Кітаптағы қолтаңба

3239

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында Сыр елінің тумасы, ақындық пен жазушылықты қатар алып жүріп, туындыларын өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдырған Зейнолла Шүкіровке сөз өнері майталмандарының қолтаңба қалдырып, сыйға тартқан кітаптары сақтаулы.

Жылдар бойы музей қорында жатқан ақын-жазушылардың қолтаңбаларымен ұсынылған кітаптар бей-жай қалдырмады. Жазушылардың және Зейнолла атамыздың қолының табы тиген кітаптар көп сырды бүгіп жатқаны анық.


«Айналайын, бауырым Зей­нолла! Мынау ұзақ жылдардың терілген дәні дегенім (қауызы да бар шығар). Оқып көрерсің. Өзің жайында ұлғайтып айтуға келесіге кітапқа кідірте тұрдым. Ғұмыр жолы ұзақ болса, жырдың жолы қысқармас. Өз ағаң Мұзафар. 16.4.75.».
Бұл – қазақ жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың «Қалам қайраты» атты кітабын Зейнолла Шүкіровке сыйларда мұқабаның ішкі бетіне қалдырған жазба мәтіні.


Мұзафар Әлімбаев пен Зейнолла Шүкіров шығармашылықпен бір уақытта айналысқан. Кітапты тек оқуға сыйлап қана қоймай, Зейнолланың өзі туралы шығарма жазғысы келетінін, келесі кітапқа қалдырғанын баса айтады, яғни, Зейнолла Шүкіровтің өмірі мен сөз өнерінде жүрген жолы Мұзафар Әлімбаев үшін жақсы шығармаға арқау боларлық тақырып сана­латынын байқауға болады. Қол­таңбадан ағалық қамқорлық, бауыр­машылық сезіледі.


Ақын Қабдыкәрім Ыдырысов «Жолыққан жолдар» кітабын Зейнолла Шүкіровке сыйға тартқан уақытта мұқабасына:


«Қадірлі достым Зейкенім!


Тылсымдап қазып ой кенін,


Тапқаным осы қайтемін.


Өзіңе деген таусылмас құрмет, игі тілекпен Қабдыкәрім Ыдырысов. Алматы, 18.06.1972. P.S. Редакторым арнауларға қырғидай тиіпті. 130-беттегі өзіңе деген өлеңнің арнауы да, солай құрбан болған. Қ.Ы.» деп жазыпты.
Қабдыкәрім мен Зейнолла құрдас, аралары бір-ақ жас. Қолтаңбадан қазақ әдебиеті қырандарының өмірде достық қарым-қатынаста болғандығын байқауға болады. «Зейкенім» деп жақын тартқан, «шын ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші, қолтаңбаның өзін ұйқасқа құрған. Таңқаларлығы, ағасы Мұзафар Әлімбаев та, досы Қабдыкәрім Ыдырысов та Зейноллаға арнау жазған. Ол – Зейнолланың азамат­тығы мен ақындығына деген құрмет, мықтыны мойындау.


Халық жазушысы, ақын Қуандық Шаңғытбаев 1968 жылы Алматы қаласының «Жазушы» баспасынан шыққан «Аққу әні» атты кітабын Зейнолла Шүкіровке сыйлағанда мұқабаның ішкі бетіне былай деп жазады: «Бауырым, досым Зейноллаға – менен, өзіңнің Қуандығыңнан – біздікінде болған күнді ұмытпауың үшін! Сен үшін! Өлеңің мен өмірің үшін. Алматы. 02.08.70». Қолтаңбаның «бауырым, досым» деп басталуы екі жазушының мызғымас берік байланысын білдіреді. Жазушы сөзінен Зейнолланың Ақтөбе топырағында болып, Қуандық досының Зейнолла Шүкіровті қонақ ретінде күткендігін байқауға болады.


Зейнолла Шүкіровтің тағдыры – аяулы азаматтың, күрескердің тағдыры. Көзі тірісінде көркем шығармалардың бас қаһарманы атан­ған ақынның, та­лайдың тала­бын қолдап, талан­тын ашқан ұстаз аға тағдыры!

Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану
музейінің бөлім меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<