Жаңақорғанда еріктілер мұқтаж отбасыға баспана кілтін табыс етті

851

0

«Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының белсенді жастары ұйымдасып, жыл сайын баспанаға аса мұқтаж отбасыларға баспана кілтін табыстауды дәстүрге айналдырған.


Биыл қасиетті Рамазан айында белсенді жастар бір жұдырықтай бірігіп, баспана құрылысын жүргізді. Көптің қолдауымен 30 күн ішінде тұрғын үй құрылысы аяқталып, баспана кілті мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған Жаңақорған кентіндегі жалғызбасты анаға бұйырды.


Баспана кілтін табыстауға аудан әкімі Руслан Рүстемұлы да қатысып, ізгілікті іс жасаған ерікті жастарға алғыс-тілегін білдірді.


«Жастардың қоғамға деген қамқорлығы әркімді де қуантары сөзсіз. Бұл – жастар бірлігі мен тату тірлігінің айқын көрінісі. Осындай озық және ортақ істе әрқайсыңыздың үлестеріңіз мол. Елдің әлеуметтік жағдайына жанашырлық таныту – азаматтық парыз. Рахымы мол Рамазан айында қайырымды істеріңізбен белсенділік танытқандарыңыз үшін Сіздерге Алғыс білдіремін. Ұйымшыл жандардың ортасына айналған «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобы мәдени-рухани кемелденуімізге аянбай қызмет ете береді деген сенімдемін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Бүгінгі 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне тұспа тұс келіп, баспаналы болған отбасының қоныс тойы құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ауызбіршілігіміз арта берсін!» – деген тілегін жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<