Айтары бар кітап

2304

0

Кеше А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде 80 жасқа толған еңбек ардагері, Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сәпен Аңсатовтың «Ұлт рухын түлеткен Темірбек Жүргенов» және «Айтарым бар» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Қызылорда қаласының әкімдігі ұйымдастырған шарада қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың атынан мерейтой иесін құттықтап,  иығына шапан жапты. Еңбек ардагері бұл ықыласқа ризашылық білдіріп, жүрекжарды сөз сөйледі. Ал біз тұсауы кесілген осы қос кітап ішінде «Тұмар» баспасынан жарық көрген ­«Айтарым бар» кітабының айтар сөзіне шолу жасаған едік.

Осыдан біраз жыл бұрын Сәпен ағаның «Болмыс» атты кітабын да парақтап шыққан едім, бұл кітап сол ізгі сөздің ізін жалғапты.

Аты айғақтап тұрғандай, кітапта ар, ұят, иман дейтін асыл қасиеттер тұрғысынан баян етілген әңгімелер баршылық. Оқыған адам бас алмай аяқтауға тырысады. Бір-біріміздің бе­ті­мізге шіркеу болмайық деген көңілжықпастықпен пәндауи тірлікте айтылмай қалатын ақиқаттар алдыңыздан атой­лап шығады. «Айтпаса, сөздің атасы өледі» деген баба байламын басты қағида қылып ұстанған автор өмірдің өз болмысын саясаттағы, әде­биеттегі, әншейін тір­ші­ліктегі деп бөле-жармайды,  адамға тән тазалық пен асқақ рухтан іздейді. Дәл осындай рух биігінен қарайтын болмыс қандай жағдайда да адамдықтан төмендемейді, ақиқаттан аттамайды. Мұн­дайда оған айна­ласын­да­ғы­лардың үн қос­пай, меңіреу тыныштықта жалғыз қалатын сәттері де аз емес. Сол сәттерге жазушының өзі жауап береді:

«…Сәпен аға, сізге не болған? Мына сөзіңіз қисынсыз ғой. Оның реті, жөні былай еді ғой деп неге айтпайды? Неге менімен сөз таластырмайды. Дұрыс емесіңді дәлелдеп жатса, арманың болмас еді ғой деп, іштей арпалысамын да, бұдан былай көпшілікпен бір болармын деп өзіммен өзім серттес­кендей күй кешемін. Бірақ, анамның: «Ақиқат жолында бол. Адам бол» дегенінен… шыға алмай қаламын» («Айтарым бар», 200-б.).

Көпті көрген ақсақал қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға бей-жай қара­майды, биге де, қараға да ақты айтады. Өйткені, ол ескі сөздерді, есті сөздерді көп біледі, ата-ананың тәрбиесін тұла бойына түйініп, жыраулардың, сүлейлердің өс­ие­тін сүйініп жаттаған жан.

…Бақа би дүние салғанда көңіл айтып келген біреу: «Тоқсаннан асқан кісінің өлімі той ғой» десе керек. Сонда бидің келіндерінің бірі: «Білмеген адамға тоқсандағы шал өлді, білген адамға ту құлады, хан өлді» депті. Қандай терең, тебіреністі сөз!

Мен бұл ғибратты да осы кітаптан алып отырмын. Кітапта Сыр сүлейлері мен билерінің өміршең өнегесі жиі ұшырасады.

Абыз ақсақал шығарма­ларында қазақтың ғажап ақыны Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін шебер пайдаланады. Шынында, көбіміз аңғара бермейміз, Қадыр ақынның тұрақты тір­кеске, мақалға айналып кеткен қаншама өлең жолдары бар. Мен Сәпен ағаны қадыртанушы деймін, өйткені, Қадыр поэзиясын Сәпен ағадай білетін адам аз. Ол кісі біліп қана қоймайды, ақын өлеңінің әрбір жолын талдап-таразылап отырады.

Өлеңді оқу бар, түсіну бар. Осы тұрғыдан келгенде Сәпен ағаның мойнымыз жар бермейтін біраз шаруа­ны орындап тастағанын көреміз. Мәселен, күллі қазаққа танылған Сыр елі­нің сыршыл ақындары – Қомшабай Сүйеніш, Шаһи­зада Әбдікәрімов, Әділ Бот­­панов шығармалары туралы қайсымыз тұшымды пікір айта қойдық екен?

«Айтарым барда» біздің осы олқылығымыздың орны толыпты. Ағаның ақын­дарға берген мінездемесі мейлінше шынайы. Ол Шаһизада ақынды «Өзіне өзі сыймағаннан ақыннан жыр шығады» деп Қадыр сөзімен бағалайды. Ақынға өлеңнің ұйқасы аздық етеді, оған қиянат көрсе, орнынан қарғып тұратын мінез, жұртты алаламай сүйетін әділ жүрек керек. Міне, жазушы ақындардың бейнесін осындай көзқараспен көреді.

Жалпы алғанда, күмәнсіз һәм риясыз айтары бар Сәпен Аңсат кітабын оқыған кісі өзінің ішкі дүниесінде жоғалтып жүрген біраз қымбатын таба алады.

Ендеше, олжаңыз құтты болсын, оқырман!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<