Бегім ана (Эпикалық поэма)

1432

0

Рух өлмейді, рух көшеді.

Тоқсары (ежелгі скиф)

Әр кезеңде даналығымен, парасатымен, батырлығымен, атқа қонып ел басқарған, ұрпақ жалғастығын әулиелігімен жебеген, адамзатқа үлгі болған аналарымыз, қызкеліншектеріміз тарихта көп болған.

Атап айтсақ: Хадиша ана, Ұмай ана, Домалақ ана, Томирис, Зарина, Қойсана, Айбике ару, Бопай ханым, Сүзге ханым, Қарашаш сұлу және тағы басқалар. Сол, қастерлі есімдер қатарынан Бегім анамыз да орын алары даусыз. Ол Қожа Ахмет Ясауидің жаназасын шығарған, сопылық ілімнің негізін салушылардың бірі, қасиетті әулие, түркі жұртына ортақ тұлға Қарабура Әзімнің қызы, нақақ жаланың құрбаны, тарихта болған адам.

Арал теңізінің тартылуына байланысты теңіз жағалауымен бірігіп кеткен «Ұялы» аралында, қазіргі Арал ауданы Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 35 шақырым жерде Бегім ана мұнарасы бар. Мұнара мемлекет қорғауындағы ескерткіштер санатында.

Автор

1. Нала керген

Хорасаннан1 көшіріп елін Сырға,

Селжүктердің2 сұлтаны Санжар мырза,

Мәртебесін өсіріп, орда орнатты,

Арқа – батыс астасқан алып қырға.

«Жібек жолын» жалғаған шаhарының,

Ірге, жоны көмілген алау, нұрға.

Құндағы қуат беріп, кие сіңген,

Әл Фараби, Қорқыттай  даналарға.

Ұлы керуен тұз тасып, кіре тартқан,

Дәм құдіретін сездіртіп әлем-шарға.

Тамыр тартқан Ұлы елі Сүлеймен шахтың3,

Арқау болған әфсана-аңыздарға.

Ата қазық, кіндік жұрт, Жанкент4 еді,

Әлемді мойындатқан оғыздарға.

Берекесі тасыған атамекен,

Аярлықтан айналды үйінді, орға.

Қорғанның керегесін нала керіп,

Қарғыс атып, тұлданды бағы сорға.

Қызғаныштың құрбаны Бегім сұлу,

Қуға айналды, қонақтап мәңгі  жырға.

Дұшпан – ашу ақылын адастырып,

Күмәнданды кіршіксіз асыл арға.

Уәзірдің өсегін пайымдамай,

Жала жапты негізсіз ғашық жарға.

Қолын шауып, бұрымын кесті-дағы,

Зындандағы қамады қапас торға.

Патшаның кер кептеген көкірегін,

Келемеждеп кемірді қара қарға.

Аспаннан мес түскенде жылан толы,

Алданғанын түсінді жалақорға.

Наза буды, төгілді абыройы,

Жылан сорып, айналды мұндар-қорға.

2. Санжардың сәтсіз саяты

Арқасында «Сарыарқа», «Қаражал» бар,

«Бетпаққа» тіреледі құба жондар.

Шығыс-төркін ұзатқан Әму-Сырдың,

Қыз ғұмыры қосылған айдыны бар.

Құрсағынан үзілген ұлы «Тетис»5 ,

«Көктеңіз»6 – ол, әлемде айбыны бар.

Тұранның төріндегі бұл шаhардың,

Ту сыртынан жортады азулы аңдар.

Ай толса ажарланып шағылады,

Күн көктеп, жел жалаған қолат-қырлар.

Торғайдың қақпасынан ағылады,

Бағытынан жаңылмай жануарлар.

Құбыласы керілген жазық дала,

«Үстіртті» мекендейді құлжа-арқар.

Жек-дуадақ қатқылда күй ойнайды,

Ғажайып жорға  жүріс зейін тартар.

Маталып ақбөкендер «Ақтақырда»7,

Құралайын ерітіп, өріс жалғар.

Қылқұйрық құлан желсе құмдарында,

Құстарға көлдер – сая, жайлау – шалқар.

Ұшып келіп, көбейіп қайтарында,

Қорқыт-қобыз әуенін әуеге айтар.

Көшіп-қонған ғұндардың ен жайлауын,

Аң аулап, саяттады  сұлтан Санжар.

Жыл он екі ай шеберлер құрал соғып,

Қолданылды өнері скиф-сақтар.

***           

… Күйі келіп, бапталған Қаракермен,

Балдақ8 қонған басына күміс ермен.

Саятқа шықты Санжар көңілі тасып,

Қапталында уәзірлер озбай, желген.

Қызмет етіп, қызыққа қандыратын.

Артынан айдауылдар, нөкер ерген.

Мизамның мезеті еді дала тұнып,

Тіршілікке мейірім, шуақ берген.

Ат тұяғы дүбірлеп келе жатыр,

Бетегелі, жусанды, бозды жермен.

Бағыты батыстағы «Атанбасы»9,

Айналасын құрақ, көл, өзен керген.

Бар еді сұлтанына жақын уәзір,

Атсейісі, құсбегі әрі мерген.

Мүлтіксіз орындайтын саят заңын,

Қыранының жабдығын соған сенген.

Көзі жанып, елеңдеп қарағасын,

Сұрады оның иесі томағасын.

Балдақтан қанат қомдап ұмтылады,

Түбіт түлеп жас қыран жарағасын.

Уәзір:

– О, тәйірі,

Кеше кеште қажетке қайыс тіліп,

Жүргенімде асығыс, шығып-кіріп

Ұмытыппын хан ием, томағаны,

Керегеге қойып ем, баудан іліп.

Ұрықсат бер, тезірек әкелейін,

Артыңыздан жетемін желдей желіп.

Томағаны алуға келгенінде,

Бегім сұлу ажарын көргенінде.

Есі кетіп уәзір талып қалды,

Қолын созып ұстата бергенінде.

Жүрегіне шоқ түсіп, жалындады,

Ерік бермей тулады тамыр-қаны.

Ой бұзылды, ұмытып бар шаруаны,

Кешке дейін кешігіп, шықпай жаны.

Түтігіп, хан ақырды кідіргенге,

Сасқалақтап тұрғасын пақыр-пенде.

Іші сезіп сұмдықты, сұрақ қойды,

– Кешігудің айт қане, сыры неде?

«Мен жазықты емеспін, уа, хан ием,

Суға батып, отта да сізбен күйем.

Ханымыңыз назданып, мойыныма,

Оратылып, деп айтты: «сізді сүйем».

…Әрі қарай тыңдамай, кері шапты,

Уәзірі кигізді қанды қапты.

Ашудан көз көрмеді, құлақ керең,

Қара бақай, денені қанталапты.

Аттан түспей, түтігіп ханымды хан,

Бұрымынан уыстап сүйреп жатты.

Ешнәрсе сұрамады, тілдеспеді,

Есіне да алмады Жаббар хақты.

Бұрым кесіп, қылышпен қолын шапты.

Алып кет деп бұйырды қодар-құлға,

Иегімен көрсетіп зындан жақты.

3. Қарабураның 10 қарғысы

Жүректегі жауhары шағылғандай,

Сүйек сыздап аязға қарылғандай,

Қарабура мазасыз күй кешкен-ді,

Қазығұрттың қырлары жарылғандай.

Сезінді сезім тіні мағунатты11,

Қысқарған күздің таңын атыра алмай.

Бұрымын, ақ білегін Бегімінің,

Яксарт12 шайқап, сүзгілеп жатырғандай.

Елемей арадағы қашықтықты,

Қарабура сол күні жолға шықты.

Өкшелеген бұйра бұлт каhарынан,

Жалба бұлттар жантайып, дауыл ықты.

Софының саф назарын қалт жібермей,

Демеу болды Шашты Әзиз Баба түкті.

Шаhары Санжар ханның көрінгенде,

Ой сараптап, әулие терін үкті.

Хан жатыр көлбеу тіккен ақ шатырда,

Ірге түріп, ағытып белдеулікті.

Мақсаты суыт келген қайынатаның,

Көз жеткізіп, анықтау әділдікті.

***

… Желбегейлі ақ шатыр, босаға алтын,

Ажар кетіп, құт қашқан, суық-салқын.

Азапты оқиғаның кесірінен,

Күдік, үрей жайлаған шаhар халқын.

Қатар тіккен арнаулы қосынында,

Қыран отыр көңілсіз тұғырында.

Төңкерілген томаға көз шалады,

Жаман ырым саяттың ұғымында.

Қыны ілініп кереге қақ басында,

Қылыш сыймай, қабарды дәл қасында.

Кім біледі киеден ісінді ме,

Ақ пен қара аяусыз айқасында.

Көзқарақты, сезімтал әз әкенің,

Мән бар еді зерделеп, қарасында.

Төгілген нақақ қанға алтыны ағып,

Көні көктеп, еріпті қорғасын да.

Сұрақты төте қойды Санжар ханға,

Екшелеп жағдаятты санасында:

«Қарағым, жәй емес-ті келіс мұнда,

Тағдырың таразыда, арың сында.

Бегімімді көзіме көрсет деді,

Жалтарсаң аямаймын, төзім шыңда».

Санжар:

«Ғашық болып үйленген жарым еді,

Балам жоқ, дүниедегі барым еді.

Саят құрып мен аңға кеткенімде,

Хан шатырда бір өзі қалып еді.

Ұмытқан қыранымның томағасын,

Әкелуге уәзірім барып еді.

Тағатымды тауысып кешеуілдеп,

«Бетім жоқ, бойым лас не етемін деп,

Аяғыма оралып еңіреді,

Енді қалай қызмет етемін, – деп».

«Бұйырдым, шыныңды айт деп, бұл не қылық,

Шаңырақ құлады ма, шатыр сынып».

«Жо… жоқ,  хан ием…кешірші», – деп,

Баяндады жағдайды жатып-тұрып:

«Ақ білегі асылып мойыныма,

Дүр-ханым ене берді қойыныма.

Сөз таппай, сасып қалдым қапияда,

Түсінбедім, хан ием, ойыны ма?

Миым солып, құлағым шыңылдады,

Шошығаннан ту денем ауырлады.

Белдеудегі атыма жете алмай,

Қу табаным қақайып қайырлады.

Назбедеу, қашатұғын ниетті ұғып,

Төрт аяғын көсіліп бауырлады.

Кешігудің мәні осы, ендігісі,

Қолыңызбен басымның шабылғаны».

Қарабура:

«Қысқарт, жетер, сенбеймін Санжар саған,

Дәлеліңді айт көз көріп, қол ұстаған.

Өсегіне ермейді жалтабанның,

Ашу қысып, алқынып намысты адам.

Сүреңсіз айналаң мен амалыңнан,

Сезіледі басқаның шалыс қадам».

Санжар:

«Кім едің ордама кеп килігетін,

Зинақор қызыңды ақтап шүйлігетін

Алғысың ба софы әзиз маған айтқан,

Лақтыртпаған ит-құсқа сүйек-етін.

Таспа тілдім, таңбалап сылып жонын,

Бұрым кесіп, ұстандым салттың жолын.

Шаппай қалай шыдаймын әйелімнің,

Тоңмойынға асылған харам қолын».

Қарабура:

«Күнәсіз болса қызым, аян келер,

Көбік шашып, бұйдасыз бурам желер.

Ордалы жылан жайлап шаhарыңды,

Жоқ  етіп орыныңды,  зауал берер.

Қолын, тәнін, бұрымын асылзаттың,

Ғайып-Ерен қамқорлап, Қыдыр өтер».

***

… Софы әзиз жерге келді сырды бүккен,

Құмжиек, қара табан, кебір кепкен.

Бу жылыстап, көз тартты ортадағы,

Айналдыра көмілген «наржіліктен»13.

Шыр айналып құдықтан су тартады,

Жуан санды сары атан шығыр жеккен.

Доңайбатты түсшаруа14 сырт жағынан,

Жиып-теріп қоқысты жүрді еппен.

Төрттағандап қақпадан жылжымайды,

Тілік танау торғауыт15 ерні кепкен.

Зындан деген зұлымы осы шығар,

Жер астына азаптың зәрін төккен.

Төбесінде дөңгелек терезе бар,

Қой терісін ағашқа керіп кепкен.

Әкесінің келгенін сезді Бегім,

Отырғанда қапаста кебенекпен.

Шыңылтыр көн16 шытынап белгі берді,

Ерекше бір сәулемен бойдан  өткен.

Әзиз әке ақыры тапты қызын,

Бұрымы жоқ, қолы жоқ, өңі кеткен.

Сабыры көтерсе де қиянатты,

Қабырғасы қайысты ыза-кектен.

Тәңіріне тапсырды, қорға деді,

Жаратылған перзентін тіні тектен?!

О, тоба,

Ақ тұмандық сөгіліп «Құс жолынан»17,

Ақ пердесі шұбалып қыр соңынан.

Бұрымы мен қолы жоқ аруды орап,

Қырық шілтен көтерді зынданынан.

Аппақ болып айнала Қыдыр өтті,

Қолы келіп орнына, бұрым бітті.

Ақ перделер айналып ақ мамыққа,

Адам емес, Бегімді аққу етті…

4. Бегімнің  әкесімен қоштасуы

Қайғы шектің, қан жұтып, жаным әке,

Анам, Әмбар18 бақида, барым, әке.

Өзен өтіп, от кешкен перзент үшін,

Рухы берік, қатепті нарым, әке.

Таңбалы түр-бейнемді  көрмегейсіз,

Білесіз таза екенін арым, әке.

Кешіргін өтелмеген парызымды,

Бұл фәни енді маған сағым, әке.

Жүрегім, жан-тәніммен құшақтаймын,

Өн бойымда тасып тұр қаның, әке.

Қайыр қош, ахиретте кездесейік,

Ұрықсат бер ұшуға, жаным әке…

***

Қош… қош, қайтейін, жаным балам,

Жарылқасын алдыңнан Жаббар Аллам.

Анаңмен, Әмбарыңмен қауышқайсың,

Арттарыңнан кешікпей мен де барам.

Замана өзгерсе де рухың өлмес,

Қадір тұтар кейпіңді, мынау ғалам.

Кездескенше мақшарда, қош бол, балам …

5. Аққу-пора19, Көктеңіз

Көктеңізге жеткенде жаралы аққу,

Тоғытылып толқындар көтерді ақ ту:

Аппақ ардың белгісі ол – көбік ақ ту!

Тылсым тілмен тілдесіп айдынына,

Аймалатып ақ төсін жылады аққу.

Жылады аққу – Бегім аққу – азалы аққу!

Өртенген өзегіне сабыр тауып,

Қанаттарын қайыра қомдады аққу.

Шалқар теңіз, көк аспан, жерден артық,

Дауа жоғын түсінді қайран аққу.

Қара бұлт қақ жарылып, нұрлы көкте,

Ақырғы рет бой жазып самғады аққу.

Бауыр еті – бала жоқ, жар – опасыз,

Жалғыз өмір сүрмейді, сірә да, аққу!

Күн айналып, түн келді орайласқан,

Ай толғатып, түнерді арайлы аспан.

Зипа тәні ауырлап, мезет туды,

Өмір, өлім алысып жағаласқан.

Кең омырау, созылған мойын қандай,

Соңғы сұңқыл шығарды асыл таңдай.

Қауырсындар тізіліп жайған қанат,

Хас шебердің қолымен қойылғандай.

Қоштасып, ғафу айтты әуесіне,

Ұйып қалды айнала әуезіне.

Астындағы көк суға көзін тігіп,

Дайындалды келместің кемесіне…

…Көктеңіз аласұрып тіл қатқандай,

Құдірет күші итерді зілбатпандай:

«Маған келсең мәңгілік жұтыласың,

Жемтік болып тас жарға тұтыласың,

Артқа қара, ұядай аралым бар,

Ғасырлармен жасайды қалған жасың».

… Жөн сілтеді Көктеңіз буырқанып,

Құрттай арал бусанды, шымырқанып:

«Тіршіліктен таппаған бақытыңды,

Мен беремін дегендей төсін ашып».

Құлдырап Ұялыға асықты аққу,

Көзі шалды нысана қазықты аққу.

Ақ таңы ай сәулемен шағылысып,

Кебенегін самалға тапсырды аққу.

Тәңірімен табысар жерін тауып,

Шүйдесімен, жарықтық, құлады аққу.

Соңғы демін шығарды текті пора,

Жүрегінен сөндірмей намыс-от ту!

Көктеңіздің ұлтаны ығыстырған,

Көк шалаңнан20 кебінді киінді аққу.

Нұр пәктеген денені құм қорғалап,

Жер қойнына ендірді сол бір ақ ту,

Содан бері Бегмана, Бегім аққу!

6. Жыландар жады

Күн тұтылды, сәулесі жарқылдамай,

Қаздар қонды көліне қаңқылдамай.

Алай-дүлей құм-дауыл көтерілді,

Аспан жерді арқалап алқынғандай.

Жыбырлаған жәндіктер інге кіріп,

Бас сауғалап, жан бағып жатырғандай.

Теңселеді ырғайлар, шөптер солып,

Көркі кетіп, құлазып  жақын маңай.

Тұлдыр тақ, бағы ұшқан сарайында,

Санжар отыр түнеріп, қимылдамай.

Басы қатып, сенделді уәзірлер,

Орын алып, шаhарда түрлі жағдай.

***

… Санжар хан уәзірімен  сыртқа шықты,

Дүлей дауыл дамылдап, жел тыныпты.

Тылсым күш айдап келген ала бұлттар,

Көтеріп тұр көлденең көн қапшықты.

Көлеңкесі қимылдап сездіреді,

Бұрын ешкім көрмеген «Тұр»21 ғайыпты.

Қала халқы шошынып бір дыбыстан,

Үрейленіп үйіне тығылыпты.

Көн қапшық местей болды домаланып,

Бұлт сөгілді сауырдан салаланып.

Ой, пір-ай, мұндай іс те болады екен,

Түсіп келед төмендеп, дараланып.

Теңкиіп жерге түскен сұлбасына,

Таңданып қарады жұрт қораланып.

Санжар хан адымдады меске таяп,

Қолында күміс сапты ағаш таяқ.

Пұшпағынан түрткілеп көріп еді,

Атқылады аспанға улы будақ.

Жалын-лебі қуырып қара жерді,

Айналасы тарылды аядай-ақ.

Жылан басы көрінді сұсы жаман,

Бір сұмдықтың белгісі ол, болары хақ.

Жан сауғалап, зәре ұшып қашты бәрі,

Ханы, уәзірі, құлы да тобанаяқ.

Жылан шағып өлтірді қала халқын,

Қара перде жамылды батпай жалқын.

Қыбырлаған адамсыз тұл тамдардың,

Іргелерін қарыған үсік-салқын.

Құлазыды кең дала иесі жоқ,

Түгі солды, қалтырап құрттай зарқын22..

… Арғымақ аттап өтіп апан, орды,

Санжар қашты бағыттап  батпақ, сорды.

Дөңес қырлы «Қылыш тау»23 асу бермей,

Амалсыз жағалады ойды, жарды.

Талай өткен өзені өткел бермей,

Ұғындырды патшаға азап-қорды.

Бәрі де лағнет айтып қасарысты,

Қорладың деп аяусыз аппақ арды.

Өкшелеп екі жылан оратылды,

Елестетіп көзіне зындан торды.

Қарабура қарғысы қапы кетпей,

Шыбын жаны шырқырап, жылан сорды.

Сорғанда да созғылап, теспей сорды.

Топырақ та бұйырмай, батпақ жапты,

Тағдырын нала керген мұндар-қорды.

***

… Жанкенттің сырлары көп ғасыр бүккен,

Сойы бөлек жыланның көктен түскен.

Тін жадысы керемет, түптен сезед,

Айқындайды «олжасын» тербелістен.

Екі міскін бар еді арып-ашқан,

Керуенге ілесіп  Шашқа24 қашқан.

Елесінен қалтырап жыландардың,

Із жасырып, қадамды қорқып басқан.

Біреуі арбакеш те нан тасыған,

Екіншісі лашықта көрік басқан.

Есекке арба жегіп ала таңнан,

Арбакеш келе жатыр арбада нан.

Атылды ата жылан көре сала,

Базарға кіреберіс дарбазадан.

Қылғындырмай, у шашпай аттап кетті,

Байлап алған басына ақ шалмадан.

Нан төңкеріп қоятын төбесіне,

Мүбадасы таусылмай тоба-жаннан.

Ата жылан мәрт екен, ғайып болды,

Қайта айналып көрінбей ол арадан.

Аман қалды әйтеуір, наны сақтап,

Бүкір болып бүгіліп омыртқадан.

Әлгі ғайып оқ жылан оқтау жұтқан,

Көрінді енді қақшиып лашықтан.

Көрікші көрігінде қыздырылған,

Күміс тілім бұйымын алып жатқан.

Атылған айыр тілді сұр жыланды,

Жойқын күші жолатпай  кері қаққан.

Ұшып барып көріктің жиегінде,

Иірленіп құйрығы сұлқ қатқан.

Іздеген соңғы адамын өлтіре алмай,

Жаны шықты басына құйған ақтан.

Осы қауіп боларын сезген ұста,

Кеудесінен тастамай, дұға таққан.

Себеп болып қорғады зергер жанды,

Жан сауғалап Жанкенттен

қашып шыққан.

Ал, көрікте мирасы бабалардың,

Құт, береке, кие бар әлмисақтан…

7. Мәңгі мекен – Ұялы25

Су шайқап, самал үрлеп оятатын,

Ұялыда ерекше  таң ататын.

Қоқиқаз, тырна, аққу, ақ шағала,

Ұшып-қонып айдында таранатын.

Көктеңіздің жүрегі – Ұялы арал,

Ғарыштан да хабарды ала алатын.

Кептелген бекіре мен қаяздардың,

Қыр арқасы сәулеге шағылатын.

Сол аралға кезекті кие қонды,

Адалдыққа тәу етіп, табынатын.

Мәңгі мекен тербетіп, аялады,

Қарабура Әзімдің дегдар затын.

Әз әкенің салдырған кесенесі,

Шолпан туса жарқырап қырланатын.

«Жеті жұлдыз» – қарақшы мәңгі серік,

Төбесінде Бегімнің түн қататын.

«Сегіз қырын»26 қуалап үркер көшсе,

Темірқазық тапжылмай тұра алатын.

Ғасырлардың керуені сыр-сандықтан,

Сыр тарқатқан ұлықтап Бегім атын.

Дауа іздеген жанына мұқтаж жандар,

Басына түнегенде ем  қонатын.

Заманалар белгісі бұл күндері,

Санатта тұр ескерткіш қорғалатын.

P. S. Поэмада ойдан шығарылған жер-су атаулары жоқ. Бәрі атымен аталып, түсімен түстеліп баяндалған.

Түсініктеме:

1. «Хорасан» – Орта шығыстағы бір­неше елдің аумағы шектесетін тарихи облыс.

2. «Селжүктер» – түркі-оғыз тайпала­рының бір тармағы.

3. «Сүлеймен шах» – Сүлеймен ибн Кұтұлмыш, Осман империясының негізін қалаушы, Ертұғырылдың әкесі.

4. «Жанкент» – Қазалы қаласынан 15 шақырым, Сыр өзенінің сол жағалауындағы оғыздар астанасы болған қорғанды шаhар.

5. «Тетис» – мезозой дәуірінде Каспий, Арал теңіздерінің үстін басып жатқан ұлы мұхит.

6. «Көктеңіз» – Арал теңізінің ескі атауларының бірі.

7. «Ақтақыр» – Арал теңізінің арқа жағындағы ұзындығы 12 шақырым тақ­тайдай тегіс тақыр. Қазір «Жанту» тақыры деп аталады.

8. «Балдақ» – бүркітпен аңға, саятқа шық­қанда ерге қондыратын ашалы тіреу. Ағаштан немесе таутекенің мүйізінен жасалады.

9. «Атанбасы» – Торғай өзені маңын­дағы қыратты жер (Атанбас ақирек).

10.     «Қарабура» – қасиетті әулие, сопылық ілімнің негізін салушылардың бірі (Ақтан софы).

11. «Мағунат» – адамдардың құлағына сыбырлап, оқиғадан хабардар ететін әруақ түрі.

12. «Яксарт» – Сырдария өзенінің ескі атауларының бірі.

13. «Наржілік» – жер астындағы ны­санға ауа бару үшін екі жағын тесіп түтік үшін қолданған нардың жілігі. Ол әдіс көмген астыққа да қолданылған.

14. «Түсшаруа» – сезімнен ада, тек көр­сеткенді ғана істейтін шаруаны осылай атаған. Заманауи тілмен айтқанда робот.

15. «Торғауыт» – күндізгі қарауыл, танауы тілік болса басыбайлы құл деп танылады.

16. «Шыңылтыр көн» – терезеге әйнек орнына пайдалануға иін қандырып, ағашқа керіп кептірген жұқа тері.

17. «Құс жолы» – ақшыл жолақ, тұмандықтардан тұтасқан жұлдыздар шоғыры, спиральды галактика.

18. «Әмбар» – Әмбар бибі, Қарабура әулиенің қызы, Сүлеймен Бақырғанидың зайыбы, Айша бибінің анасы.

19. «Пора» – асыл.

20. «Шалаң» – теңіз түбінен жағаға ығысып, кеуіп кеткен балдырлар.

21. «Тұр» – Тұр тауы, адамдарды тәубесіне келтіріп, ауада қалқыған Синай түбегіндегі тау (Муса пайғамбар тауы).

22. «Зарқын» – қатқыл жерде өсетін кішкентай сары өсімдік, арнебия (лат. Arnebia)

23. «Қылыш тауы» – Солтүстік Арал маңындағы қыратты тау жұрнағы.

24. «Шаш» – Ташкент қаласының ескі атауы.

25. «Ұялы» – Арал теңізіндегі Сұлу бұғазының солтүстігінде орналасқан арал.

26. «Сегіз қыр» – кесене салынғанда сегіз қырлы болған.

Даража Балапан,

заңгер, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, 

Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<