Жалағаштық түлектер өз мектептеріне сый жасады

525

0

Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Мектебіме тағзым» акциясы жарияланған болатын. Шара барысында аймақтағы 275 мектептің ішінен 60 білім ордасының әр жылдарда бітірген түлектері өзі оқыған білім ордасына түрлі сыйлықтарын табыстады. Соның нәтижесінде  аймақ мектептеріне 44 млн. теңгенің сыйлығы жасалған. Соның бір көрінісі ретінде Жалағаш ауданына пресс-тур ұйымдастырылды.

 Пресс-тур барысында Жалағаш ауданына қарасты бірқатар мектептерді аралап, түлектер тартуымен танысты.

 Жалағаш ауданы бойынша аталмыш акция аясында 5,5 млн теңгеге жуық қаржыға түрлі сый жасалған. Мәселен, І.Қабылов атындағы 32 мектеп-лицейінің түлегі Олжас Шағатаев бүгінде Ақтау қаласында кәсіппен айналысады. Туған жеріне, білім алған алтын ұясына пайдасын тигізу мақсатында ол 820 мың теңгеге жуық қаржыға акт залға 70 орындық, музыкалық аппарат, караоке микрафондар және жұмсақ орындық сыйға тартқан. Одан бөлек тағы да басқа түлектер алғашқы әскери дайындық пәніне қажетті тир мылтығы мен ноутбук алып берген.

Мұндай тарту Ә.Бердәулетов №34 орта мектепке де жасалған. Мектептің әр жылдардағы түлектері 12 домбыра сыйға тартқан. Соның негізінде бүгінде мектепте домбыра үйірмесі ашылып, балалар ұлттық аспаптың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Солардың бірі – Рамазан Қалман. Оныншы сыныпта оқитын жеткіншек: «Домбыраға деген қызығушылығым ерекше. Осындай үйірменің ашылуына мүмкіндік жасапа, домбыра сыйға берген ағаларымызға алғысымыз шексіз. Болашақта мен де осы азаматтардай туған еліме қызмет жасайтып, жомарт жүректі жан болғым келеді», – дейді. Ал түлек сыйға берген музыкалық аппаратураның шарапатын биылғы түлектер көруде.

Пресс-тур соңғы түлектер мен жастардың кездесуіне жалғасты. Онда Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов «Мектебіме тағзым» акциясына белсене қатысқан азаматтарға аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.

М.Қожахметова,

«Рухани жаңғыру» орталығының маманы.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<