Аманатқа адалдық

720

0

Достық пен Махаббат жолығысып, Махаббат Достыққа қарата: – Саған қарағанда мен сүйіктімін, халыққа қадірлімін. Сенің қажетің қанша? – депті. Достық:  – Сен кеткен соң ел-жұрттың көз жасын сүрту үшін қажетпін! 

Мырзагелді Кемел. 

 

Бармасаң, келмесең…

Шешен ұлтын жас кезімнен білем. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі осы кент атымен аталатын механикалық зауытта қазақ, орыс, шешен, грек және басқа көптеген ұлттар мен ұлыстар өкілдерімен қоян-қолтық араласып еңбек еттік. Шешен ұлтының мен білетін бір асыл қасиеті – олардың досқа адалдығы, сертіне беріктігі. Аталған зауытта Губанов Вахидпен жұмыс бабымен сыйластықта болдым. Мен зауытқа жұмысқа орналасқан кезде Вахид аға ауысым шебері (ауысым бастығы) екен.

Немеремді алып Грозный қаласындағы Ислам медициналық орталығына бару қажеттігі туды. Марқұм Вахидтің ұлы Русланмен байланысып, Грозныйға маңдай тіреп баратын таныс адам керектігін айттым. Руслан жиеннен туған жиеншары (Жосалыда туған) Адам Сүлейманов деген азаматтың телефон нөмірін берді.  Адам қазақша жақсы сөйлейді екен, телефон арқылы байланыстым. Бізді барған кезде күтіп алатын, қонақ үйге орналастыратын болды. Атырау арқылы таксимен Астрахань қаласына, одан әрі қарай Грозныйға түнделетіп жеттік. Күтіп алып қонақ үйге орналастырды. Ертеңіне машинамен келіп Ислам медициналық орталығына алып барды. 

Кезекте тұрғанымызда бір шешен азаматымен қатар отырдық. Таныстық, Қазақстаннан келгенімізді айттық. Елмен сөйлесу үшін sim карта алып үлгермегенімізді айтып едік, ол азамат сөйлесіп алуға телефонын берді және «Сіздер сонша алыс елден келген екенсіздер, қазақтарға біздің ықыласымыз ерекше, мен өз орныма сіздерді жіберейін» деді.  Біз «асығыс емеспіз, өзіңіз кіре беріңіз» дедік. Кезектің реті келгенде әлгі кісі емшіге кіріп, бірер минуттан кейін қайтып шығып бізді кіргізді. Алла сөзін айтушы-емші (Ухманов Шахсолта) «Мына кісі өзінің кезегін сіздерге берді, қазір жұма намазының уақыты жақындап қалды, оған дейін мен бір адамды ғана қабылдап, ем жүргізе аламын. Сіздер Қазақстаннан келген екенсіздер, қазақтар шешен ұлтын жойылып кетуден аман алып қалды. Сіздердің жолдарыңыз үлкен, құрметке лайықсыздар» деді. Ем бас­талып кетті.

Бір айрықша атап айтарлығы – Ислам медициналық орталығында ем тегін. Шешенстан Президенті Рамзан Қадыров түрлі алдамшы емші-тәуіптердің, сәуегейлердің, құмалақшылардың жолын кесу мақсатында, кеселге душар болған кіріптар жандарға Құран сөзімен қуат беру үшін осы орталықты ашқан.

Киелі бұлақ

Алла сөзін айтушы-емшілерге келушілердің қарасы қалың. Сонда Ильясов Руслан деген соғыс мүгедегі (бір қолынан айырылған) шешен азаматымен танысып тез шүйіркелесіп кеттік. Ол кісі:

– Таулы аймақта жер астынан шығып жатқан ыстық бұлақ суы бар. Киелі су. Кешегі Кеңес кезінде ол суға келушілер өте көп болған, шатыр тігіп апталап жатып ем алатын. Суға түсу тегін, – деді.

– Неліктен тегін етіп қойған? – деген сұрағыма:

– Бір кездерде біреулер иеленіп, ақылы етіп еді, бұлақтың суы ты­йылып қалды. Сол суға сіздерді алып барайын, шипасын көріңіздер, қанша күн жатсаңыздар да менің үйім дайын. Менің атам Қарағандыда болған, қазақ ұлтының мейірімін көрген – деп, қонақжайлық танытты.

Русланның үйінде төрт күн жаттық. Күнде  шешеннің бір  ұлттық (жижиг-галнаш, чепалгаш, хингалш) тағамын дайындап қонақасы беріп, ол тамақ неден және қалай дайындалатынын айтып, түсіндіріп отырады.  Руслан бізді үйіне алып келе жатқанда өзімше ойландым. «Ақы-пұлсыз жатасың, өзім күнде қатынап алып барып, алып келіп тұрамын» дейді. Бұл азаматтың бізге істеген қызметінің қайтарымын немен өтеймін? Үйіне кірген бойдан  қазақта жаңадан үй салғанда, көлік алғанда, тағы басқа қуаныштарда байғазы немесе шашу береді. Мынау менің үйіңе берген шашуым», деп әйеліне  ақша ұсындым. Алғыза алмадым.  Русланның екі ұлы мен екі қызы бар екен, қызының үлкені тұрмыста, өзі 51 жаста.

Өзім аңғарған артықшылықтар

Шешенстан екі соғысты бас­тан кешіргенін, қалаларының тас-талқаны шыққанын, ел-жұрт үй-жайларын тастап безіп кеткенін білемін. Қазір мұнда тәуліктің қай мезгілінде де ел-жұрттың тыныш, қорқынышсыз жүріп-тұруына, өмір сүруіне жағдай жасалған. Кісі тонау, қарақшылық, ұрып-соғып кету, ұрлық, көлік апаты, одан болатын адам өлімі жоқтың қасы. Сауда нүктелерінде, мейрамханалар мен кафелерінде спирттік ішімдіктердің ешбір түрі сатылмайды. Құмар ойындар  мен жасөспірімдердің есін алатын түнгі клубтарға тыйым салынған. 

Қалалары мен аудан орталық­тарында, ауылдарында көше тазалығы басты назарда. Үй қожайындары, кафе, дүкен, майда бизнес иелері ауласын, көше бетіндегі аула алдын, тротуарды тазалап, айнадай етіп отыру міндеттелеген. Бұл талапты орындамау үлкен айып саналады. Тәртіп пен бекітілген ережені бұзғаның үшін көретін шара, алатын жаза қатаң. Лақтырып тастаған сусын құтылары, түрлі қалдықтарды кездестірмейсің. Көше түгілі, жапан далада желмен ұшып жүрген, шөптің, ағаштың басына ілініп қалған пакеттерді көрмейсің. Бір таңғаларлығы, шешендер ауласында ит ұстамайды екен. Өзім осынша күн, түн жүргенде иттің үрген дауысын естімедім. Көшеде бос жүрген мал көрмедім. Шешен ұлты бар материалдық мүмкіндігін тұрғызған үйінің, дуалының, қақпасының әдемілігіне, тіпті архитектуралық әсемдігіне жұмсайды екен. Әрбір аулада міндетті түрде кең аумақты шатыр көзге түседі. Оның мәнісін сұрағанымда, адам бақилық болғанда, мыңдаған халық жиналады, сол көпшіліктің жауыннан, күннен қорғалуы мен дүниеден өткен пендеге жасалатын ислами рәсімдердің  ретімен жасалуына жағдай жасау – парыз. Қаралы үйдің қазасын, қайғысын жақын көршілері бірігіп атқарысады, қоштасуға келгендер көршілер ауласында жайғалады екен.

Өлікті жер қойнына тапсыру мен құдайы тамақ беру, әр тәйптің (тайпа) өз салты бойынша рәсімделеді. Ғасырлар бойы шешен ұлтында сақта­лып келген кек қайтару ұстанымы Ел Президенті Рамзан Қадыровтың араласуымен тоқтатылған. Әрбір орын алған бұзақылық пен қылмыс ислам шарттары ескеріле отырып мемлекет заңы бойынша, жазалануға тиіс деген бәтуаға келген.

Қонақжайлық 

қасиеті

Әңгемемнің басында айтылған бізді күтіп алған шешен азаматы Адам Сүлейманов бар жағдайымызды жасады. Қонақ үйде қазақы шай-судың жағдайы бола бермейді ғой, бір бөлмелі пәтер жалдауға мүмкіндік болмас па екен деп едік. Сөйтсек, Шешенстанда сағаттық, тәуліктік, тіпті апталық мерзімге пәтерді жалға беруге мүлдем тыйым салынған екен.

Ем алып жатқан көрші бөлмедегі анасы мен қызы (Шешен ұлты, жақын маңдағы ауылдан келген), «сіздер Қазақстаннан келген қонақсыздар» деп бізді үнемі шайға, тамаққа шақырып, өздерінің үйінен алып келген түрлі ас-дәмдерімен бөлісіп жүрді. Тіпті елге қайтар уақытында қонақасы тамағын жеп, рахметімізді айтып, қимай қоштастық.

Хусни есімді Русланның досы келді, отырдық, әңгімелестік. Мен Қармақшыда, Қызылордада өзім білетін азын-аулақ араласқан, таныс болған шешен азаматтарымен қарым-қатынасымды, олардың маған жасаған жақсылықтары жайлы айтып отырдым. Сөз арасында Мырзагелді Кемелдің «Ақыл қалта» кітабынан ғибратты әңгімелер мен аңыз-әфсаналарды тілім жеткенше (орысша) айтамын. Біраз әңгімеден кейін әлгі Хусни «Мен сіздерді Астраханға жеткізіп салудың мүмкіндігін қарастырармын, олай деп отырған себебім, қазір жылдың аяғы, жылдық есебім бар, соны тапсырып үлгерсем уәдем орындалады, тек Руслан маған жаныма серік болуы керек», деді.

– Жақсы болды, мен ақысын төлеймін, – десем.

– Ақы алмаймын, менің досымның құрметті және қымбат қонағы менің де қонағым, мен қызмет етуім керек, – деп тұр. Грозный мен Астраханның арасы 600 шақырым. Таксимен 6000 рубль, теңгеге шаққанда 36000.

Мына жайтты да айтқым келеді. Грозныйдың «Минутка» деген жерінен таксиге отырдық. Таксист шешен азаматы, біздің жүзімізге қарап: – Казахстан, – деді.

– Иә, Казақстан – Кызылорда.

– Иә, Кызылорда, – дейміз.

– Өтірік айтпа, – деп күлімсіреді. 

Біз шынымен де Қызылордадан екенімізді айттық. Содан таусыл­майтын әңгіме басталып кетті. Сөйтсек, оның Малика деген апасы Қызылордада тұрыпты. Бізді Мали­камен сөйлестірді. Апасы «Бакаев деген шешенді танисың ба, Шанхай жақтағы Ильич, Семенков көшелерін білесің бе?» деп сұрап жатыр.  Біраз сөйлестік…

Мақсатты жерімізге жеткен соң таксист: – Мен кетпеймін. Сіздер мына мекемедегі іздеп келе жатқан адамыңызға жолығыңыз, ол кісі орнында болмаса, мен қажетті жерлеріңе жеткізіп саламын, – деді. Оның әрі қарай қажеттілігі болмады. Рахметімізді айтып қоштастық. 

Елге қайтатын күнгі соңғы шайдан кейін Русланның отбасы мүшелерінің басын қосып,   «Көзқарас» деген мысал әңгіме айтып бердім.

Бір күні бір кісі балтасын жоғалтып алады. Көрші баладан күдіктеніп, артынан бақылай бастайды. Қараса, жігіт шынымен-ақ ұрыға ұқсайды. Жүрісі де, қимылы да, жұртқа қарағаны да, бүкіл пішіні де. Біраз күннен кейін ол кісі балтасын отынының астынан тауып алады. Кейін көрші жігітті тағы көрді. Қараса, мүлде ұрыға ұқсамайды, жүрісі де, қимылы да, көзқарасы да әп-әсем. Асылы, барлығы қандай көзбен, қандай пиғылмен қарағанға байланыс­ты болса керек…

Теледидар көріп отырып байқағаным, орамалсыз, шашын қобыратып, ашық-шашық ән айтқан, би билеген өнер адамдарын көрмедім. Ұлттың әдеп нормасына сай келмейтін өнер адамдарына елге кіруге тыйым салынған. Одан өнер кенже қалып жатқан жоқ. Телеарналар, мәдени ошақтар, барлық идеология ұлттық тәрбиеге жұмылдырылған.

Екі соғысты бастан кешірген Шешенстанда шешілуі өте күрделі, сан түрлі түйіндер болды. Түйіндерді шауып, кесіп тастаған жоқ. Шапсаң, жіп қысқарады. Бір, мүмкін, бірнеше жерінен кесіледі. Қайтып бірлестіремін десең, қайтадан түйін пайда болады. (Мырзагелді Кемел) Түйіндерді қиналса да асықпай шешкені айдан анық. Көрініп те, сезіліп те тұр. Осының барлығы – адами құндылықтардың алға шығарылғанының нәтижесі. Адами құндылық дегеніміз – ұлттық рух. Рух адам жүрегінен көрініс тауып, одан тараған жылу, махаббат, ар-ұят, мейірім шешен халқының бойында көркем мінез қалыптастырған. Шешенстан Президенті – ұлтымен бірге мақтана аларлық тұлға, ұлт рухын қайта түлеткен мемлекет және қоғам қайраткері. Рамзан Қадыров сол үшін – Ресей Федерациясының батыры. 

Достық жемісі

Депортацияға ұшыраған шешен халқына қазақ халқының ұсынған қайырымды қолы, бөліскен жүрек жылуы, бір сөзбен айтқанда, көрсеткен достық сезімдерінің жемісі ғасырларға жалғасқанының куәсі болдым. Ата-бабаларының, «Қазақтар шешен ұлтын жойылудан сақтап қалды, қазақ халқына құрметпен қараңдар» деп айтып кеткен өсиеттерін, аманаттарын іске асырып жүрген ұрпақтарына қалай ғана тәнті болмассың!

Он үш күн болғандағы жолық­қан, мейірім-шапағатын көрген аза­маттардың барлығына қоштасарда, елге келгесін де хабарласып, риза­лығымды білдіріп, сіздердің қыз­меттеріңіз бір рақметтің ішіне сыймайды, Сіздерге мың сан рақмет деп жатырмын. Олардың жауаптары «Все это мелочи», дейді. Осындай майда-шүйде қызметтер біздің қолымыздан келе қояр ма екен?! Дініне, діліне  достық сертіне адал халықтың игі ісін үлгі етемін. Иә, бармасаң, көрмесең, біл­мейсің. Білуге тұрарлық және үлгі аларлық!

Сәби АҢСАТ,

еңбек ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<