Алғашқы Қадір түнімнің хикаясы

2213

0

Ауылдың шалдары әңгімешіл еді ғой. Кеш түсе олардың шалғайына біз, ойын балалары оратыла кетеміз. Күндіз табанына тікен кірген жүгірмектердің енді көзіне ұйқы кіріп, әр жерде домалап жатады. Мен екі алақаныммен иегімді тіреп аламын. Ұйқының салмағынан ауырлаған басымды көтере алмаған шығанағым кілт ете қалғанда, көзімді ақшаң еткізіп қайта тіктелем. Ал, шалдар әңгімені ағызып отырады.

– Алла Тағаланың есімі тәспі тасындағы тоқсан тоғыздан тіпті көп, мың бір есімі бар екен. Мың біріншісін Алланың өзі ғана біледі. Мыңыншы есімі де құпия. Бірақ оны періштелер біледі. Мыңыншы былай тұрсын, Алланың жүзінші есімін білгендер де әулиелік дәрежеге көтеріледі дейді. Жануарлар ішінде сол жүзінші есімді түйе ғана біледі-міс. Сондықтан түйені әулие деп танимыз, жүнін аяқпен баспа дейтіні сол.

Адамдардан Алланың жүзінші есімін білген сүйікті құлдары болған, оны олар да ешкімге айтпаған.

Сүлеймен пайғамбар Алланың мыңыншы есімі жазылған жүзікке ие болғаны үшін перілердің, күллі жан-жануардың, құстардың, желдің – табиғаттағы барлық жаратылыстың тілін түсінген, олармен тілдескен, яғни, хәл тілінде сөйлей алған. Мыңыншы есімді періштелерден үйренген Зуһра Шолпан жұлдызына айналып кеткен. Алланың мыңыншы есімін білудің құдіреті осындай. Мұсылманның ең терең ғұламалары Алланың тоғыз жүз тоқсан тоғыз есімін білген, – деп ақ сақалы кеудесін жапқан атам бір тоқтады.

– Кәпірлермен мың ай бойы соғысатын Шәмүннің қаруы қылыш емес, басқа емес, түйенің жақ сүйегі болуы қалай деуші едім. Жарықтық түйенің әулиелігінен екен ғой, – деді төмендеу отырған тықыр шал сәл кідірісті суытпай.

– Шәмүн туралы мен айтып берейін, – деді төрдегі көк тақиялы шал кесесін самаурынға қарай шиіре жөнелтіп, – Шәмүн түйенің жақ сүйегін кәпірлерге алдаспанша сермеп, мың-мыңдап қырған. Шөлдесе жақ сүйектің тістерінің арасынан тәтті су, қарны ашса сол жерден ет шыққан. Оның күнделікті тамағы сол, жұмысы да соғысып қази болу еді. Осылайша мың айды өткізген. Мың айың сексен үш жыл, төрт ай болады. Кәпірлер Шәмүннен қалай құтылуды ойлап, оның әйелін азғырады.

– Ұйықтап жатқанда қол-аяғын байла, сонда ғана оны өлтіре аламыз. Ал, саған көп мал-дүние береміз, – дейді кәпірлер оған.

Әйелі түнде күйеуін жуан арқанмен матап тастайды.

– Мені кім байлады? – дейді Шәмүн азанда.

– Сенің күшіңді сынап көру үшін мен байладым, – дейді әйелі.

Шәмүн бір сілкінгенде білектей жіп қылдай боп қиылып-қиылып түседі.

Келесі күні оны әйелі шынжырмен шандиды.

– Сенің қуатыңды тағы бір сынап көрмекші едім, – дейді әйелі азанда.

Шәмүн бір бұлқынғанда шынжырды моншақтай қылып морт-морт үзеді.

– Сені немен байласам үзе алмас едің? – деп әйелі еркелей сұрайды.

– Оны өзім білемін, – дейді күйеуі.

– Менен де жасыратын сырың бар екен ғой, – деп сонда әйелі ашуланған кейіппен теріс айналады.

– Өз шашыммен байласаң шеше алмаймын, – дейді әйелін өкпелеткісі келмеген Шәмүн.

– Ойпырмай, «қойныңдағы қатыныңа сенбе» деген, ә?! – деп осы арада сөзге киліккен оң жақтағы шал жантайып жатқан жастығын мыжғылай түсті.

– Мәселе қатынның қандайлығында. Абзал қатын – абыройың, алтын қазығың, адал несібең, – деп әңгімеге араласқан насыбайшы шал оң жақтағы шалдың көңілін орнына түсірді.

– Шәмүннің шашы сегіз өрім еді, – деп көк тақиялы шал әңгімені әрі жалғады. – Түнде әйелі күйеуінің қолын төрт өрім, аяғын төрт өрім шашымен байлап, кәпірлерді шақырады. Өз шашын үзуге Шәмүннің шамасы шынымен жетпейді. Кәпірлер болса, атажауын үлкен дараққа ат қылы қосылған арқанмен байлап, көзін ойып, құлағын кесіп, дене мүшелерін пәршелейді.

Сол сәтте Алла Тағала Шәмүнге уахи етеді.

– Бұларға не істегенімді қалайсың?

– Осы дарақ алқабымен аударылып, мыналар астында қалып, жаншылсын. Соның бәрін өзім істегендей күш бере гөр, – дейді Шәмүн. Алла оған сондай күш береді. Дене мүшелерінің бәрін қайтадан өзіне бітіреді. Кәпірлер де, оның әйелі де аспанмен таласқан алып дарақтың астында қалып, көміледі.

Шәмүн мұнан соң Аллаға мың ай ғибадат қылады.

Бұл оқиғаны Жәбірейіл алейкісалам Алла расулы Мұхаммедке айтып беріп еді. Сонда Пайғамбарымыз:

– Иә, Раббым, үмметтерімнің өмірін қысқа, амалын аз қылдың, – деп Алладан тілек етіпті.

Сол үшін Алла Тағалам Мұхаммед үмметіне Қадір түнін сыйлаған. Қадір түнінде төрт тақ түседі дейді. Олар – «хамд», «мағрифат», «рахмет», «карамат тағы» деп аталады. Бұл тақтардың әрбірімен жетпіс мың періште бірге түседі. Әр тақта «Лә илаһа илләллаһу Мухаммадур расулуллаһ», яғни, «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед – Алланың елшісі» деген жазу болады екен. Бір кісі Қадір кешінде осы кәлима таухидті үш рет оқыса, Алла ол адамды кешіреді, тозақ отынан құтқарады, жәннатқа жібереді дейді. Міне, Алла Тағаланың Мұхаммед үмметіне қандай кеңдік жасағанын көрмейсіз бе?

Алла Тағала Қадір кешіндегі мұсылман ғибадатын өз жолында мың жыл соғысқан Шәмүннің сауабынан да қайырлы еткен. «Қадір кеші мың айдан да қайырлы» дейтініміз осы.

Ұлы Раббым Қадір кешінде саламаттан басқа нәрсені тағдыр етпейді. Ол кештен басқа кештерде саламатты да, бәлкім, бәлені де тағдыр етер.

Қасиетті Құранның «Қадір» сүресінде былай жазылған: «Құранды Қадір түнінде түсірдім. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер, рухтар  Раббының  рұқсатымен, әртүрлі әмірімен жерге  түседі. Таң атқанға дейін ол түн – саламат».

Дін ғалымдарының түсіндіруінше, Алла Тағала былай бұйырған: «…Иә, Мұхаммед, мың ай менің жолымда кәпірлермен соғысқан, мың ай ғибадат еткен оқиға қаншама көріністі болса да, Қадір кешінде үмметіңнің оқыған екі ракәт намазы бұлардың бәрінен артық.Мұхаммед үмметіне болған сыйлықтарым мен рахметім басқа жаратылыстың бәріне де болған сыйлықтарым мен рахметімнен өте артық және өте көп», – деген.

Осыны айтып шалдар намазға тұрды. Намаздарын оқып болған соң Әзірет Әлі мен Дариха қыздың күресі туралы жаңа әңгіме басталды. Олар да ұйықтамады, мен де ұйықтамадым.

Түннің қай мезгілі екенін қайдам, тершіген иегімнен қос алақаным тайғанап кетті…

Бұл менің Қадір түнімен алғаш рет кезігуім екенін ол кезде білгем жоқ.

Есесіне сол түннен жадымда қалған екі-үш әңгімені әлі ұмытпаппын.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<