Ілкі өнерге іңкәрлік…

1585

0

Қазақ бейнелеу өнері – көркем кескіндеме, мүсіндеме, графика, сән және қолданбалы өнер салаларын қамтитын ұлттық дүниетанымға негізделген өнер. Бейнелеу өнерінің бұқаралық ең ежелгі түрі – халықтың қолөнері болып табылады.

Пенденің тұла бойына табиғат тартуымен даритын өнер атты ерекшеліктің сан түрлі қыры бар. Соның бірі – сурет өнері. Тылсым сырға толы бұл өнердің құпиясы – бейнеленген кескін-келбеттің дәлдігінде, сондай-ақ аса талғаммен қолданылған бояудың сәтті үйлесімінде болса керек. Сондықтан гобелен бетіне бедерленген көрнекі туындыны көзбен көріп қана қоймай, көкірекпен түйсіне білу қажет. Ондағы идеяны оқып, үйлесімділікті бағалай білу шарт.

Осынау ілкі өнерді жастайынан жанына серік еткен Абылай Сәрсембаев Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылының тумасы. Ауылдағы №42 Қ.Баймағанбетов атын­дағы мектеп-лицейде оқып, орта білім алған ол  1999 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға Бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі маман­дығы бойынша оқуға түседі. Оқу орнын бітірген жас маман  өзі білім алған ауыл мектебінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Өз мамандығына шын берілген жас суретші осы жылдары «Ақмешіт» институтында оқытушы қызметін қоса атқарып, тәжірибесін толықтыра түседі. Бүгінгі таңда Абылай Бөлебайұлы ауыл мектебінде абыройлы қызмет атқарып келеді. Бірінші санатты мұғалім.

– Сурет салуға бала кезімнен құмар болдым. Суретші маман­дығы болмаса, басқа оқуға түспеймін деп тастүйін бе­кін­генім әлі есімде. Сол арманым орындалып, бейнелеу өнері бойынша жоғары білім алдым. Оқу бітіргенім өз алдына, осы мамандықты меңгеремін деп көп іздендім. Ежелгі орыс суретшілерінің жазған картиналарын көшіріп салу арқылы суретшіліктің қыр-сырына қаныға түстім. Атап айтқанда, И.И.Шишкин, А.И.Куйнджи, И.К.Ай­вазовский, И.И.Левитан еңбектерінен тылсымға толы әлемнің таңғажайып сырларын танып білдім. Қазақтың әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеевтің, сондай-ақ, американдық Томас Кингкейд есімді суретшінің еңбектерін үлгі тұтам. Алматыға барған сайын Ә.Қастеев мұражайын сағаттап аралап, көңіліме көп нәрсе түйемін.

Сурет өнері – өмірімнің бір бөлшегі, сол себепті өз ісіме зор жауапкершілікпен қараймын. Соңғы уақытта живопись пен ағаш ою өнерін бірге үйреніп жүрмін. Болашақта екеуін байланыстыра жаңаша туындылар әзірлесем деген ойдамын, – дейді суретші.

Ол 2001-2002 жылдары жоғары оқу орындары арасындағы жас сурет­шілер байқауында үздік өнер көрсеткені үшін облыс әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарын иеленген. Ал 2008 жылы Сырдария аудандық, 2009 жылы облыстық «Нау­рыз шапағаты» фестивалінің лауреаты атанды. Облыстық «Үздік бейнелеу өнері және сызу пәні мұғалімі» байқауында «Шебер шығармашыл мұғалім» номинациясын жеңіп алды.

Бүгінде суретші жігіттің шәкірт­тері де байқауларда бас жүлделерді иеленіп, жеңімпаз атанып жүр. Ұстаздық міндеттің негізгі нәтижесі дегеніміз осы. Расында, оның салған суреттерінен табиғи тазалыққа, әсем­дікке деген құштарлығы айқын аңғарылады. Сол сезімін шеберлікпен  үйлестіре жеткізгеніне тәнті боласыз. Суретші А.Сәрсембаевтың сан түрлі тақырыпқа сай жазылған туындылары аудандық, облыстық көрмелерде көрермен көңілінен шығып жүр. Алдағы уақытта облыс көлемінде жеке көрмесін өткізуді жоспарлап отыр.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<