Жасөспірімдер полиция есебіне алынды

246

0

Қызылордада «Жасөспірім» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.

Облыстық полиция департаменті жер­гілікті полиция қызметі басқармасының мә­ліметіне сүйенсек, іс-шара ұйымдасты­рылған 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында кәмелетке толмағандарға қатысты 1231 әкімшілік хаттама рәсімделді. Оның ішінде 27 жасөспірім ішкі істер орган­да­рының есебіне алынса, қадағалаусыз және панасыз қалған 28 жасөспірім кәмелетке тол­ма­ғандарды бейімдеу орталығына жат­қызылды. 20 жасөспірім тыйым салынған заттарды (шаппа, кастет) алып жүргені үшін полиция бөлімдеріне жеткізілді.

– Бала тәрбиесіндегі міндетін дұрыс орындамағаны үшін 117 ата-анаға хаттама толтырылды. Түнгi уақытта жасөспірімдерді қабылдаған 23 ойын-сауық нысанының ие­леріне қатысты әкімшілік шаралар қол­да­нылды. 42 жасөспірімнің көпшілік орын­дар­ды ластағаны, 23 жасөспірімнің бұза­қылық жа­сағаны, 18 жасөспірімнің түнгі тыныш­тықты бұзғаны анықталды. Олар­дың заңды өкіл­деріне шара көрілді, – деді бас­қарма бастығының орынбасары Рауан Әлдешов.

Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бас­қармасы «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы синтетикалық есірткі заттарын жарнамалайтын 71 сайтты, Қызылорда қалалық полиция басқармасы адамды суи­цидке итермелейтін 1 ойынды (Ragdoll Games-Kick & Break) бұғаттады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»