ҰЛТ ӨНЕРІНІҢ ҰЛЖАНЫ

1059

0

Сонау 1990 жылдың  маусым айы, алдыма үлкен талап қойып, облыс орталығы – Қызылорда қаласына келген болатынмын. Бойымызда құдайдың берген өнері бар, енді атамұра – жыраулық өнерді ел игілігіне жарату үшін жоғары оқу орнына түсуге дәмелі жеткіншектердің бірі едім. Біздің бағымызға орай, сол жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетінен «Халық әні» кафедрасы ашылды. Кафед­ра меңгерушісі болып белгілі жырау Алмас Алматов ағамыз тағайындалғанынан да құлағдар едік. Факультет ғимаратының алды өңкей өнерпаз жастардың қосыла, жекелей ән салып, жыр орындауларынан сырт қараған адам бұл-бұл бақта жүргендей әсерге бөленуші еді. 

Бұл қазақтың төл өнерін төрге оздырып, бұрынғы өткен асылдарымен қауышып мәре-сәре қуаныштарын мәнді етудің жолдары қаралып, елім деген ерлердің жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген шақ болатын. Елдің  батасын алып, талаптың торысына мініп келген өнерпаздар ішінде еріксіз назарыңды аударатын бір жан бар. Ол бір қараған жанның жүрек тұсын солқ еткізер көрік иесі боталаған мөлдір қара көздерінің дөңгелене біткен мойылдай қарашығы ашаң жүзіне айрықша ажар қосатын, болмыс-бітімі бөлек, мақам-сазға да әжептәуір төселіп қалған Ұлжан Байбосынова болатын. Таныса келе жақын жиеншарым болып  шықты. Атақты Тұрмағанбет Ізтілеуұлының шәкірті Әлиакпар Жұматаев «Кетенің  кемең­герлері» деген шығармасында:

«Құтпанбет Кете Салықбай,

Шығады әні шалықтай.

Көлеңкесін көз ілмес,

Судағы жүзген балықтай.

Өлең мен жырдың қоры мол,

Айсызда түскен жарықтай», –  деп  жырына арқау қылған Салықбай жырау осы Ұлжан Мәлікайдарқызының жақын әкелері болады. Ал түп нағашысы туралы мынадай жыр жолдары бар:

«Киікші кете  Сырбайды,

Сүйсініп  әркім тыңдайды.

Термені айтса тер шығып,

Табаны жерге тұрмайды.

Ырғағын әннің мың толғап

Айтшы кім мұндай жырлайды?», – деп әспеттелетін жампоз жырау Жайықбайұлы Сырбай әкеміз де, өз нағашысы Кетенің Ұлтай аталығынан шыққан атақты жырау Әбдірасыл  Жұбатқанов болатын. Бір сөзбен айтқанда, туымы бөлек өнерпаздың жырдың қайнаған ортасынан шыққандығы анық.

Ұлжанның ата-анасы да өнерге жанашыр жандар болатын. Марқұм әкесі Мәл­кай­дар ағамыз адам жанының арашасысы – айтулы дәрігер, жырға жаны құмар, жырау­лықты бағалай алатын құлақ сіңді сейіс тыңдарманның қатарында еді. Анасы Зина апамыз ұрпақ тәрбиесіне ден қойған, баланың санасына қазақылықтың құнарын еге білетін құрметті мұғалім болды. Міне, осындай жандардың отбасында дүние дидарына келген жырау қызымыздың орта жолдан басқа салаға бұрылып кетіп, баба өнерге сатқындық жасауға қақысы да жоқ. Кезінде талай-талай додаларға қатысып, шашасына шаң жұқтырмаған Ұлжан жырау жарты әлемді Сырдың мақпал жырларымен сусындатып қана қоймай, жыраулық өнерді ғылыми айналымға шығарған Сыр табанындағы қыздардың арасындағы алғашқы ғылым кандидаты екенін де мақтанышпен айтуымыз керек. Өнерге жасаған жанкешті еңбегі билік тарапынан ескерусіз қалмай ҚР еңбегі сіңген қайраткері атанды.   

Ұлжанның жырлау мәнері де өзгеге ұқсамайтын шыңыраудан су шығарғандай тереңдігімен ерекшеленеді. Алқалы топқа кіргенде аспай-саспай домбырасын баптап алып, жеңіл термелермен бастап қыза-қыза үлкен толғауларға ойысып, әбден бабына еніп жошына келгенде, арасында айтатын көне әңгімелерімен сабақтастыра отыра салалы дастандарға түсіп халықтың  құмарын  қандырар еді. Тыңдаушысын сілтідей тындыратын қасиетке екінің бірі иелік қыла алмайды. Міне,  осындай қасиетке ие жырау қызымыздың қорында үлкен-үлкен дастандармен қатар Сыр шайырларының мол қоры бар. Талай шәкірттің бағын ашқан Қазақ  ұлттық консерваториясының ұлағатты ұстазы  жас ұрпақтың бойына жырмен қатар ақыл мен биік сананың сәулесін құйып, Елбасы айтқан тарихи сананы жаңғыртуда жемісті еңбек етіп келеді.  Ел десе ет жүрегі езіліп тұратын Ұлжан  Астана, Алматы қалаларында өтетін түрлі байқаулар мен жобаларға қатысатын Сырдың өнерпаз қыз-жігіттеріне ұстаздық көмегін аяған емес. Бұл дін исламды діңгек еткен Сыр сүлейлерінің жырларын жаттап өскен жырауымыздың  адами қасиетінің, пендешіліктен биік имани танымының жоғарылығында. Тамырын тереңнен алатын, өнер атаулының атасындай болған жыраулық өнердің өмір сүріп  жатқан қоғамымызда көтерер жүгі де зіл батпан. Олай деуге негіз де жоқ емес. Көзқарастың ежелгі, қазіргі деген нұсқалары болмайтыны секілді, белгілі бір  мақсатқа байланған қасиеттердің ұрпақ  алдында айшықты міндеттері болады. Тұтастай бір дәуірге тәрбие беретін, жалпақ жұртты ұлағатқа үндейтін жыраулық өнердің де халық алдында һәм келешектің үлесіне қалдырар арқалап жүрген үлкен парызы бар. Ол парыз – ескі сананы жаңғырта отырып атамұра, құнды жәдігерлерді ұлт ұғымына сіңіруге және ұрпақ тәрбиесінің  темірқазығына айналдыруға жұмыстанатын қасиетті парыз.

Ұлжан – 20 жылға жуық Франция, Англия, Германия, Голландия, Бельгия, Италия, Испания, Швейцария, Норвегия, Португалия және АҚШ-та, сондай-ақ Шығыс және Азия елдерінде Сыр бойы жыршылық-жыраулық  дәстүрін  насихаттауға үлкен  үлес қосқан  өнер майталманы. Осы орайда Франция мемлекеті Ұлжанның  өнерін жоғары  бағалап, 2017 жыл­дың  қараша айында 500 жылдық  тарихы бар «Франция  мемлекетінің  әдебиеті мен өнері кавалері» орденімен  марапаттады.

Республикамыздағы жалғыз халық аспаптар музейінің тағы бір қайта  жаңғы­руына өз үлесін қосып жүрген Ұлжан «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  ел ішінде сақталған ұлы өнер саңлақтарының  қолы тиген жәдігерлерінің музейге табысталуына мұрындық бола білді. 

Атақты Ақан сері мен күй атасы Құр­манғазы домбыралары халықпен қайта қауышып, асылдарымыз тұтынған киелі аспаптардың үні музей сахнасында  күмбір­леп қоя берді. Сол сияқты дүниеден озып, бұл күнде аты аңызға айналып бара жатқан тарланбоз өнерпаздар Жәнібек Кәрменов, Көшеней Рүстембеков, Дәнеш Рақышов, Сәдуақас Балмағанбетов, Уәли Бекенов, тағы басқа көптеген атақты өнер тұлғаларының домбыралары музей төрінен орын алды. Бұл – Ұлжанның ұлттық өнерге деген  алғаусыз адал көңілі және өнердің өз баласының қолынан ғана келер үлкен жанашырлық. Мұраға қамқорлық жасау арқылы ұлы өнердің келешек халық санасында қайта жаңғырып қапысыз қатталуына жағдай жасалады. Бұл – өз кезегінде ұлттық идеологияның негізгі бағыты.

Ұлжанның қазақтың әні мен күй және жыр өнерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихаттау мақсатында Алматы телеканалында үздіксіз жүргізіп келе жатқан «Інжу маржан» бағдарламасы бұл күнде халықтың күтіп отырып көретін хабарына айналып отыр. Өнерге жасап отырған осынша игілікті тірлігінен кейін Ұлжан тек орындау­шы ғана емес, ұлттық өнердің насихатшысы және осы өнерді ілгерілетуші  бірден-бір тұлға деп білемін. 

Осы жолда жемісті еңбек етіп келе жатқан Ұлжанға ұлт өнерінің өркендеуі жолында кие­ге толы  жыр мұраның жаһандық сипат алуы үшін жасап жатқан ізгі мақсат, игі армандары орындалып, Алла абыройынан айырмағай деген тілек айтамыз.

 

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

 жырау, ҚР Мәдениет қайраткері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<