Полиция капитаны

479

0

Әрбір жанның өмірде өз бағыты, бағындырар биігі болады. Асқар шың адамға оңайлықпен берілмесі анық.

Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл. Ішкі істер органдары еліміздің дамуының барлық кезеңдерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін табысты орындап келеді.

Қазақстан полициясы құрылған жылы дүниеге келген 30 жастағы офицерлер облыстық полиция департаментінің түрлі бөліністерінде еңбек етіп жүр. Олардың арасында тергеушілер, учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полицейлер мен жедел уәкілдер бар.

Асқан қырағылық пен ерекше жауапкершілікті талап ететін тергеу саласы полицияның жүрегі іспеттес. Жаны нәзік, табиғаты бөлек полиция капитаны Айгүл Әділова осы салада алты жылдан астам қызмет атқарып келеді.

– Әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл қызмет адамнан қажыр-қайратты, ерлікті, табандылықты талап етеді, – деді ол.

Өз қызметтік міндетіне адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халық арасында сақтық жұмысын жүргізіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан нәзік жанды полицейдің еңбек жолында жеткен жетістіктері аз емес.

Айгүл Әділованың еңбек жолы 2016 жылы Сырдария аудандық полиция бөлімінің тергеушілігінен басталған. Кейіннен Қызылорда қалалық полиция басқармасында тергеу тобының аға тергеушісі болып 2 жыл жұмыс істесе, өткен жылдан бастап облыстық департамент тергеушісі қызметін атқаруда.

Ол халықтың мүддесін биік қоя жүріп, тыныштықтың сақталуын басты міндеті санайды. Жаны нәзік болса да, рухы мықты екенін дәлелдеп келеді. Күн-түн демей халықтың сеніміне селкеу түсірмей қызмет етіп жүргендердің ерен еңбегін атап өтпеске болмайды.

Ер азаматқа тән ауыр қызмет пен нәзік жанды әйел затының мойнындағы міндеттерді қатар атқарып жүрген Айгүл сынды ел қорғанына айналған аруларды кәсіби мерекеде құттықтап, еңбектеріне табыс, қызметтеріне сәттілік пен абырой тілейміз.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<