Абайдан даналыққа дейін

718

0

Аламанға қосқан байталы бірінші келіп, бәйгесін ала алмай зығыр­даны қайнаған Бозжан: «Әй, Құнанбай, не үшін бәйгемді бермейсің?» дегенде Құнанбай оқты көзін Бозжанға қадап, атып жіберер­дей боп: «Атыңның міні бар» дейді. Сонда миығынан мырс еткен Бозжан сұлтанның соқырлығын тұспалдап: «Міні бар адам да бәйге бөліп отыр ғой» депті. Ащы мысқыл жанын күйдіріп, қатты ашудан селкілдей бастаған Құнанбай: «Айтып тұрған аузың осы ғой» деп, езуін ұршықтың сабымен жыртып жібереді. 

Осы кикілжіңнің аяғы Бозжан бидің туған жері – Сырдың бойына қайта көшуімен бітеді. Он екі болыстың аға сұлтаны Құнанбайдың қаһарлы болғанын, елдің беталды, бейберекет кетпеуі үшін қаттылық қылғанын білеміз. Әйгілі  Қамқа оқиғасы да атаның жолы мен тәртібін берік ұстанғанынан хабар береді. Сұлтандығындағы халыққа орнатқан тәртібін бауырынан жаралған балаларына келгенде қолданбаған деп те айта алмаймыз. Құнанбайдың талапшылдығы мен қатаң тәрбиесінен қазақ олжасыз болған жоқ, аты әлемге танылған, сол кездегі қазақ сахарасындағы санаулы ойшылдардың бірі – Ибраһимді (Абай) олжалады. Болашақ ұлы ақынды жастайынан даналыққа тәрбиелеп, өзінің де атын ұлт санасына ұмытылмастай қашады. Бұл – Құнанбайдың мықтылығы.

Алдағы күндердің қалай құбылатынын түйсініп, баласын орысша оқытты. Қазақылықтан мақұрым қалмауы үшін жырға әуестендірді. Сұлтанның үйі қонақсыз болмаған, жақсы да, жайсаң да, күйші, әнші, жыршы да келіп сол шаңырақты шаттыққа бөлеген. Сағындықұлы Жанақ ақыннан көптеген жырлар тыңдап, жаттап та алған. Жанақ ақыннан алған тәлімі Абайды әдебиет әлеміне сүйреп, сол әлемнің патшасы қылды. Бұл – жырдан келген қасиет еді.

Бірде Мәшһүр Жүсіп Құнанбай ауылына ат басын бұрып, сәлемдесіп кетуді ойлайды. Келсе, Құнанбай ордасында Абай жалғыз отыр екен. «Ассалаумағалейкүм» деп, табалдырықтан аттай бергенде «Шын Мәшһүр болсаң, Алла қайда, шайтан қайда? Сол жерден қозғалғанша айт» депті Абай. Сонда Мәшһүр Жүсіп еш бөгелместен: «Алла менің жүрегімде, шайтан сенің тіліңде» деген екен. Әзір жауапқа риза болған Абай орнынан тұрып келіп Жүсіппен құшақтасып амандасыпты. Мінекей, ұлы ақынның өмірге, әдебиетке, пәлсапаға көзқарасының қалыптасуына дархан даланың данышпандары көп әсер еткен.

Орыстың тілін жетік білген Ибраһим аудармамен де айналысып, орыс әдебиетіндегі жауһарларды қазақша сөйлетеді. Осылайша ұлттың руханиятына орасан зор үлес қосады. Бізге жеткен мәліметтерде Абайдың он алты мың жылқысы болғаны айтылады. Құдайдың берген байлығын тиімді пайдаланған ақын, қайыр-саһауат жасауда да үлгі болған секілді. Көктем уақытында жылқы құлындап, қымыз ашытыла бастағанда «Қымыз­мұрындық» жасап, сол төңіректегі ақындарды жинап, дәстүрлі мүшәйра өткізіп отыр­ған. Осылайша, шығыс­тағы елдің әдеби өміріне елеулі өзгеріс­тер әкелген. Сол кездерден бастап, поэзиядағы нәзира дәстүрінің орнына жаңаша бағыт қалыптаса бастайды. Осы бағытта қаншама жасты тәрбиелеп, оларды иісі қазаққа белгілі тұлға етіп шығарады. Абыздың тәрбиесін алған Көкбай, Шәкәрім секілді інілері – руханияттың шыңында тұрған тұлғалар.

Көңіл аударатын тағы бір мәселе – дала демократиясының жаңаша форматын енгізуші екендігінде. Жаңаша басқаруға елдің сол кездегі сана деңгейі тура келмеген сияқты. Өзі де азғантай уақыт ғана болыс болып, қайтадан биліктегі жұмысын тоқтата қояды.

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы да ұлы ақынның шығармашылығын жаңа қырынан тануға әдебиеттанушылардың ізденіс бағытына айналған болатын. А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын тойлауда  ысырапшылдыққа бармай, идеологияға пайдалы шара ретінде қарастыруды да қадап тапсырды. Бұл – өте пайдалы кеңес және ұлттық идеологияның қалыптасуына  көп әсері бар деп  ойлаймын. Қандай да болмасын әрекеттің екі жағы болатынын ескерсек, дәл осы кезде бізге даңғаза думанның қажеті шамалы. Осы тұрғыдан келгенде ел Президентінің қойып отырған талабы – өте орынды және дер кезінде қабылданған шешім. Қазақ мәңгілік жасайтын  екі нәрсеге басымдық береді. Олар: «Ғалымның хаты мен жақсының аты өлмейді» десек, олай болса, қандай жағдайда да Ибраһим Құнанбайұлы ұлттық сана мен рухани әлемнің темірқазығы болып қала бермек.  

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

ҚР мәдениет қайраткері,  

жырау, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы маманы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<