Ясауи мен Абай мектебі: дәстүр жалғастығы

6034

0

Ұлылық пен ізгілік – егіз ұғым. Істеген ісімен де, түйінді сөзімен де ұлтына ұйтқы бола білген ғұламалар қазақ даласында аз болмаған. Орта ғасырларда өмір сүрген Жүсіп Баласағұнның «Құдадғу білік» жұртты ізгілікке қарай жетелейтін терең ойлы, көркем сырлы нақыл сөзге тұнған даналық кітабы болатын.

Баласағұнның ойлары әл Фарабидің «Бақытты қала тұрғындары» атты трактатымен үндес жатыр. Бұл аз десеңіз, ісімен де, сөзімен де күллі түркі жұртын ізгілікке тәрбиелеген, ұлттың ұстазына айналған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың да ұлтты жаңа деңгейге көтеру жолындағы атқарған қызметі орасан зор болды. Ислам дінінің ұлылығы мен тазалығын, оның кереметтерін көрсету жолында оған тең келетін адам болмады. Алланы сүю, шынайы мұсылман болу дегеніміз не? Намаз оқу, ораза тұту, зекет беру секілді мұсылмандық шарттардан өзге өз бойыңдағы асыл қасиеттерді дамыту үшін ішкі сырыңа үңілудің маңызды тұстарын халыққа жан-жақты түсіндіруге ұмтылды. Сол үшін сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) өмірі мен істеген амалдарын өзіне үлгі етіп алады. Қарапайым да мейірімді болу, азға қанағат тұтып, жоққа сабырлы да төзімді болу, Алланың нығметін сезіну, махаббатпен жаратылған бұл әлемге орынсыз қиянат жасамау, ізгі де парасатты ойды дамыта отырып кемелдікке қарай ұмтылу секілді тыл­сымға толы дүниенің құпия кіл­тін ашу жолында бар өмірін сарп етті. Қожа Ахмет Ясауидің осындай парасат-пайымына тәнті болған жұрт оны басына көтерді, оның әрбір хик­меттерін жатқа соқты. Қо­лына домбыра алып өнер жолына түскен әрбір жыршы мен ақын Ясауи хик­метінен өнеге алды. Бұл дәстүр әсіресе, Сыр мен Әмудария бойында отырған халықтардың табиғатына терең енді. Жыршылық дәстүрде терме, өсиет, толғау секілді жанрлардың дамуына да хикметтердің әсері болғандығы белгілі. Ясауия тариқаты әсіресе Ал­тын Орда мемлекеті дәуірінде күшейді де кейін бәсеңдей бастады.

ХІХ ғасырдан бастап орыс мәде­ниеті арқылы батыстық мәдениеттің ықпалы күшейді. Көптеген құндылық­тарымыз ескіріп қалды, бұрынғы бас­қару жүйесі, дуалы ауыз қариялардың өсиет сөздері мен берген тәрбиесі орыс билігі үшін қажетсіз дүниеге айналды. Өркениеттер ара­сындағы қақтығыста жаңа заманға бейімделе алмаған көптеген ұлт құрдымға кетіп жатты. Бұл үрдіс өкінішке қарай әлі де жалғасып келеді. Осы сәтте қазақтың бағына Абай дүниеге келді. Абай ХІХ ғасырда қазақ дала­сына бақ боп қонған, Шығыста жар­қырай туған шолпан жұлдыз еді. Кемел ойдың иесі, Шығыс пен Батыс әдебиетін қатар игерген, «шығысым батыс боп кетті» деп екі жақты әдебиеттің дәстүрін қазақ әдебиетіне алып кеп жырлаған, оны қорыта отырып халқына терең ғибратты өлең үлгілерін қалдырған, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы ақын шығармалары әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Абай – қанша зерттесең де, таусылмас қазына, терең зерттеген сайын әр қырынан ашыла беретін жұмбақ бір әлем. Ақын өз халқын жүрегімен жақсы көрді, кемшілігін ашып айтты, кейіп отырып айтты, болашақ ұрпағына өнегелі сөзді ғиб­рат алсын, ойлансын деп айтты, таза­лық пен адалдықты, мәрттік пен пат­риоттықтың үлгісін жырлады, тура жолдың даңғылын өсиеттеп көр­сетіп кетті. Сондықтан да Абайды халық­тың адастырмас шамшырағы, алтын қазығына айналды деуге болады.

Абай кезінде ұлы Қожа Ахмет Ясауи салып кеткен жолды қайта жаңғыртушы болды. Бұл екі тұлға өз дәуірінің озық ойлы ірі реформаторы болатын. Жаңа дәуірдің, жаңа ке­зеңнің өз артықшылықтарын терең түсінген ғұламалар халықты про­грес­сивті ойлауға, біліммен қару­лан­ға үндеді. Абай өлеңдері мен Ясауи хикметтері бір-бірімен үндес, ма­ғыналас келіп отырады. «Сонымен Абайдың «мен бір жұмбақ адаммын» дегеніндей, тылсым жан екеніне көзіңіз жетеді. Ол – ислам діні жо­лында таза имандылықты уа­ғыздаған хаким. Ал, жалпы түркі әлемі секілді қазақ мұсылмандығының ерек­шелігі де сопылық дүниетаным не­гізінде жатыр. Бірақ Абай тариқат жолына түскен сопы емес, ол сопы­лық дүние­танымдық ойлау жүйесі арқылы өз қоғамын бақытқа жеткізу жолын із­деген, халқына жөн көрсет­кен дана, хаким. Оның шәкірті Шәкә­рім – әрі сопы, әрі осы сопылық дүние­та­нымдық құндылықтар арқылы ой толғаған әулие» дейді ясауитанушы ғалым Д.Кенжетай.

Ұлы ақын Абай шығармаларын оқы­ғанымызда қоғамда орын алып жатқан келеңсіз оқиғаларды көп сын­ға алып отырғандығын аңғарамыз. Абай ел ішіндегі дүние үшін, мал үшін арын сатқан, ұлықтардың алдын­да құрдай жорғалап, мансапқа бола адамгершіліктен аттаған жылпос­тар­дың күні үшін бастық алдында жа­ғымпазданып күн көруді әдетке айналдырған, адал еңбек еткеннен арын сатып жеңіл жолмен мал табуға әуестенген екіжүзділікке салынған жандарды аямай әжуалап отырған. Өкінішке қарай қоғамда кездесетін осындай келеңсіздіктер қай дәуірде де болып тұрған. Абай дәуірі қа­зақтың бұрынғы патриархалды-фео­далдық қоғамы ыдырап, Батыс мә­де­ниетінің негізінде капиталистік қа­тынастардың қазақ сахарасына да ке­ле бастаған кезеңі болатын. Ел ішінен шыққан пысықайлардың ке­леңсіз қы­лықтарына көңілі толмаған ақын олардың істерін мінеп, «көңілі соқыр, қайғысыз отыр, қарыны тойса жатуға» деп ашына отырып айтқан. «Өзінің өмір сүрген шағындағы қа­зақ­тың ұлтсыздануы, азып-тозуы, мінез-құлқының өзгеруі, тіпті бүкіл болмысының адамшылық сипаттан кете бастауы, жұрттың білімнен қа­шықтап, надандыққа ұрынуы – осы­ның бәрі Абайдың тәнін емес, жанын ауыртады. Сондықтан да ол осы ащы шындықты барын барша айтып, ел­ді ширатуға, оятуға, намысына тиіп, қай­раттандыруға тырысып, сыншыл­дыққа, шыншылдыққа толы, өкініші мол өлеңдер жазып, қара сөзбен ойла­нып, күйзелді» деп көрсетеді академик С.Қасқабасов.

Бұрын елді аузына қаратып, ата-баба дәстүрін берік ұстап отыратын ауыл ақсақалдарының қадірі қашып ұсақталғанын қынжыла отырып баян­дайды:

Құтырды көпті қойып аз ғанасы,

Арызшы орыс –

олардың олжаласы.

Бірде оны жарылқап, бірде мұны,

Қуды ұнатты-ау,

Семейдің бұл қаласы.

Мұнда ел тізгінін ұстаған аз ғана топтың өзі азғынданып, орысқа арыз жазудан басқа ісі қалмағандығын ай­тып отыр. Ел ішін әуре-сарсаңға түсі­ретін пысықайлардың берекесіз ісінің пәтуасыз тірліктерін сынға алып отыр. Қоғамдағы осындай келеңсіздіктермен күресе отырып шынайы адалдықты, риясыз таза көңілмен істеген әрбір істің маңыздылығына тоқталады. Шын ниетпен істеген істің берекеті мен сауабының мол болатындығын,  ақ ниетпен жасаған құлшылықтың Жа­­ратушы алдында қабыл болатын­дығын айтады. Бұл жағынан ұлы ақынның ойы Қожа Ахмет Ясауимен сабақтас өрбиді.

Кезінде Қожа Ахмет Ясауи да дү­ние үшін, мал үшін дінін сатқан жал­ған сопылардың қылықтарын аямай сынаған еді:

Сопы болмай не қылсын,

үйде қылар ісі жоқ,

Сопылық дағуа қылады,

жұртқа берер асы жоқ.

Аһ-оһ дейді ол, ал көзінде

жасы жоқ,

Сопынақыш болдың бірақ,

сірә мұсылман болмадың.

Сопы болып нәпсі үшін,

үнемі есікке қарайсың,

Нәзір алып келді ме деп

үнемі кісіге қарайсың,

Алла лағынет мойныңа

әр дем сайын саласың,

Сопынақыш болдың бірақ,

сірә мұсылман болмадың.

Жалпы қандай заман болса да, адам адалдық пен кісілікті жоғары ұстауы керек. Әр нәрсені істегенде ықыласпен істемесе берекесі болмайтындығын, құлшылықта да, жұмыста да шынайы махаббатпен кіріспеген жұмыс өрге баспайтындығын ұқтырады. Нәпсісін тыймай өтірік көлгірсіген пасық мол­далардың надандығына күйінеді. Өзін де, өзгені де алдап шынайы ықы­лас бөлмейтін, осы дүниенің ғана қа­мын ойлайтын сопылардың ке­леңсіз істерін ашық сынай отырып, шы­найы көңіл болмаса, Аллаға жасаған құлшылықтың пайдасыз бола­тынды­ғын, әрекетінің бекер кететін­дігін ай­тады.

Абай да өз өлеңінде Аллаға жаса­ған құлшылығың қабыл болуы үшін алдымен іштегі жаман ойдан арылуға кеңес береді, ондай болмаған жағдайда Хақтың назары түспейтіндігін айтады:

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі.

Наданның көңілін басып тұр,

Қараңғылық пердесі.

Ақылдан бойы қашық тұр,

Ойында бір-ақ шаруасы.

Кітапты молда теріс оқыр,

Дағарадай боп сәлдесі.

Мал құмар көңілі – бек соқыр?

Бүркіттен кем бе жем жесі?

Абай мен Ясауи хикметтері бір-бірімен үндес, екі ұлы ақынның ғиб­раты бір-бірін толықтырып тұрғандай. Екеуі де риясыз құлшылық пен шы­найы адалдықпен, таза еңбекпен тап­қан малдың адамға пайдалы болмағын айтады.

Ясауи 49- хикметінде:

Көкірек көзі ашылса,

барлық перде,

Ашылар, кетер,

қалмас сырда перде.

Жанның көзі таңғалар осы жерде,

Бақылап иман нұрымен көрер

достар, –

дейді.

Екеуі де ақиқатты тану үшін көкірек көзі ашылу керектігін айтқан, яғни Жаратушының хикметін адам жүрекпен, риясыз пейілмен сезу керек, жүрекпен ғашық болу керек, сонда ғана әлемнің сырын ұғасын дегенді байқатады. Дін мен Алла жай ғана түсінікке сыймайды, оның тылсым құпиясы тым тереңде оған тек терең пайыммен ғана жете алатындығы туралы ұлы Абай былай деген:

Мазлұмға жаның ашып,

ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден

тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

Көптің бәрі көп деме, көп те бөлек,

Көп ит жеңіп, көк итті

күнде жемек.

Ғадағәт пен мархамат – көп азығы,

Қайда көрсең, болып бақ

соған көмек.

Әркімнің мақсаты өз керегінде,

Біле алмадым пысығын, зерегін де.

Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,

Хақиқат та, дін-дағы тереңінде.

Абай Алланы жырлағанда сопы­лық әдебиетке жақындайды. Ясауи хик­меттерінің Абайдың ақындық дәс­түріне әсері болғандығы аңғары­лып тұрады. Жалпы Абай өзіне дейінгі қазақ ақындары жырлаған ғашықтық, сопылық әдебиетті назарға ұстайды. Қожа Ахмет Ясауидің 80-хикметі де Абайдың осы өлеңімен үндес, жа­лықпай, талмай халыққа, үмбетке көмек етуге үндейді:

Ей, талиб, жапа шегіп жолға кіргін,

Жапа шекпей жолға кірсең,

опа болмас.

Жапа шекпей, ақыретте жоқ рахат,

Жапа шекпей, көз жасың

нұр бола алмас.

Кімді көрсең құлы болып

қызмет қылғын,

Рахым етіп ғаріптерге

жақсылық қылғын.

Ғалымдар келсе, тұрып

ізет қылғын,

Тексіздерде тозаңдай да

опа болмас.

Ғаріптерге рахым етпек Расул ісі,

Ғаріптерді көрген жерде

ағар жасы.

Ғаріптерге күйер ылғи іші-тысы,

Ғаріптердің дұғасындай

дұға болмас.

Қазақ әдебиетінің дамуына со­пылық әдебиеттің әсері айрықша бол­ды. Әсіресе, Шығыстың ұлы ша­йыр­лары Хафиз, Сағди, Руми, Ни­зами, Науаи секілді сопылық әдебиет өкілдері қазақ даласына да әсер еткен. Жазба әдебиеттің қа­лыптасуының басында Қожа Ах­мет Ясауи тұрған болса, ХІХ ға­сырда Шығыс пен Батыс әдебиетін қатар меңгерген ұлы Абай қазақ жаз­ба әдебиетінің жаңа үлгісін қалып­тастырды. Абай Шығыстың әде­би дәстүрімен қатар Батыстың қалып­тасқан әдеби дәстүрін де терең меңгере отырып, ондағы әдеби үлгілерді еркін қолданды. «Абайдың поэзиядағы ұлы жаңалығы – шын ма­ғынасында Батыс пен Шығыстың шайырлары мен ғұла­малары жасаған қазынаға қол артып, соның нәрі мен мәнін қорытып, жаңа көркемдік син­тез жасауында. Бұл реттен алғанда, Абайға арғы-бергі әлем әдебиетінен теңдес табу қиын».

Абай салған дәстүрдің қарапайым халыққа түсінікті болғаны сонша, оның шәкірттері орыс әдебиетіндегі поэ­малар мен романдарды алып қа­зақша жырлауға көшті. Шәкәрім, Әсет, Әріп, Көкбай ақындар Абай дәстүрін жалғастырушы болды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті бұрын-соңды болмаған биік деңгейге көтерілді. Абайды ұстаз тұтқан Шә­кәрім, Сұлтанмахмұт, Ақмолда, Мағ­жан секілді ұлы ойшылдар мен Әлихан, Жүсіпбек, Ахмет секілді Алашорда қайраткерлері бұл дәстүрді тереңдете түсті. Жаз­ба әдебиетті қа­лыптастыру бағы­тында Абай секілді реформатор ақын Шығыс әдебиетінде бұрын болма­ған, батыстың өлең үлгілерін Қазақ сахарасына алып келіп «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң» секілді алты аяқты өлең үлгілерін жатық тіл­де шебер үйлестіре білді. Бұл дәстүр қазақ даласында Абайға дейін қалып­тас­паған болатын. Абай мектебі тек қана қазақ әдебиетіне орныққан жоқ, сонымен қатар Орта Азия әдебие­ті­нің дамуына тың серпіліс алып кел­гендігін айтуымыз керек. Абай Ба­тыс пен Шығыс мәдениетін тең алып жүрген, екі майданда да өз қол­таңбасын қалдыра білген бірегей тұлға болып қала береді. Таулардың алыстаған сайын асқақтай беретіндігі секілді Абайдың әрбір шығармасын жаңаша көзқараста терең зерттеуді қажет етіп тұратын күрделі тұлға екенін көресіз.

Бақыт Әбжет,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ

Түркология ғылыми-зерттеу институтының жетекші

ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<