блогерлерге қосымша табыстарын декларациялау үшін бір ай уақыт берілген болатын. Бұл ретте Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзін Egemen.kz хабарлады.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін 50-ден астам блогер 2,5 миллиард теңгеден астам табысы туралы хабарлап, салық төленген. «Қалғандарына әлі де уақыт бар. 30 жұмыс күні берілді. Наурыз айының соңына дейін салыстыру жұмыстарын жүргізіп, толық ақпарат береміз» деп мәлімдеді вице-министр.
Бұған дейін 15 блогер 75 миллион теңге салық төлеген еді. Ал 854 блогерге жалпы сомасы 71,9 миллиард теңгені құрайтын «табысты төмендету» дерегі бойынша камералдық бақылау аясында ескерту жолданған.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<