Тұғырда талассыздар тұрғаны игі

398

0

Ескерткіш қою дәстүрі ерте заманнан-ақ бар. Бұл дәстүр ХІХ ғасырда Еуропа мен Америкада өрістеп,  ХХ ғасырда ұлт-азаттық қозғалысының тұлғаларына, ақын-жазушыларға, өнер адамдарына ескерткіш қою үрдіс болды. Қазақстанда ескерткіш қою өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан басталған. Кейін әсіресе, Ұлы Отан соғысына қатысты ескерткіштер орнату ісі етек алды.

Ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштерді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық, тарихи, сәулет өнері, монументтік, яғни, мүсін өнері ескерткіштері.  Бұлар арқылы ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру көзделеді.

Қазақстан қалаларында халқының ынтымақ-бірлігін ойлаған үш биге, ұлт ұстазы Абайға, елін, жерін қорғаған батырларға, еңбек ерлеріне, өнер қайраткерлеріне қойылған тамаша ескерткіштер бар. Олардың кескін-келбеті өткен тарихымызды еске түсіріп, ұрпаққа рух беретін мән-мазмұн иеленген.

Алайда, кейінгі жылдары бой көтерген көптеген ескерткіштің көрген көзге суық тас бейненің ғана әсерін қалдыратын шалағай жұмыстар нәтижесінде өмірге келгенін жасыра алмаймыз. Мұндай ескерткіштердің көбі халық қазынасы бюджет есебінен салынатынын ескерсек, есіл ақшаның есік алдына төккен судай болып жатқанына жаның ашиды. Бұл – бір. Екіншіден, әркім өз руына, өз атасына тартып, әр жерге ескерткіш орнату ісі ортақ дертімізге айналып барады.        

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы жөнінде анық, нақты тұжырым айтты. Үкімет басшысы, мемлекеттік органдар басшылары және облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен өткізген кеңесте Президент халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен бірлігін нығайтудың маңызды міндет екенін еске салды.

«Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар», – деді. Сонымен бірге кеңестік кезең қайраткерлеріне, жаппай қуғын-сүргінге қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі жайында: «Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр», – деп нақтылады.

Бұл – дер кезінде, жаңа қоғамдық реформалар өмірге еніп жатқан маңызды мезетте айтылған сөз.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанында ескерткіштер мен монументтерді орнату жөніндегі мемлекеттік комиссия бар. 

Ескерткіштер мен монументтерді орнату жөніндегі облыстық комиссияда қаралып, іріктелген эскиздер Мемлекеттік комиссияға ұсынылады.

Біздің облыс көлемінде комиссияның келісімінсіз қойылған жұмыстар бұрынырақ некен-саяқ еді. Осы жағдайды болдырмау мақсатында оншақты жыл бұрын арнайы комиссия қажетсіз, сапасыз деп санаған мүсіндерді алдыртып, жөнге қойған болатын. Жалпы, біздің облыста жасалатын мүсіндік жұмыстар алдын ала комиссия мүшелерінің келісімімен, Мәдениет министрлігінің келісімімен талқыланып, рұқсатын алып барып конкурс жариялайды.

 Әрине, ескерткіш жасау оңай жұмыс емес. Ескерткіш бейнесінде әр деңгейдегі адам үшін тарихи оқиғаның не тұлғаның образы оқылып тұруы шарт. Оның эстетикалық, яғни, қала көшесіне көрік қосып тұратын қызметі өз алдына, терең тәрбиелік мәніне баса назар аударылады. Осы мақсатқа жету жолында мүсінші мың ойланып, жүз толғанып ауыр жұмыс үдерісінен өтеді. Модельдік шығарманы жасау жолы өз алдына, оны комиссияның бекітуі  бір бөлек машақат.

Конкурста жеңімпаз мүсіншіні кәсіпкерлерге ұқсатып тендер жариялайды. Бұл – енді басқа әңгіме тақырыбы.

Мен ескерткіштерге байланысты Президенттің ойын қолдаймын. Ескерткіштер соғуды ағайын намысын жыртуға пайдалану жағдайының қоғамда көрініс тауып отырғаны анық.

Дегенмен, халқымыздың қаһармандығын, ұлт зиялыларының өлмес ісін дәріптейтін, ұрпаққа үлгі ететін ескерткіштер талғам мен талапқа сай орнатылса дейміз. Мәселен, Алаштың анасы атанған Қызылордада Алаш көсемдеріне арналған  және ел тәуелсіздігіне тәу ететін символикалық монумент қойылса, ол ұрпақты елін сүюге баурап, қаламызға да айбар беріп тұрар еді. Осыған орай осы бастан бұл монуметтердің қойылатын орны, концепциясы айқындалып, конкурс жариялануы тиіс деп санаймын.  

Сонымен бірге Мемлекет басшысы айтқандай, ойдан құрастырылған өмірбаяндар тұғырда тұруға тиіс емес. Ақиқаттан айнымай, ар ісімен айналысайық.

Аманкелді КЕНЕНБАЕВ,

Қазақстан суретшілер одағының мүшесі,

Қазақстанның мәдениет қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<