«Қазақ ел болам десе…»

690

0

Өткен жылы жаз маусымының соңында мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда және Алматы облыстарының құрметті азаматы – Сейілбек Шаухаманұлы кенеттен дүние салды.
Тұлпар тұрпатты тұлғасының тосыннан тап келген қазасына қабыр­ғасы қайысқан Қызылорданың қалың жұрты:
– Қазақтың қара нардай қайраткері,
Алаштың асқар таудай айбары еді,
Айырылып аңырап қалды-ау
қапияда,
Сейілбектей арысынан Сырдың елі, – деп егілген еді.
Иә, биылғы жылы 80 жасқа толған Қызылорда облысының тұңғыш әкімі С.Шаухамановтың атқарған еселі еңбегі ел есінде. Асыл азамат артына өшпес, өлмес көсем сөз де, ілкімді іс те қалдырды.
Сейілбек Шаухаманұлы қа­лың елім, қабырғалы жұртым, қайран қазағым деп бойындағы күш-қуа­тын, білімі мен білігін туған халқы­ның игілігіне сарқа жұмсаған Егемен еліміздің біртуар тұлғасы. Аза­мат­тық, адами қадір-қасиеті, кісілік кемелдігімен танылған ол Сыр бойының ардақ тұтқан абыз ақса­қалы. Сәкең облыстың ардагерлер ұйы­мының өрісті істерімен елге өнегелік мектеп болуына да өлшеусіз еңбек сіңірді.
Тумысынан дарынды тұлға соң­ғы жылдары шығар­машы­лықпен де белсенді айналысып, жергілікті бас­падан жеке өзі жеті кітабын шы­ғарып, Қа­зақстанның Журналистер және Жа­зушылар одақтарына мү­ше­­лікке қа­былданды. Сөз өне­рінің сайып­қы­раны санатында мойындалды.
Ал таяуда С.Шаухамановтың қала­мынан туындаған, өзі ама­наттап кеткен бір шоқ пуб­лицистикалық дүниелері об­лыстық «Полиграфия Баспа үйі» баспасынан «Қазақ ел болам десе…» атты жаңа кітап күйінде оқырман қолына тиіп отыр.
Өн бойы өнегелі өмір шын­ды­ғымен өрнектелген, кө­сем­сөзбен көр­кемделген, шешен сөзбен шегендел­ген, ақыл-нақылға толы, мән-маз­мұнды кітаптың кіріспесінде қа­зақ халқының қадірменді ақса­қал­дарының бірі, мем­лекет және қоғам қайраткері Сағи­долла Құбашев былай деп тамсана отырып, әңгімесін байыппен әдіптейді: «Алдымда Сейілбек Шаухамановтың кітабы. Ынта қойып оқыдым. Маған таныс оқиғалар, адамдар, өзгерістер, Қызылорда, Сыр бойы. Өзіне риза болдым. Бірден ойыма келгені: әділ де адал ойларымен, пікірлерімен, көзқарастарымен, тұжырымдарымен, бағаларымен қатар заманның, өмірдің бояусыз, таза шындығы көрініп тұр. Көп азаматтардың адал еңбектері, аттары үлкен құрметпен аталған, өзгерген өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі қуанарлық. …Сейілбектің өскен ортасы ақылды. Ол еңбекке әбден қайнап піскен, күнге күйген, суықпен суарылған, құм мен тұзға қуырылған кадр. Үлгі, ақыл алған ағалары Асқар, Әбділда, Әбдіжәміл. Ал Сырдың елге, халыққа белгілі Шахмарданы қазақтың ғылымына жетекші болса, Ұзақбай тәуелсіз қазақтың бірінші үкіметін басқарды».
Кітаптың «Жақсы ай мен күндей, жақсылығы баршаға бірдей» деп аталатын бірінші бөлімін автордың өзінің жазбалары, әсіресе, ол кісінің ілгеріде республикалық «Түркістан», «Айқын» газеттерінде жария­ланған «Қазақ ел болам десе…» атты тәмам жұртты тосын ой­ларымен тамсандырған, жан­­ашырлық жанды, ащы да тұщы, сыни тұрғыда жазыл­ған проб­лемалық айтулы мақа­ласы бастаған. Онда өрке­ниет көшіне ілескен егемен елі­міздің толыққанды мемлекеттер қатарына қосылуы үшін «қоғамдық қауіп-қатердің, ау­рудың, апаттың ет пен теріден өтіп қанға, сүйекке сіңуінің алдын алмасақ, өз қатемізді өзіміз жедел жөндемесек, дұрыс адами, қазақи, адал, таза, түзу жолға түспесек, жаңғырмақ түгілі, қаңғырып кететініміз сөзсіз… Бүкіл ел, халық, қазақ болып, басшымыз бен қосшымыз, жасымыз бен кәріміз, бәріміз мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін келеңсіздіктерді болдыр­майтын қоғамдық шаралар қолда­нып, жағымсыз жағдаят-жағдай­ларды түбірімен жоятын заңдар шы­ға­рылып, оның орындалуын мем­лекет пен қоғам қамтамасыз етуі керек» деп ашық та ашына айтыл­ған. Бұдан бөлек бұл бөлімде тау тұлға Ә.Кекілбаев, халықшыл хатшы С.Тәнекеев, аналардың анасы Ш.Қазанбаева, халқының қалаулысы Ж.Бакишев, человечный человек Н.А.Подольских, төраға Ө.Озғанбаев, нағыз қаһарман ғарышкер А.Айым­бетов, адамгершіліктің акаде­мигі У.Би­шімбаев, төрағалық тағ­ды­рына жа­зылған талант Ұ.Еспанов, темір­жолдың темір­қазығы П.Орынбасаров сынды замандас, әріптестер туралы естеліктері Сәкеңнің өзіне тән ой өрімдерімен ақ қағаз бетінде шалқар шабытпен айшықталған.
Екінші бөлімде «Қалың қа­зақ еліне қадірменді қайрат­кер» деген атаумен Алматы облысының әкімі А.Бата­лов­тың, мәслихатының С.Шаухаман­ұлына Алматы облысының Құр­метті азаматы атағын беру туралы ұсынысы мен ше­ші­мінің ресми мәтіндері жа­рия­ланған. Ал көкшетаулық Мұ­­рат-қажының Сыр елінің ба­тагөй абызына арнап ақ жүректен төгілткен өлеңдері мен мақаласы оқыған жанның жан дүниесін еріксіз толқытып, бөлекше бір әсерге бөлейді. Байқоңырлық генерал-лейтенант Н.А.Борисюктің Ресейдің бас коммунисі Г.А.Зюгановқа жолдаған Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухамановты КПРФ-тің «50 лет космонавтике» мерейтойлық медалімен марапаттау туралы хаты да келтірілген.
Ардагер А.Божанованың «Абы­рой биігі» атты мақа­ласымен басталған «Жақсының өзі де жақсы, сөзі де жақсы» аталатын үшінші бөлімді Сейілбек Шаухаманұлымен жақын-жуық араласып, бас кейіпкерді етене жақсы білетін заманы құрдас қадірлестерінің ол туралы есте­ліктері мен өлең жырлары құ­райды.
Кітаптың «Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші, жақсылықтың уызын алып кел­ді десеңші» деген соңғы бөлі­міне автордың даңқты жерле­сіміз, Тұран елінің қолбасшысы Жалаңтөс баһадүр туралы және об­лыстық ардагерлер ұйымының конференция, пленумдарында жасаған баяндамалары енген. Бұл топтама достықтың, туыстықтың елшісі, екі жұртқа тілекші болып, жүзінен шуақ, жүрегінен мейірім төгілген, ата-енесін сыйлап, ардақтаған, халқының шынайы құрметіне, ақ батасына бөленген құрметті келіндердің қатысуымен тұң­ғыш рет өткізілген аймақтық «Қа­зақтың келіндері-ай» атты тартысты бәсекені ашарда Сәкеңнің берген баталы сөзімен түйінделген.
Халқының қамын жеп қамығып, қабырғасы қайысқан қайран Сәкең айтады-ау:
 – Атам қазақ «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демей ме? Мен сіздерге, бүкіл елге, халыққа ортақ, дос, жанашыр, тілектес адаммын. Сондықтан айтқандарымның артығы болса, менің шіркін-ай осылай болса ғой деген аңсарлы арманымнан, қиялымнан туған ойлар деп қабылдап, кемі болса кешірерсіздер. Ұлтымыздың кемел келешегі мен дархан бола­шағына, саулығы мен сауаттылығына, сыр-сымбаты мен қадір-қасиетін арттыруға, заман, уақыт талабына сай рухани жаңғы­руы­на қатысты бір­қатар ойларымды ортаға салдым.
«Ел болам десең бесігіңді де, есігіңді де түзе, адастырмай алып шығар ақылыңа жүгін, халықтық қамыңды қыл, қайратыңа мін, қайсар қазағым!..» Бүгінде өзі аруаққа айналып, о дүниеден туған халқының тілеуқоры бо­лып, жан-тәнімен сүйген қа­зағын рухымен қорғап жатқан асыл азаматтың артына аманаттап кеткен кітабындағы ақтық қоштасу сөзі бұл…

Қуаныш МАХАНБЕТ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының
лауреаты, баспагер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<