Зұлмат жылдары 91 сырдариялық жазықсыз атылған

325

0

Бүгін Сырдария аудандық мәдениет үйінде «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» орай «Тарихқа тағылым – өткенге тағзым» атты іс-шара өтті.

Іс-шара саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.

Мұнан соң зұлмат жылдардың зобалаңы туралы театрландырылған көрініс қойылып, лэд-экраннан арнайы түсірілген сюжтет көрсетілді.

Шара барысында аудан әкімі Ғ.Қазантаев сөз сөйлеп, қиындығы мол кезеңнің елімізге төндірген қауіп-қатері көп болғанын атап өтті.

– «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп зар жылаған санғасырлық тарихы бар халқымыздың басынан талай зұлмат жылдар өткені белгілі. Соның ішінде саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көзінің жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттері. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ата-баба әруағына тағзым етуге шақырады. Демограф-ғалымдардың зерттеуіне сәйкес тек біздің ауданымыздан 401 адам қамауға алынып, 91 адам жазықсыз атылған. Адамзат тарихындағы ең қасіретті жылдар жалпы 7 миллиондай адамның өмірін жалмады. Сондықтан нәубет жылдардың қиындығын ешқашан естен шығармауымыз керек және Тәуелсіздік ұғымының қадір-қасиетін сезініп, көздің қарашығындай сақтауымыз қажет,- деді аудан басшысы.

Іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындады. Жалпы, шараға облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, бөлім, мекеме басшылары, аудан ардагерлері, үкіметтік емес ұйым төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты.

Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<