УАҚЫТ ПЕН САПА ҰДАЙЫ СҰРАНЫСТА

173

0

 Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қаладағы жөндеуден өтіп жатқан көшелердегі жұмыс барысымен және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан емхана құрылысымен танысты. 

Аймақ басшысы алдымен 500 келушіге арналған емхана құрылысын көрді. Мұнда жұмыстар аяқталуға жақын. Нысан қыркүйек айында ел игілігіне берілмек. Қазір құрылыс қарқыны жоғары, жұмыстың  85 проценті орындалған.

Соңғы жылдары қаланың инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі іс атқарылып келеді. Қаланың бұрынғы келбеті мен қазіргі сәулеті жер мен көктей. Күннен күнге көркейе түскен Қызылорда қаласының жол сапасы да талапқа сай жасалуда. Көшелерге жаңадан тас төселіп, кейбіріне орташа жөндеу, енді біріне толығымен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.  Қаланың шет аймағында орналасқан көшелер де назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Астана болған Ақмешіттің 200 жылдығына орай атқарылып жатқан шаралар аясында қаладағы А.Тоқмағанбетов көшесі, Қазыбек би көшесінен Жанқожа батыр көшесіне дейінгі аралыққа қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 273,5 млн теңге, жөндеуден өтіп жатқан көшенің ұзындығы 3,8 шақырымды құрайды. Мердігер – «Қыран» ЖШС.

Жол кептелісін, жол-көлік оқиғаларының алдын алу  және қаланың шет аймақтарының инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында Жаппасбай батыр көшесінің Қорқыт ата көшесінен Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейінгі аралығы да жөндеуден өтуде. Жөндеу жұ­мыстарына бөлінген қаржы 187,3 млн теңгені құраса, ұзындығы – 3,8 шақырым. Жауапты мекеме – «УАД» ЖШС. Жаңартылған көшеге жаяу жүргінші жолы, аялдама салу  да қарастырылған. 

– Қала көшелерін жөндеу, сапасын жақсарту мақсатында қалалық бюджеттен қаржы бөлінді. Осы жылдың басынан бастап тиісті жұмыстар атқарылуда.  Жалпы, биыл  17  көшеге жөндеу жұмыстары жос­парланған. Оның  ішінде 12 көше жөнделіп болса, 2 көшеге мердігер мекеме анықталғаннан кейін, жұмыс басталады. Айта кетерлігі,  жөнделген көшелердің басым бөлігі шет аймақтарда орналасқан. Тек ор­та­лықтан Жаппасбай батыр, А.Тоқмағанбетов, А.Байтұрсынов  көшесі бар.  Жол сапасы күнделікті ба­қы­лауда. Одан бөлек тексеру жұмыстары  тұрақты жасалып отыр, – деді қалалық коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Құлмағанбетов.

Жалпы, жыл сайын қала көшелерін күтіп ұстауға, кем-кетігін уақытылы жөндеп отыруға  аса мән беріліп келеді.  Бұрын жергілікті тұрғындар жолдың нашар тұстары көп екенін алға тартса, қазір жол сапасы жақсарған. Дегенде, аймақ басшысы басты талап құрылыс мерзімі мен сапасы екендігін тағы бір шегелей түсті.

 

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».