Ақын рухына

808

0

Аңызақ желің, шертеді күйін замана,


Торқалы жерім, жетпедік бәлкім бағаңа.


Ұлы Абай сүрген дәуірдің жетіп сарыны,

Тарихтың сызған сәулесі түсті санама.

Кең байтақ далам, куәгер болған өткенге,


Тұлпар табанның дүбірі қалған көк белде.

Тамшылап тері, халқым-деп туған тұлғаның,


Сүйегі жатыр бетегелі сұлу бөктерде.

Көк майсалы мұрынды жарып жусаның,


Тынысым кеңіп, дем алып терең, бусадым.

Тұңғиық ойда, Шыңгыстаудың шыңында,


Тұрғандай ақын, шүберекке түйіп қу жанын.

Бабалар рухы жетелеп талай ерлікке,


Азаттық алып, ентелей жеттік теңдікке.


Тар заманда құшағын ашқан айқара,


Бар заманда жете алмай жүрміз кеңдікке.

Қалың елің, қайран да жұртың қазағың,


Тартса да талай тағдырдың салған азабын.

Тәуелсіздіктің тұрса да туы желбіреп,


Еңкейіп еңсе, төмендеп кетті назарым.

Тығылып дұшпан тас атты талай тасадан,


Бөрік астында жарылған қайран бас аман…

Досқа күлкі, дұшпанға таба еткізбей,


Ұлтымның рухын бикіктете көр, Жасаған!

Елімде менің жақсы ғой бәрі, бәрі де…


Қам жесе ханым, қараның мүшкіл халіне.

Сан жылдар ішкен заһардың дәмі тәтті деп,


Санамыз мызғып, тамсанып жүрміз әлі де.

Кемеңгер ақын біздегі жағдай осындай,


Аз ғана қазақ басымыз қойды қосылмай.

Шындығым қайсы, сұмдығым қайсы айырмай,


Дұшпаным-досым, ал досым қазір қасымдай.

Қалың елің, қазағың, қайран жұртыңмен,


Не көрсең дағы көріп ең бірге ұлтыңмен.


Сынаптай сырғып, әрі-сәрі күй кешкен,


Жебей жүр елді, данышпан баба, рухыңмен!

Ардақты ҚАМАҚ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<