ДӘУІРМЕН ҮНДЕС ДРАМАТУРГИЯ

461

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында  белгілі  драматург – жазушы, аудармашы, сыншы, қоғам  қайраткері, Сыр перзенті Қ.Мұхамеджановтың 90 жылдығына  арналған «Сөз зергері, сын мергені»  атты   шығармашылық  портрет  кеші  ұйымдастырылды.

 Кештің  мақсаты  қазақ  әдебиеті  мен  театрының  тарихында  драматургия  жанрының  профессионалдық  тұрғыдан  қалыптасып  өсуіне, толысып  кемелденуіне, сөйтіп  әлемдік  сахна  кеңістігінен  орын  алуына өлшеусіз  үлес  қосқан белгілі драматург  Қ.Мұхамеджановтың  талант биігіндегі тұлғасын қарапайым қалың оқырманға таныту.

 Қ.Мұхамеджановтың  әр кезеңнің тарихи шындығын тап басып, қоғамдық мүддені биік деңгейде көтере білген көркем туындылары – қазіргі  қазақ  драматургиясы  мен театрындағы  бірегей құбылыстар  санатынан  орын  алатыны сөзсіз. Мұның  өзі  оның  қазақтың  сахна  өнерінің, мәдениетінің  төріндегі  айтулы  орнын  айқын  көрсетеді.  

 Портрет кешінде жазушының  сан-салалы  шығармашылығына терең бойлап,   қоғамдық-әлеуметтік  тақырыптарға  жазған  мақалалары  мен  сыни  пікірлеріне, шынайы  көзқарасы  мен  азаматтық  позициясына  шолу  жасалды. Студенттер  драматург-жазушының  пьесаларынан  қойылымдар  көрсетті.

Мәдени  шараға  Қорқыт Ата  атындағы  Қызылорда мемлекеттік  университеттің профессоры, Қ.Мұхемеджанов кітапханасының ғылыми кеңесшісі Қ.Құдайбергенов, ардагер журналист Қ.Мырзахметов,  Қ.Мұхамеджановтың   туысқан  інісі  С.Мұхамеджанов  қатысып, шығармашылық иесінің сан-салалы өмір жолынан қызықты естеліктер айтты.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенттері Қ.Мұхамеджановтың драмаларынан үзінділер қойса, М.Мәметова  атындағы    Қызылорда педагогикалық  жоғары  колледжінің, көпсалалы  «Ұлағат»  колледжінің  студенттері, «Жауһазын-ғұмыр» клубының  мүшелері осынау тағылымы мол тамаша кештен әдемі әсер алғанын айтады.

                                                                                                       Ғазиза ӘБІЛДА,

                                                                                                       «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<