Жыр додасының жампозы

314

0

Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты республикалық ақындар айтысында жерлесіміз, «Алтын домбыраның» екі дүркін иегері Мұхтар Ниязов жеңіске жетті.

Жыр додасы «Nur Otan» партиясының бастамасымен, Мәдениет және спорт министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен елордада өтті. Онда 16 ақын өзара сынға түсіп, хакім Абайдың асыл ойлары мен артында қалған өшпес мұрасын кеңінен толғады. Айтысты халықаралық жыршы-термешілер және айтыс ақындары одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізсе, сөз зергерлерінің өнерін ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы бастаған қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде бас жүлдені Мұхтар Ниязов, бірінші орынды да сырбойылық Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Екінші орынды Еркебұлан Қайназаров пен Серік Қуанған, ал үшінші орынды Тілеген Әділов, Әсем Ережеқызы, Рауан Қайдаровтар олжалады.

– Бұрын ақындар жұбы алдын ала анықталатын. Бұл жолы жеребенің көмегіне жүгіндік. Кіммен сөз жарыстыратынымызды сахнаға шыққанға дейін білген жоқпыз. Жұпты залдағы көрермен өздері анықтап берді. Бұл ерекшелік айтыстың әділ әрі шынайы өтуіне септігін тигізді, – дейді бас жүлде иегері.

Қарағандылық Айтбай Жұмағұлов және моңғолиялық Серік Қуанғанмен сайыста оза шапқан ол Сыр елінің даңқын тағы бір мәрте биіктетті.

Назерке Саниязова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<