Ақынға құрмет суымайды

2035

0

Бәйгеқұм ауылдық клубында облыстың бас ақыны, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Маханбетқали Тұрсановты еске алуға арналған «Тәуелсіздік тәңірдің сыйы, сыбағасы халқымның, жасампаз жолда өлеңі өшпес ақынның» атты еске алу шарасы  өтті.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық құрметіне және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шараны Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашты.

– Киелі Шиелі топырағынан шыққан Нартай, Иманжүсіп, Байнаш секілді сөз сүлейлерінің заңды жалғасы Маханбетқали Тұрсанұлы облысымыздың мәдениетіне, әсіресе айтыс өнерінің өркендеуіне мол үлес қосып, өшпес қолтаңбасын қалдырған ақын. Өткенін ардақтау, өнеге жолын жалғастыру халқымызға тән асыл қасиет. Бүгінгі шара бас ақынның мұрасын таратудың бастамасы, алдағы кезеңде ақын жайында кітап жазылып, ауылдық клуб үйіне Тұрсанов есімін беру жөніндегі ұсыныстардың нақты шешім табатынын сеніммен айта аламын, – деді ол.

Мұхамедәлі Бекпейіс­овтің арнау термесімен басталған шараның көркемдік бөлімінде Маханбетқали ақынның шәкірттері – Кенжебай Жүсіпов, Әбілқайыр Сыздықов, Рахматулла Жолтаев, Ержан Әміров және Нартай өнер мектебінің М.Тұрсанов атындағы үйірме мүшесі, жас талап Елдар Әмірхан жұрт алдына шығып, Құлмамбет айтыс әдісімен өнер көрсетті. Олар кезектесіп, ұстаздарының мерейін көтеріп, рухына тағзым етті. Ақындарға Маханбетқали Тұрсанұлының ұл-қыздары шапан жауып, құрмет көрсетті.

Сахнада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев сөз алып, бас ақынның болашақ ұрпаққа таусылмас қазына екендігін, оның мұрасын елдің ешқашан ұмытпайтынын айтты.

Басқа да шара қонақтары ақынды еске алып, оның өлмес өнегесін әңгімеледі.

Шара соңында шағын футболдан мектептер арасында өткен Маханбетқали Тұрсанов атындағы турнир қорытындыланды. Доп бәсекесінде 1 орынды №251 Бәйгеқұм ауылы мектебінің, 2 орынды №50 Балаби ауылы мектебінің, 3 орынды №181 Алмалы ауылы мектебінің ойыншылары олжалады. Же­ңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды. Оларға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы мен Тұрсановтар әулеті демеушілік жасады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<