Әр қиындықтың артында бір жақсылық бар екенін естен шығармайық

434

0

Фото: ашық дереккөз

Апат айтып келмейді. Бірнеше күннен бері еліміздің бірқатар өңірі қарғын судың кесірінен су алып, тұрғындар абыржып жатыр. Табиғи апат орын алған аймақтардағы ахуал бізді де, яғни Сыр жұртшылығын да алаңдатып отырғаны белгілі. Төтеннен келген кесапат аяп жатқан жоқ.

Ел басына туындаған жағдай Президенттің де жіті назарында. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жариялады.

Үндеуде Президент тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілгенін айтты. Сондай-ақ, зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетілетін жеткізді.


«Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.
Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі.
Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес» – деді Президент.


Мемлекет басшысының бұл сөзі елдегі ағайынға күш-жігер беріп, ертеңге деген сенімді арттырғаны сөзсіз.


Тілсіз жауға төтеп беру әрине, оңай емес. Бұл ел болып сыналар сәт. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді дана халқымыз, ендеше болған іске сабырлылық танытып, ауызбіршілікпен ымыраластықпен күресе білсек, бұл сынақтан да сүрінбей өтеріміз анық. «Әр қиындықтың артында бір жақсылық бар» деп жататын көнекөздер, ендеше жақсылықтан үміттенейік.

Асылбек Тоғызбаев,
денсаулық сақтау саласының ардагері,
«Құрмет» орденінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<