Елдің бағы – тәрбие мен білімде

756

0

Қазақстан Респуб­лика­сының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақа­ласында Қазақ­станның дамуы және қалыптасу кезеңі түгел қамтылып, ел басынан өткен тарих пен келешек туралы баяндалған.Биыл қастерлі Тәуел­сіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мем­лекетінің, ата-баба­ларымыз аңсаған азат­­­­тықтың тұғыры ны­­ғая түскенін айқын­да­йтын маңызды белес. «Отыз жылда біз қан­дай жетіс­тіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар бәрімізді толған­дырары анық. Бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды кезең екенін ұмытпағанымыз жөн. 

Тәуелсіздіктің алғашқы онжыл­ды­ғын­да Қазақстанның іргетасын қалап, көршімізбен шекарамызды айқын­дадық. Әрбір азаматтың игілігіне қызмет ететін өз Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипло­матиялық қатынас орнатып, еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіліп, ядролық қарудан бас тартып, елордамыз жаңа Астанаға  көшірілді.

Екінші онжылдықта «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік. Әртүрлі жобаларға қатыса отырып, «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік. Толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбас­шылығының халқымыздың дана­лығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағы жарасқан отандас­тарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында екені бәрімізге мәлім. Келер ұрпаққа Қазақ­станды тұғыры мығым, экономикасы қуат­ты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуді ұмытпадық.

ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Еліміз бола­шақта көркейіп өрке­ниетті елдер қатарына қосылатыны бүгінгі ұрпақ бейнесінен кө­рінеді. Халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Міржақып Дулатов «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда, теңдікке жетсек те, жұрт­­тығымызды сақ­тасақ та, дүниедегі сы­ба­ғалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні–қараң, келешегі–тұман» деп ғылым, білім, оқудың маңызын қара халыққа көрсеткен.Талантты ұл-қыздарымыздан дарын иелері шығып, биік белестерді бағындыруда. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де жеткілікті. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деп Абай атамыз айтқандай, озық ойлы, білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосып келеді.

Ел Президентінің  жер мәселе­сіне орай айтылған пікірінің де құндылығы жоғары. Ата-бабамыздан қалған жерімізді ешкімге сатпау, шекара туралы ойы  салмақты.

Қазақстанда ел болашағы – жас ұрпақтың әлемдік стандартқа сай білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – мемлекеттің даму саясатының басым бағыттарының бірі. Болашақта білімді де қабілетті жастардың ел үшін аянбай еңбектеніп, Қазақстанның даңқын асыратынына, мәртебесін асқақтататынына сенемін. Әр қазақ елін, жерін сақтап қалуға, оны қастерлеуге міндетті. Қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтап,  тұғырлы болғай!

Гүлшаһар ӘЙШІМОВА,

№266 мектеп-лицей директорының орынбасары.

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<