Эгей жағалауынан жеткен сәлем

380

0

Тағдырдың жазуымен Қа­зақстан көптеген ұлт­тар­дың Отанына айналды. Солардың бірі – көне Эллада елінің өкілдері.  Гректердің Қазақстанға келу тарихы – Сталин репрессиясы кезінде күштеп жер аударылуға тап болған басқа да көптеген халықтың тарихы тәрізді қасіретті. Қызылорда облысына  1949 жылы Грузия республикасы құрамындағы Абхазия АССР-нан жер аударылған гректерді қоныс­тандырды. Сол уақыттары оларға орналасқан елді мекен­дерінен шығуға рұқсат етілмеді.

Біздің кейіпкеріміз Женя Наврозиди 1949 жылы Қазақстанға жер ауда­рыл­ғанда 13 жас­та болатын. Тереңөзекке қо­ныстанған бірнеше отбасы жергілікті халықтың қамқорлығын көріп, олармен етене жақсы араласып кетті. Ал Женяның өзі  болса бойжеткен шағында қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. Алты баланың анасы атанады. Өкінішке орай, сүйіп қосылған  жары дүниеден ерте өтті. Кеңшарда күріштікте еңбек етіп келген Женя мұнан соң жас қалған балаларын аяққа тұрғызу үшін облыс орталығына қоныс аудару туралы шешімге келді. Ол Қызылорда қаласына көшіп келгеннен кейін күріш зауытында, онан кейін қалалық прокуратурада тазалықшы болып жұмыс істейді.

Өткен ғасырдың 80-жыл­­дарының соңында елімізде экономикалық ахуал қиындап кеткені белгілі. Сол кезеңдері ол тарихи отаны – Грекияға қоныс аударды. Міне, сол уақыттан бері Грекияның Катерини қаласында тұрып жатыр. Бұл – Эгей теңізі жағалауында орналасқан та­биғаты көркем, турис­тер үшін өте тартымды қала. Женя жеңгеміздің қыздары Гуля, София, Роза бүгінде жергілікті халықтың келіні болып үлгірген. Олардан немере, шөбере көріп отырған жайы бар.

Қазір 84 жасты ал­қым­даған қария бізбен әңгімесінде Қызыл­ор­да­ны сағына­тынын айтты.

– Мен қазақтың келі­німін ғой. Қазақтарды жақсы көремін. Көптеген халықтың өкілдері бастарына қиын-қыстау күн туып, тағдыр тәлкегіне түскенде құшағын ашып, бауырына басқан қазақтардың кеңпейілдігі мен мейірбандығын көрді. Олардың барлығы да қазақ­тарды жақсы көреді, жақ­сылықтарын ұмытпайды, ұрпақтарына айтып отырады.

Бұл жаққа көшіп келге­німізге отыз жыл­дай болға­нымен, әлі күнге дейін қаза­қылық­тан ажыраған емес­пін. Қа­зақ тілін ана тілімнен артық білемін. Іше­тінім – қоюлатып сүт қатқан шай. Шайды тек кесемен ішемін. Бауырсақ пісіріп, ет асып жеп тұрамыз. Оны бұрын өзім атқара беретін едім, енді балалардың міндетінде. Наурызда ар­найы мерекелік дас­тархан жаямыз. Одан осы жақта қатысатын жандарға ауыз тигіземіз, – деді қария қыздары арқылы әлеуметтік желі көмегімен болған байланыста. Сонымен қатар ол Қызылорда қаласында «Шұғыла» шағын ауданында көпқабатты үйде тұрған кезін еске түсірді.

– Көптеген ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүрдік. Тарихи Ота­нымызға көш түзе­генде көршілердің барлығы да көздеріне жас алып, қимастықпен шығарып салып, ақ жол тілеп батасын берді, – деп жылылықпен еске ал­ған қария қызыл­орда­лықтарға, ­барша қазақ жұртына ізгі тілек­терін арнады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<